Қызылордалық хирург 4 жасар қыздың ішінен бір келі шаш алып шықты

Қызылордалық хирург 4 жасар қыздың ішінен бір келі шаш алып шықты

Қызылордалық хирург 4 жасар қыздың ішінен бір келі шаш алып шықты
ашық дереккөзі
Қызылорда облысында «Асқазанның трихобезоары» диагнозы қойылған кішкентай қызға ота жасалды. Хирургтар баланың асқазанынан салмағы 1 келі, ал  ұзындығы 34 сантиметр болатын шашты алып тастады, деп жазды turkystan.kz. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы шұғыл хирургия бөлімінің меңгерушісі Әлімжан Төлегеновтің айтуынша, науқас тәбетінің төмендеуіне, іштің ауруына және жүрегінің айнуына шағымданған.
«Тексеру кезінде біз балақайдың ішінен ісік тәрізді түзілуді анықтадық. Сөйтіп, оған «Асқазанның алып трихобезоары» деген диагноз қойылды. Бірден дереу ота жасау туралы шешім қабылданды», - деді Әлімжан Төлегенов.
Хирург түсіндіргендей, трихобезоар – асқазандағы бөгде зат. Ол құрылымы тығыз бір затқа жабысып қалған шаштардан тұрады. Кішкентай балалардың кез келген затты жұтып қоятыны белгілі. Уақыт өте келе ол асқазанды толтырады. Салдарынан науқас тамақ іше алмай қалады, тәбеті де болмайды.
«Біздің болжамымыз бойынша, бала бір жастан бастап жердегі шаштар мен түрлі қылшықтарды жей бастаған. Операциядан кейін қыздың жағдайы қанағаттанарлық. Ол кем дегенде тағы 10 күн дәрігерлердің күтімінде болады», - деді хирург.