«2011 жылдан бері Жаңаөзенде 1 шаршы метр бюджеттік баспана салынбады» – депутат

«2011 жылдан бері Жаңаөзенде 1 шаршы метр бюджеттік баспана салынбады» – депутат

«2011 жылдан бері Жаңаөзенде 1 шаршы метр бюджеттік баспана салынбады» – депутат
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Жаңаөзен қаласындағы өзекті мәселелерді шешуге қатысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады, деп жазды turkystan.kz.
«Қара алтынды» игеру арқылы еліміздің дамуына елеулі үлес қосып отырған бұл шаһар Қазақстан демографиясының қарқынды өсуіне де оң ықпал етіп отыр. Мәселен, 2001 жылы қала тұрғындарының саны 66 мың адам болса, 2022 жылдың басында 163 мыңға жетті. Бірақ халық саны көбейгенімен, өндіріс ошақтары дамымай, тұрғындарды жұмыспен қамту ең өзекті мәселеге айналды. Қазір Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздар саны 8 мың адамнан асқан. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Үкімет тарапынан мұнайшылар қаласын дамытуға арналған кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында қыруар қаржы бөлініп, қаладағы үйлердің сырты жеңіл-желпі әрленіп, әр жерден инженерлік желілер ауыстырылып, көшеде абаттандыру жұмыстары жүргізілді», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, бұл шаралар қордаланып қалған мәселелерді шешпеген. Ал Маңғыстауда «ҚазМұнайГаз» АҚ қарайтын мұнай-газ компанияларына жұмысқа алуға қатысты мораторий және жұмысшыларды 5/50 бағдарламасымен жұмыстан шығару әлеуметтік жағдайды ушықтырып жіберген. Жаңаөзен қаласында 2011 жылдан бері мемлекет есебінен 1 шаршы метр тұрғын үй салынбаған. Керісінше, Үкіметтің саясаты қала халқын басқа өңірлерге көшіру болған. Осы орайда, депутат бұл өңірге қатысты мынадай шешімдерді ұсынды:
  1. Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыз азаматтардың нақты тізімін жасақтау және ол ашық болуы үшін цифрлық платформаға енгізу.
  2. Жақын арада жұмыссыздық мәселесін шешу үшін «Өзенмұнайгазға» қызмет көрсетіп отырған 7-8 сервистік компания айналасынан аутсорсингтік мекемелерді құрып, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды жұмыспен қамту.
  3. Тиісті мамандығы бар жұмыссыз азаматтарды Маңғыстау облысындағы және басқа өңірлердегі компанияларға жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарау.
  4. Жаңаөзенді кешенді дамыту үшін қаланың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспар жобасын әзірлеп, жаңа қала құрылысын Кендірлі бағытына қарай салуды қолға алу.
  5. Жаңаөзен өндірістік аймағында «Арнайы экономикалық аймақ» құрып, кәсіпкерліктің дамуына тың серпіліс беру.
  6. Маңғыстауда ашуға жоспарланып отырған шетелдік жоғары оқу орнының филиалын Жаңаөзен қаласында ашу.
  7. «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның импортын оқшаулау жобасын іске асыру үшін тиісті Ережені наурыз айына дейін бекітіп, сәуір айына дейін жобаға қатысатын жергілікті компанияларды анықтау және олардың жобаларына жан-жақты қолдау көрсету.
  8. Жаңаөзен қаласында қандай да бір кәсіп ашуға ниеттенген азаматтарға, екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржылық институттардан пайыздық мөлшері жеңілдетілген көлемде несие беруді жолға қою.
  9. Бүгінде Өзенмұнайгазға тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жұмысындағы жасанды әкімшілік кедергілердің барлығын жою.
  10. «Өзенмұнайгаз» АҚ жыл сайын қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына 750 млн теңге бөліп келеді. Бұл кәсіпорынның мұнайдан түсетін жылдық пайдасының 0,5%-ы ғана. Қаланың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бөлінетін бұл қаржының көлемін кем дегенде бірнеше есеге дейін ұлғайту қажет.
«Президент тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау өңіріне қатысты құрылған Үкіметтік комиссия жұмысын нәтижелі атқаруы керек. Ең бастысы, халқы жыл сайын өсіп келе жатқан Жаңаөзеннің тағдырына Үкімет бейжай қарамауы тиіс деп есептейміз», - деді Самат Мұсабаев.