Жаңалықтар

Алматы туристік қалалардың үздік бестігіне енді

ашық дереккөзі

Алматы туристік қалалардың үздік бестігіне енді

Алматы ТМД бойынша туристер үшін ең тартымды қалалардың бестігіне кірді. Бұл туралы «БЭЛТА» басылымының деректеріне сүйене отырып «Алматы» арнасы хабарлады.

«БЭЛТА» ТМД-дағы туристік қалалардың үздік ондығын жариялады. Тізім бойынша Минск, Киев және Баку қалалары көш бастап тұр. Ал, Алматы қаласы төртінші, Елордамыз – Астана алтыншы орынды еншілеген. Соңғы жылдары туризм саласындағы бастамалар оң нәтиже беріп келеді. Өткен аптада Алматыдағы Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінде болған қала әкімі Ахметжан Есімов мегаполиске келетін шетелдік туристер санының 2014 жылдың екінші жартысында екі есеге немесе 137 пайызға артқанын айтқан еді. Отандық туризмнің дамуына 10 елдің азаматтарын визасыз қабылдау тәртібінің енгізілгені үлкен сеп болғанын айта кеткен жөн. Соның арқасында Батыс Еуропа, Америка және Азия елдерінен келетін саяхатшылар саны артып келеді. Табиғатты тамашалау мен тынығудан бөлек, бизнесін дөңгелетуге келетіндердің қатары да ұлғайған. «Алматыда туризм өте жақсы дамып келеді. Соңғы бес жылды алатын болсақ, қалаға келген туристер саны 70 пайызға артып отыр. Оған экономиканың дамуы, қаладағы әр түрлі туристік орындардың көбеюі себеп»,– деді Алматы облысы әкімдігінің туризмді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Алшымбаева. Туристердің қызығушылық танытып отырған орындардың қатарында Шымбұлақ, Медеу, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақ, Арбат, Тәуелсіздік алаңы, Көктөбе, М. Әуезов атындағы драма театры енген. Алып шаһарда саяхатшылар үшін ерек орынның бірі – "Ықылас" атындағы музыкалық аспаптар мұражайы. «Бізде дәл осындай музыкалық аспаптар мұражайы жоқ деп толық сеніммен айта аламын. Бұл музей өте қызықты әрі танымды екен. Бұл жерде тек қазақ ұлттық аспаптары ғана емес, сонымен қатар өзге ұлттардың жәдігерлері де аз емес», – дейді ресейлік турист Марина Боева. Шекара қызметкерлері ұсынған 2014 жылдың дерегіне сүйенсек, шаһарға 125 мыңға жуық адам келген. Оның басым бөлігін Ресей елінің азаматтары құрап отыр. Одан кейін Қытай, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея мен АҚШ азаматтары бар.