«Халқымыз нақты қадам, ұтымды шешімдер күтіп отыр» – Ерлан Саиров (ВИДЕО)

«Халқымыз нақты қадам, ұтымды шешімдер күтіп отыр» – Ерлан Саиров (ВИДЕО)

«Халқымыз нақты қадам, ұтымды шешімдер күтіп отыр» – Ерлан Саиров (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Nur Otan фракциясы мүшелері атынан Премьер-министр Әлихан Асханұлы Смайыловқа сауал жолдады, деп хабарлады turkystan.kz. Депутат Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі кедейшілік мәселесіне баса назар аударғанын мысал етті. Жиында Президент Үкімет мүшелерін азаматтардың әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында жедел қадам жасауға шақырған.
«Еліміздің тарихында, халқымыздың әлеуметтік жұпыны жағдайы, Мемлекет басшысы деңгейінде бірінші рет көтеріліп отыр. Яғни, Мемлекет басшысы қоғамды, азаматтарды, халықты толғандыратын мәселе бойынша ашық, шынайы әңгімеге шақырып отыр деген сөз! Расында, халқымыздың басым көпшілігінің әлеуметтік жағдайының төмендігі еліміздің тұрақты дамуына негізгі тежегіш болып саналады. Қасым-Жомарт Кемелұлы 11-қаңтарда Парламентте сөйлеген сөзінде де Үкіметке халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берген. Бір ай өтті, Үкімет өз деңгейінде еңбектеніп жатқан болар, бірақ ол жөнінде халқымыз хабарсыз. Үкіметтің іс-әрекеттері адамдарға түсінікті, ашық болуы, қадамдары азаматтармен, сарапшылармен ақылдаса отырып қабылдануы шарт. Алдыңғы Үкіметтің басты проблемасы өздерінің іс-қадамдарының логикасын, бағыт-бағдарын елге, қоғамға түсіндіре алмауында болды. Бұрынғы Үкімет жабық стильде жұмыс істеді. Арты неге соқтырғанын жақсы білеміз», - деді Ерлан Саиров.
Сондай-ақ ол тарихтан сабақ алатын уақыт жеткенін айтты.
«Әлихан Асханұлы өзіңіздің, Үкімет мүшелерінің Мәжіліске, қоғам өкілдерінің қатысуымен, Президент тапсырған - Кедейшілікпен күрес, жұмыссыздық мәселесі; - кіші және орта бизнесті дамыту; - сыртқа заңсыз кеткен капиталды қайтару проблематикасы; - «Самұрық Қазынаны» реформалау, РОП-ты оңтайландыру мәселелері бойынша есеп бергендеріңіз абзал. Халқымыз нақты қадам, ұтымды шешімдер күтіп отыр! Қоғам Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының қалай орындалып жатқандығы, Үкіметтің қандай жоспары бар, тапсырманы орындауда қандай қиындықтар бар екендігі жөнінде ашық, бүкпесіз хабардар болуы қажет», - деді депутат.
Е.Саиров Үкімет мүшелерін депутаттармен бірігіп облыс, аудандарға шығуға шақырды. Сәйкесінше, ел ішіндегі мәселелерді халықпен бірге ақылдасып, шешімдерді азаматтармен бірге қабылдау керектігін айтты.
«Жаңа Қазақстан» философиясы ашық диалогты, шынайы дискуссияны талап етеді! Халықтың мәселесі тыныш кабинет шеңберінде емес, қоғаммен бірлесіп талқыланып, шешілуі тиіс. Аталған мәселені қарастырып, заңда көрсетілген мерзімде жауап беруіңізді өтінеміз», - деді Мәжіліс депутаты.