«Ең сұлу қошқар»: Қазақстанда Азия қошқарлары сынға түседі

«Ең сұлу қошқар»: Қазақстанда Азия қошқарлары сынға түседі

«Ең сұлу қошқар»: Қазақстанда Азия қошқарлары сынға түседі
ашық дереккөзі
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қошқар өсірумен шұғылданатын шаруа қожалығының директоры Қуаныш Мықтыбаевты қабылдады, деп хабарлады turkystan.kz. Бұл жайында асыл тұқымды қойларды зерттеп жүрген Берік Сұлтан фейсбуктегі парақшасында мәлімдеді.
«Гиссар қойының мықтылығынан біраз жұрт хабардар. Етті бағыттағы тұқым. Бағаларын да білесіздер. 40 мың долларға сатылған қошқарды да көріп таңқалғандар жетерлік. Қырғыз ағайындар осыны АРАШАН деп атап, өздеріне асыл тұқымды жаңа пароданы патенттеді. Ол да осы гиссар тұқымдас. Атын атап, құжаттандырып алды. Біз сүйсіндік», - деп басталады Берік Сұлтанның сүйінші сұраған жаңалығы.
Оның айтуынша, қазақ даласында да осы гиссар тұқымдас қойлар жетерлік.
«Ең биік, салмағы ауыр қошқарлар да біздің далада. Енді осы пародаға ат қойып, айдар тағып, өзімізге патенттеу мәселесі қарастырылып жатыр. Қарастырылғанда да шаруа бел ортасына келіп қалды. Бұл оқиға тарихи оқиға! Қазақ елі үшін аса маңызды жоба! Асыл қой тұқымын шығару, оны құжаттау да оңай шаруа емес екен. Түрлі ғылыми жұмыстары, құжат мәселелері бар. Бұйыртса, наурыз айында елімізде үлкен көрме өткізу жоспарланып жатыр. Ең ауыр қошқар, ең сұлу қошқар, ең биік қошқар аталымы бойынша Азия қошқарлары сынға түседі. Жоспар бойынша сол наурыз айында жаңа асыл тұқымды қой патентінің тұсауын кесу жоспарда бар», - деп жазды ол.
Осы шаруа бойынша Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елдегі танымал шаруа қожалығының директоры, ең қымбат қошқарларды қорасына жинаған Қуаныш Мықтыбаевты қабылдаған. Кездесуде біраз мәселе талқыланып, алдағы уақытта бірлесіп, біраз шаруа атқаруға уағдаласқан.
«Өте қуаныштымын. Бұйыртса, қазақ даласында тағы бір жаңа асыл тұқымды қойдың пародасы тіркеледі. Сол күнді, сол қуанышты бірге көруді жазсын!» - деді Берік Сұлтан.
Оқи отырыңыз: Атырау облысында 50 қой қасқырға жем болды (ВИДЕО).