«Қасіретті қаңтар»: депутаттардан тікелей араша сұраушылар көбейген

«Қасіретті қаңтар»: депутаттардан тікелей араша сұраушылар көбейген

«Қасіретті қаңтар»: депутаттардан тікелей араша сұраушылар көбейген
ашық дереккөзі
Мәжілістің пленарлық отырысында құқық қорғау қызметін жетілдіру мәселесі қаралды. Сондықтан болар, депутаттар «қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты сауалды қарша боратты. Берік Дүйсенбинов оқиғадан кейін Алматыға барып, ұсталғандардың туыстарымен кездескен, деп хабарлады turkystan.kz.
«Тергеу изоляторында жақында ғана балалар үйінен шыққан, іздеушісі жоқ бірнеше жас бала бар. Олар үшін жазасын ауырлататын жағдай болмаса, мен өз атымнан босатуды талап етемін. Ал қамауда қалатындарға, тергеу барысына араласпай, азаптау мен ұрып-соғудан қорғауды, жарақат алғандарға немесе басқа мұқтаждарға медициналық көмек көрсетуді және адвокаттық қорғауды қамтамасыз етіп, тергеу амалдары кезінде қорғаушылардың міндетті түрде қатысуын талап етеміз», - деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, қамауға алынғандардың туыстарынан олардың істерін әділ қарауды және жазықсыздарды босатуды сұраған 70-тен астам арыз түскен. Жекеге шығып, араша болуды сұраушылар көп екен. Сондықтан депутат арнайы комиссия құрып, өңірлерге жіберу жөніндегі ұсынысын жеткізді. Ал прокуратура әрбір істі жіті бақылаймыз деп отыр.
«Жасын, денсаулығын ескеріп, бұлттарпау шарасы 92 адамға қолданылып, босатылды. Тергеу кезінде 250 шағым түсті. 133 іс қозғалды. Әрбір іс бойынша прокурор тағайындалды. Бірде-бір іс назардан тыс қалмайды», - дейді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев.
Сондай-ақ Мәжілісте құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау, оларға қойылатын талапқа өзгеріс енгізу, зейнет жасы сөз болды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы мәселені де бірлесе қарау қажеттігін ескертті. Ал мәжілісмендер құқық қорғау қызметкерлерінің қазақ тілін білуін міндеттеу қажеттігін де айтты. Халық өз құқығын қорғау үшін заңнамалық түсіндіру жұмысын жетілдіруі маңызды десті. Оны қаңтар оқиғасы дәлелдеді. Тіпті халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінгендер де бар екен. Енді депутаттар ұсыныстардың сөз күйінде қалмауын бақыламақ.