Елімізде несиенің қандай жағдайда кешірілетіні түсіндірілді

Елімізде несиенің қандай жағдайда кешірілетіні түсіндірілді

Елімізде несиенің қандай жағдайда кешірілетіні түсіндірілді
ашық дереккөзі
Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев Қазақстанда азаматтардың банкроттылығы рәсімінің 3 түрі енгізілетінін хабарлады, деп жазды turkystan.kz.
«Егер тұрақты табыс және қарызды жабуға мүмкіндік болмаса, банкрот жариялау шарасын қолдану ұсынылып отыр. Оның екі түрі болады. Біріншісі – сотсыз банкроттық, екінші – сот арқылы банкроттық жариялау», – деді Марат Сұлтанғазиев ОКҚ-да өткен онлайн брифингте.
Сотсыз банкроттыққа жүгіне алатын адамдардың нақты санаттары анықталды. Олар:
қарызды төлеу мерзімі 5 жылдан асып кеткендер; 100 АЕК-тен (306 300 теңгеден) аспайтын берешекті бір жыл төлемей жүргендер; 1 600 АЕК-тен (4 900 800 теңгеден) аспайтын қарызды 6 ай төлемегендер.
Сотсыз банкроттықты жариялау туралы өтініш электронды үкімет порталы арқылы жіберіледі. Бұдан бөлек, «Е-салық азамат» мобильді қосымшасы арқылы жіберуге мүмкіндік болады.
«Құжат қабылданғаннан кейін мүліктің бар-жоғы, қарызды төлеу мерзімінің 3 санаттың біреуіне сәйкес келуі және тағы басқа мәліметтер тексеріледі», – деп атап өтті вице-министр.
Оның айтуынша, қарыз көлемі 5 миллионнан асатын борышкерлер банкроттықты сот арқылы жариялайды. Мүлік болса, сауда-саттық арқылы сатылып, несиені жабуға жіберіледі. Қалған қарызы кешіріледі. Ал жалғыз баспанасын кепілдікке қойған болса, кредитор оны алып қоя алмайды.
«Осылайша «банкрот» деп жарияланған адамның жалғыз баспанасынан басқа мүлкі мен ақшасы болмаса, қарызы кешіріледі. Бірақ нақты шектеулер болады. Атап айтқанда, заң жобасында 5 жыл бойы несие мен займ алуға тыйым салынып отыр. Бұдан бөлек, 3 жылға елден тыс жерге шығуға рұқсат болмайды. Шет елге тек емделуге, жақын туысын алып баруға және жақын туысын жерлеуге шығуға мүмкіндік беріледі. Жұмыс істеу үшін де рұқсат берілуі мүмкін. Оны әлі де талқылау қажет», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Ал банкроттықтан кейінгі шектеулермен жүргісі келмейтін адамдар қарыздан бірте-бірте құтылу тетігін таңдай алады. Ол «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» деп аталады. Ондайда борышкер сотқа жүгініп, қарызды 5 жылға бөліп төлеуді сұрайды. Бірақ тұрақты табысы болуы шарт. Ал берешегі 5 миллион теңгеден асуы тиіс.
«Қарыз берген және қарыз алған адамның келісімі болуы шарт. Осыдан кейін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары жасалып, сотта бекітіледі», – деді вице-министр.