«Халық Банкі» ақмолалық шаруалардың 65,8 мың гектар жерін сатып жіберген

«Халық Банкі» ақмолалық шаруалардың 65,8 мың гектар жерін сатып жіберген

«Халық Банкі» ақмолалық шаруалардың 65,8 мың гектар жерін сатып жіберген
ашық дереккөзі
Ақмола облысының Егіндікөл ауданына қарасты Бауман ауылының тұрғындары өздеріне тиесілі егістік жерінен айрылып қалған. Пысықай 2010 жылы жалған құжаттардың арқасында 65 816,6 гектар жер телімін банкке кепілдікке қойып, ірі несие алған, деп жазды turkystan.kz. Бауман ауылының тұрғындары 2008-2009 жылдары «Бауманское-07» ЖШС-нің құрамына кірген. Өз кезегінде бұл серіктестік «Алиби» агрохолдингінің қатарындағы шаруа қожалықтардың бірі болған. Ал 2019 жылы холдинг банкротқа ұшырайды. Осы кезде мемлекет инвестор ретінде «Бауманское 2030» ЖШС-ін бекітеді. Мәселе осылайша шешілгендей болған. Алайда 2020 жылдың соңында шаруаларды жаңа тосынсый күтіп тұрған еді. Олар өздеріне тиесілі жерден тура 10 жыл бұрын айрылып қалғанын естиді. Яғни, серіктестіктің басшысы 2010 жылы тұрғындардың келісімінсіз, қоғамдық тыңдау өткізбестен жер телімдерін банкке кепілдікке қояды.
«Жерді банкке кепілге қою үшін серіктестік жиналыс өткізуге міндетті екенін білеміз. Анықталғандай, 2010 жылғы 6 қарашада «Бауманское-07» ЖШС-нің жалпы жиналысының жалған хаттамасы жасалып, 14 жерді кепілге беру туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ банк сол жылғы 12 ақпандағы хаттамаға сілтеп отыр. Бірақ ол кезде де ешқандай жиналыс өткен жоқ», - дейді серіктестік директорының міндетін атқарушы Виктор Галицкий.
Ал банк өз кезегінде бұл жер телімдерін жеке сот орындаушысы арқылы «Қоржынкөл-А» ЖШС-ге сатып жіберген. Іс осылайша сотқа да жеткен. Бірақ мұнда тұрғындар жаңа кедергіге тап болған. Кепіл шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беру үшін арызданушы 13 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төлеуі қажет. Қарапайым шаруалардың қалтасы оны көтермейтіні айдан анық. Жер дауына байланысты соттар «Бауманское-07» ЖШС-нің 14 жер телімін қайта ресімдеуге тыйым салды. «Қоржынкөл-А» ЖШС болса, жер телімдерінің құжаттарын әлі күнге дейін толықтай өз атына ауыстырып үлгермеген. Алайда, бұл серіктестік соттың салған тыйымына қарамастан, 2021 жылы 14 сәуірде аталған жер учаскелерін жалға алу шарттарын жасасып, уақытша жер пайдалану құқығына ие болған. Ал бұл – заңға қайшы әрекет. Ендігі сот отырысы 22 ақпанға белгіленген екен. Шағым қанағаттандырылған жағдайда, даулы жер телімдері «Бауманское-07» ЖШС-не қайта қайтарылады.