Сот төрелігін кәсіпқой мамандар жүргізуі тиіс

Сот төрелігін кәсіпқой мамандар жүргізуі тиіс

Сот төрелігін кәсіпқой мамандар жүргізуі тиіс
ашық дереккөзі
Елімізде сот ісінде жүргізіліп жатқан реформалар сот беделіне нұқсан келтірмеуіне, соттарға азаматтардың сөзсіз сенуіне әкелуі керек. Ал сот төрелігін тәжірибелі де кәсіпқой мамандар жүргізу қажет. Бұл туралы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.
 «Ең маңыздысы лайықты сот корпусын құру. Сот төрелігін тәжірибелі де моральдық құндылықтары жоғары кәсіпқой мамандар жүргізу қажет. Сотта кездейсоқ адам болмауы керек. Біз оны жаңа заңға енгізуге тырыстық. Бүгінде сот корпусының мүшелерін тәжірибелі, тыңғылықты дайындықтан өткен мамандармен толығуда. Тағайындалған судьяларлардың орташа жас мөлшері 35 жасты құрайды. Өз ісіне берілген мамандарды іріктеп алу маңызды күйінде қалып отыр. Себебі, адамдар мен кадрлар барлығын шешеді. Жүргізіліп отырған сот реформасының мәні осында», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев маңызды жиында сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар білікті де жас мамандарға кері әсер етпеу қажеттігін Жоғарғы сот кеңесіне мықтап тапсырды. «Сонымен қатар сот жүйесіне болашағы бар, мықты заңгерлердің келуіне жол жабылып қалмауы керек. Жоғарғы сот кеңесі осы басты мәселені назарда ұстауы қажет», - деді Мемлекет басшысы. Естеріңізге сала кетейік, елордада республика судьяларының VII съезі өтуде. Маңызды жиынға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен әлемнің 10-нан астам елiнен келген сарапшылар - барлығы 600 делегат қатысып жатыр. Республика судьяларының съезi 4 жылда бір рет өтеді. Тәуелсіздік жылдары iшiнде алты съезд (алғашқысы 1996 жылы) өтті. Маңызды жиын сот жүйесінің дамуы үшін айрықша стратегиялық мәнге ие. Олардың әрбірінде соттар дамуының қорытындысы шығарылып, өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылданады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев сотқа байланысы мен ақшасы арқылы қысым жасағысы келетiндердi бүкiл Қазақстанға жариялап, көрсетудi ұсынды. Әйтпесе, мұндай жағдайлардың тамырына балта шабу мүмкiн емес.
 Президент әкiмшiлiгiне өткен жылы заңдылықтың сақталуына байланысты азаматтар мен ұйымдардан 10 мыңға жуық шағым түссе, биылғы жылдың он айында олардың саны 7 мыңға жетiп отыр. Бұл орайда, Мемлекет басшысы атап өткендей, бiр жағынан, сот қателiктерiне, екiншi жағынан, кез келген лауазымды тұлғаның сот қызметiне араласуына жол бермеу маңызды.
«Белгiлi бiр лоббистiк топтың мүддесiн қорғау үшiн сотқа қысым жасау мақсатында қоғамдық пiкiрдi пайдаланатын фактiлердiң жолын кесу керек. Ондайлар бар, мұны мен бiлемiн. Оларды жария ету қажет. Байланысы, ақшасы арқылы сотқа ықпал еткісі келетін адамдарды бүкiл Қазақстанға көрсету керек. Әйтпесе, бұл жалғаса бередi», - дедi Н.Назарбаев. Бiрақ бұл сот қауымдастығы қоғамдық сыннан жабық болуы тиiс деген сөз емес. Өйткенi, Елбасының айтуынша, демократиялық қоғам барлық мемлекеттiк институттардың жұмысына баға беруге құқылы. «Сондықтан «Ұлт жоспарында» судьялардың есептелiгiн нығайту мiндетi қойылды. Бұл олардың тәуелсiздiгiне қол сұғу деген сөз емес», - дедi Президент. Айта кетейiк, Астанада республика судьяларының VII съезі өтуде. Маңызды жиынға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен әлемнің 10-нан астам елiнен келген сарапшылар - барлығы 600 делегат қатысып жатыр. Республика судьяларының съезi 4 жылда бір рет өтеді. Тәуелсіздік жылдары iшiнде алты съезд (алғашқысы 1996 жылы) өтті. Маңызды жиын сот жүйесінің дамуы үшін айрықша стратегиялық мәнге ие. Олардың әрбірінде соттар дамуының қорытындысы шығарылып, өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылданады.