Мемлекет басшысы: Биыл соттарға 30 млрд-тан астам қаржы бөлінген

Биыл соттарға бөлінетін қаржы шамамен 30 млрд теңгені құраған. Бұл туралы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.

 «Менің жеке тапсырмам бойынша отставкадағы судьяларды материалды түрде қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін тапты. 2014 жылмен салыстырғанда соттарды қаржыландыру 3 млрд теңгеге өсіп, биыл бұл көрсеткіш шамамен 30 млрд теңгені құрады. Сот корпусының тұрғын үй қоры соңғы 3 жылда 20%-ға жаңартылды. Осылай, сот жүйесінде жұмыс істейтін судьялар үшін барлық жағдай жасалуда», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Елбасы сот жүйесінің жұмысын оңтайландыру үшін ақпараттық технологиялар енгізілгендігін атап өтті.

«Бүгінгі таңда бізде әлемнің дамыған мемлекеттеріндей электронды сот ісін жүргізу өндірісі енгізілді. Енді тұрғындар үйден шықпай-ақ, соттың көмегіне жүгіне алады. Осы жылы соттарға электронды түрде 73% азаматтық іс түскен. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл мүмкін емес болатын», – деді Елбасы.

Естеріңізге сала кетейік, елордада республика судьяларының VII съезі өтуде. Маңызды жиынға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен әлемнің 10-нан астам елiнен келген сарапшылар – барлығы 600 делегат қатысып жатыр.
Республика судьяларының съезi 4 жылда бір рет өтеді. Тәуелсіздік жылдары iшiнде алты съезд (алғашқысы 1996 жылы) өтті. Маңызды жиын сот жүйесінің дамуы үшін айрықша стратегиялық мәнге ие. Олардың әрбірінде соттар дамуының қорытындысы шығарылып, өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылданады.

 

 

Back to top button