Оңтүстікте қазақ-өзбек агроиндустриалды аймағын құру ұсынылды

Оңтүстікте қазақ-өзбек агроиндустриалды аймағын құру ұсынылды

Оңтүстікте қазақ-өзбек агроиндустриалды аймағын құру ұсынылды
ашық дереккөзі
Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты арттырып, кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер жасау мақсатында қазақ-өзбек бірлескен бизнес конференциясы өтті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Конференция жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстан мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев пен қос мемлекеттің 70-ке жуық кәсіпкері қатысты. Бизнес кездесуде сөз алған өңір басшысы барша қатысушы қонақтарға алғысын білдіріп, бүгінгі жиын екіжақты қатынастарды дамытуда пайдалы алаң болатынына сенім білдірді.
«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі инвестициялық жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Біздің мемлекетте индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып, ол қазіргі уақытта облыс экономикасының дамуына септігін тигізіп келеді. Дамыған әлем елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, индустриалды аймақтар инвесторларды тартудың негізгі құралы болып табылады. Бүгінде облыстың қалалары мен аудандарында 11 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Өңдеуші өнеркәсіп бағытындағы жобаларды іске асырушы инвесторлар үшін біз аталған аймақтан жер учаскелерін бөліп беруге әзірміз. Сонымен қатар, осында өндірілген өнімді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен ҚХР-ға экспорттауға мүмкіндік бар», -деді әкім. Өз кезегінде, елші Ерік Өтембаев облыс басшысына Оңтүстікте қазақ-өзбек агроиндустриалды аймағын құруды және Ташкент қаласымен ғана емес, Өзбекстанның барлық аймақтарымен де әріптестік байланыс орнатуды ұсынды.
«Екі жақтың климаты ұқсас болып келгендіктен мұнда көкөніс өсіру шаруасын дамытуға болады. Және қос ел арасындағы туризм саласын өркендету мақсатында Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуымыз керек. Бұл бағытта қазіргі таңда тиісті жұмыстар мен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді елші. Бұл ретте, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі «Самарқан - Шымкент - Түркістан» мен «Шардара - Жетісай - Жызақ» бағыттарында жүретін автобустар қатынасының орнатылатынын мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар, мәртебелі мейман Оңтүстіктегі «Химфарм» АҚ өндірісі шығаратын дәрі-дәрмек көршілес өзбек елінде сұранысқа ие екенін айтып, бүгінде дәрі-дәрмек өнімдерін жүйелі түрде сатып алуға ниетті екенін жеткізді.
Қос тарапты кездесу барысында ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев оңтүстіктің кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерімен таныстырды. Сонымен қатар, туризм бағытын дамыту жайын да баяндады. Айта кетейік, 2015 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 1,67 млрд. АҚШ долларына жеткен. Осы сынды кездесулердің нәтижесінде экспорт пен импорттың көлемін арттыру көзделіп отыр. Бүгінде Өзбекстан мемлекетінен көгілдір отын, мақта талшықтары, химиялық өнімдер, тыңайтқыштар мен көкөністер импортталады.