Сендіре білетін жазушы
Сендіре білетін жазушы
Сөз өнері қонған адам – Алланың құзырында болған адам. Хақ Тағала сөз өнерін өзінің сүйген құлына ғана дарытады. Пенде жүректегі ниетімен, санадаға сәулесімен, тілдегі сөзімен Жаратушымен жалғасады. Әр сөздің атауын айқындаған Алла пиғылыңа қарай сөз кептерін көмейіңе ұялатып, кезегімен ұшырады. Қанатты сөз, санатты сөздің керуенін көкке самғатады, құнарлы жерге қондырады. Ұтқыр сөзді ұртында, тапқыр сөзді таңдайында, ал көсем сөзді көмейінде сақтай білген Темірғали Көпбай осы қасиетімен әдебиеттің проза жанрына да атын байлап, түрен салып жүрген қаламгер. Ақын болудың да, жазушы болудың да азабы бірдей. Сананы солқылдатқан сөздің дерті өршімесе, тыншымайды. «Ойымда прозалық дүниелер жазу да бар еді. Кейде өлеңге сыймайтын дүниелер де болады. Сондықтан бұл жанрға ішкі дайындығыммен келдім», – деп Темірғалидың өзі айтқандай, оның бұл саладағы шығармалары да салмақты дүниелер.
«Айтарыңның түйінінде не жылатарың, не жұбатарың, не күлдірерің, не күрсінтерің болмаса, сөз шығындап шашылма» деген қағиданы ұстанған қаламгердің қаламынан туған «Аквариумдағы махаббат» және «Қойшының түсі» атты әңгімелері өзге әңгімелерден өзгеше тақырыпты қозғайды. Әйтпесе, аквариумдағы балықтардың арасындағы махаббатты балықтың тілін білген адам ғана жаза алса керек. Темірғали да, оның ақ періштедей кішкентай қызы Айша да балықтардың тілін біледі екен. Айша аквариумдағы балықтардың әрбірімен жеке-жеке сөйлеседі. Оның айтқанын балықтар түсінеді. Қызы солай деген соң Темірғали да балықтардың өмірін бақылауға көшеді. Аквариумдағы үш балыққа Альфа, Бета және Гамма деп ат қояды. Сондай-ақ олардың әрқайсысына мінездеме береді. Мысалы, Альфа құлпырып өскен сұлу бойжеткен болса, Бета – содыр мінезді қызғаншақ еркек. Ал Гамманың әлгілерден тегі бөлек. Сымбатты келген сері жігіт. Міне, осынау үш балықтың арасындағы махаббат майданын Темірғали қалай суреттеген десеңізші. Шынайы өмірдегі оқиға секілді сендіреді. Бұл –жазушының шеберлігі. Нағыз суреткердің қолынан шыққан қарапайым нәрсенің өзі ұмытылмайтын, ескірмейтін іштей бір тұтастыққа ие болып тұр.
Раушан шоғырынан бір тал гүлді үзіп алғанда оның тікенектерінен сақтанып, қашатынымыз сияқты, бұл әңгімеден де оқырман пайдалысын ғана қажетіне жаратпақ, ал залалдысынан сақтанбақ. Яғни, күміс балық Гамманың алтын балық Альфа сұлудың сеніміне кіріп, сезімін оятып, өзіне ғашық етіп, артынан сатқындық жасауы әлгі раушан шоғырының тікенегі сияқты зиянды еді. Өйткені Гамма аквариумға кейін салынған Комета есімді күміс балыққа көңілі ауып, Альфаның «көзіне шөп салады». Жазушы осы әңгімесі арқылы адамдардың арасында болып жататын қым-қиғаш тағдырлардың тауқыметін алдыңызға жайып салады. Бұл жан-жануарлар да қуанады, шаттанады, олар да ұялады, қызармаса да, қипақтап-сипақтайды дегенді білдірмек. Кішкентай сәбидің көзімен қарасаң, шынымен де осылай екеніне сенгендей боласың. Сенесің.
Темірғалидың ендігі бір ерекше тоқталатын шығармасы – «Кие» повесі. Бұл өзі үш түрлі жанрға арқау болған туынды. Автордың өзі түсіндірме бергендей, бұл шығармада бөрі рухын кие санап, пір тұту дәстүрі есте жоқ көне дәуірлерден бері қазақ халқының арасында да бар екенін айта келіп, бөрі бейнесіндегі өршіл рух туралы поэма жазады. «Кие» деп аталатын киносценарий жазады. Енді кешегі пандемия кезінде оқшауланып, үйінде отырған уақытта сол тақырыпты басқа жағынан қайта қаузап, «Кие» деген повесть жазып шығыпты. Бұл екі жастың арасындағы адал махаббат, оларға қызғаныштан туған дұшпандық, қара күштердің қараулық жасап, күн көрсетпеу ситуацияларына құрылған. Мұнда Желтоқсан көтерілісі де сөз болады. Өйткені басты кейіпкерлер Ерден мен Сағыныш көтеріліске қатысқаны үшін оқудан шығарылып, екеуінің жолы екіге айырылады. Екі жастың арасындағы сүйіспеншілікке сына қаққан Қаратай – бұл екі жастың қас дұшпаны. Осы үшеуінің арасындағы жақсылық пен зұлымдықтың тартысы шығармада үздіксіз жүріп отырады. Түпкі идея – көк бөрінің киесі. Ол Ерденді қандай қауіп-қатерден болсын аман алып шығып отырады.
Темірғалидың «Кие» шығармасы автордың қай жанрға да, қандай тақырыпқа да әмбебап екенін және қамшы салдырмайтынын танытады. Ал оның «Қашқын» повесі – өте ауқымды және тұтас бір дәуірдің жүгін көтеріп тұрған көлемді дүние. Оның басты кейіпкері Қадырқожа бір қарағанда отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын, тіпті оқ та өтпейтін ажалсыз адам сияқты. Оның басынан өтіп жатқан оқиғалар аңызға бергісіз қым-қиғаш ситуациялардан тұрады. Ондағы оқиғалар сонау өткен ғасырдың 20-40-жылдарындағы кәмпеске мен ашаршылық, «халық жауы» деген желеумен ұлтымыздың зиялыларын аяусыз қырып-жойған қасіреттің тірі куәгері Қадырқожаның айналасында өтіп жатады. Кеңестік қызыл биліктің құрығынан қашып, әулетімен Иранға кетеді. Ол жақтағы тұрмыстан, өмірден баз кешіп, шекара жабылатын болған соң түрікмен жеріне қайта өтіп, Ашхабадта тұрақтап қалады. Осы кезде Ұлы Отан соғысы басталып, Қадырқожа майданға алынады. Бірақ кетіп бара жатқан жолында Қадырқожа айнып, әкетіп бара жатқан эшалоннан түсіп қалып, кері қашады. Оның майданға барудан бас тартуының басты себебі мынадай еді. Большевиктер мұның ата-әкелерін байсыңдар деп қудалауға салған болатын. «Әкелерімізді қудалады, ағайынның тоз-тозын шығарды, соның кесірінен бабамыздың сүйегі жат елде қалды. Енді мен де өзімнің жас өмірімді сол қандықол большевиктер үшін құрбан қылмақпын ба?» деп ойланады. Ашхабадқа қайтып оралып, сол маңдағы таудан өзіне пана табады. Өзі сияқты соғыстан қашқандарды маңайына жинап, үлкен топ құрады. Осылайша, үш жылға жуық уақыт бой тасалаумен күн кешеді. Ал соғыстың төртінші жылында Кеңес әскерлерінің жеңісі айқын екеніне көзі жеткен қашқын Қадырқожа тағы да большевиктердің қолына түсіп қалармын деп қауіптеніп, Иранға өтпек болады. Бірақ шекарада қолға түсіп қалады. Сот мұны алғашқыда өлім жазасына кеседі. Алланың құдіретімен өлім жазасы өзгертіліп, 25 жылға сотталады. Сөйтіп, атақты Карлагтан бір-ақ шығады. Мұнда да өліммен бірнеше рет бетпе-бет келеді. Ақыры ретін тауып, ол арадан да қашады. Бірақ бостандықта көп жүре алмайды. Торғай даласында қайта қолға түсіп қалады.Ұзақ жылдарын түрмеде өткізеді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, басына қаншама рет ажал төнсе де, өзінің бойындағы тектілігін, ақыл-есін жоғалтпаған басты кейіпкер қайта әбден ширығып, бойын тік ұстауға үйренген болатын. Бүкіл елді өзінің темір уысында ұстаған Сталин өлгеннен соң Қадырқожа да ақталып, түрмеден шығады. Отбасын құрып, бақытты қарттық шаққа жетіп, қайтыс болады.
Жарты әлемді шарлап, жердің кіндігін іздеген Асан шалдай Қадырқожа да көңілі жайланатын, тамыры байланатын елді көп іздеді. Қайда барса да, кімдермен сыйласса да сұңғыла ойына, сұңғақ бойына сұңқар мінезі сай болды. Сөзінің күші жетпеген жерде жұдырық та жұмсаған кезі бар. Сөзін кесіп айтатын шешен, түйіп айтатын көсем кісі болды. Жамандардың арасында жүріп, жақсылықтың сәулесін көре білді. Жамандықты жасқай алатын амалдың тәсілін өз бойындағы өнегесімен өре білді. Жауын, яғни қарсыласын жеңу үшін оның жанды жерін дәл тауып, жанына жағатын сөзбен сендірудің, көндірудің тәсілін де таба білді. Темірғалидың осы «Қашқын» повесіндегі басты кейіпкер Қадырқожа биліктің құрығынан қашып-пысып жүрсе де сабырмен алды-артын ойлап, әрекет ететін адам. Сөзден қазына жиған адам. Оның әрбір ойлы сөзінің екпіні отырғанды орнынан тұрғызып, орнынан тұрғанды тура жүргізетіндей құдіреті бар еді.
Иә, қазақтың қара сөзі – Ұлы даланың даналық дара ғылымы. Бұл ғылымды жазушы Темірғали да жақсы меңгерген. Оның таланты – осында. Өйткені таланттың тапқырлығы, ең әуелі тауып айтқан сөзінің мәнінде. Мәнді сөзді, шешендік сөзді кейіпкерінің аузына салып отыр. Сондықтан оның кейіпкері де кімге не үшін, қай жерде, қалай айтудың мәнін айыра біледі. Бұл – жазушының шеберлігі, ойының тереңдігі. Қысқасы, «Қашқын» – терең ойдың тұңғиығына бойлап, талмай талпынудан туған ізденістің жемісі.
Ал «Сабан ақша» деген әңгімесі тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдарында болған оқиғаға құрылған. Одақ тарап кеткенімен, ортақ айналымда әлі де Ресей рублі жүріп тұрған-ды. Бірақ оның да дәурені өтіп, құнсызданып, «сабан ақшаға» айналған кезі. Нарықтық қатынастар енді-енді басталғанда Алма Исаханқызы деген келіншек өзінше бизнес бастамақ болады. Жеке фирма ашқан соң өзіне лайықты әрі бизнестен хабары бар коммерциялық директор іздейді. Іздегенге сұраған деп Сергей Платонов деген «мұнтаздай киінген, ақ жейдесіне қан қызыл галстук таққан, ұзын бойлы, аспан көзді, келісті жігіт» келіп, бірден өзінің коммерциялық ұсынысын білдіреді. «Мен Ресеймен қатынас орнатамын. Германиямен, Қытаймен алыс-беріс жасаймын... Ірі мегажобаларды қолға аламын. Осылайша, сіздің компанияңызды тез арада көкке көтеріп беремін» деп сұлу келіншектің алдында сергек сөйлеп, сеніміне кіреді.
Шынында да, Платонов осы заманның нағыз Остап Бендері екен. «Бір нәрсенің мүйізі көрінсе, құлағымен қосып жұлып алатын таптырмас комбинатор. Ол бір жапырақ өлі қағаздан адамның басы айналатындай ақша жасайды. Осылайша, Алма екеуі де аяқастынан байып, шаш етектен қарық болады». Платоновтың тапқырлығының арқасында түсіне де кірмеген миллиондарды оңды-солды шашып жүріп, көңілі тұманданып, санасын шел басқан Алма сұлу аз уақыттың ішінде өзгеріп шыға келеді. «Тау етегінен үлкен үй, астына елде жоқ қымбат машина сатып алды. Гауһар мен алтыннан қымбат әшекейлер тағынды. Ақшаны күреп тауып жатқан соң майбас күйеуін менсінбейтін болды. Бұрыннан араласып жүрген құрбылары мен достарына шекеден қарайтын болған соң олар да мұның мастана бастағанын сезіп, іргелерін аулақ салуға көшті». Алайда Алманың шаттығы ұзаққа созылмады. Жегені желім, ішкені ірің болуға айналды.
Платоновтың банктен миллиондап сабан ақша алған чегі жалған екені анықталып, банк қызметкерінің шағымымен Алма тергеуге алынады. Қауіпсіздік комитетінің сұсты тергеушісі, капитан Телегин дегеннің жемтігіне айналады. Ең соңында тергеуші Телегиннің қорқытып-үркітуімен арын таптатып, зорланады. Үйінен береке қашып, жаны қорланады... Үмітін оятып, миллиардер боласың деген Платоновы ішкіліктің кесірінен жүрегі тоқтап қалады. Осылайша, «Остап Бендерінен» айырылып қалған Алма сұлу: «Құрып кетсінші жанталас өмір! Ақшасы да құрысын! Мен енді бәрін қоямын. Өзіммен-өзім болып, адамша өмір сүрейінші. Балаларым мен жарымды аялап, туған-туыспен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысайын. Қарапайым ғана күн кешейінші» деп ақылға келгендей болады.
Жазушы осы әңгімесі арқылы сенгіш кісінің көнгіш келетінін, көрінгеннің соңынан ергіш келетінін, тексізге телінген тегінен айырылатынын, сайран күннің ақыры ойран болып, күрсініске ұласатынын және алған сайын араны ашыла түсетін кісінің ақыр түбі сол аранның апанында опат болатынын оқырманының алдына көлденең тартып отыр. Оңай жолмен келген сабан ақша Алма Исаханқызының ақылымен достасты, ақшаның буына мас болған ақылы айлаға көшті. Сөйтіп, абыроймен қоштасты... Мұндағы аурудың басы, әрине сабан ақша еді. Осылайша, Алма сұлудың соры Телегин сияқтылардың арам пиғылының жүзеге асып, жейтін нанына айналды.
Құлаққа жағатын, көңілге қонатын әңгіме оқу мөлдіреп аққан өзенге сүңгіп шыққандай ширататыны бар. Темірғалидың «Сабан ақшасы» да адамды ойландыратын, бойын сергітетін, сананы сілкінтетін шығарма екені даусыз. Біз, әрине оның басқа да әңгімелеріне жеке-жеке тоқталуды мақсат етпедік. Әйтпесе, Темірғалида оқырманының жүрегін тулататын, асау толқындай жанын толқытатын әңгімелері баршылық. Қайсы әңгімесін оқысаңыз да қазақтың қара сөзіне сусаған оқырманның шөлін басар шәрбат сусындай көңіліңе жайлы әсер сыйлайды. Сімірген сайын шөліркете береді. Өйткені ол сөздің сөлін сыға біледі. Әр тамшысының да сырын ұға біледі. Сөздің түбіне сөз ғана жететінін терең түсінеді. Сондықтан арзан сөзге ар-ұжданы жібермейді.
Біз 60-тың несібесін қырқында қамдап қойған Темірғали Көпбайдың бүгін жазушылық қырын ғана баяндадық. Шын мәнінде, ол – сан қырлы талант иесі. Талант та, талантты жетелейтін талап та, абырой мен бақ та бір Алланың құзырында екен. Сондықтан талантты адам ізденімпаз келеді. Ал ондай адамның ісі тоқырамайды. Еңбектене береді. Онда уақыттан басқаның бәрі бар. Ол – ақиық ақын, қарымды журналист, педагог-ғалым, кәсіпқой баспагер. Бұл қасиеттері турасында айтылып та, жазылып та жүр. Отбасында ардақты әке, абыройлы ата, адал жар. Еңбекқор адам. Тәні де, жаны да адал әрекеттен тазарады. Ауыруға да, қартаюға да қолы тимейді. 60-қа келдім деп алқынып отырған жоқ. Тереңірек ойлаған адам үшін 60 дегенің жас та, қарт та, шала да, дана да емес, қадірлі де, қадірсіз де емес, керісінше ең бір сүйкімді де салиқалы кезең екен. 60-та батыр тыныстаса, қаламгер қарыштайды екен. Ендеше Темірғалиға тұлпар-талантың шабысынан жаңылмасын, қаламың мұқалмасын дегіміз келеді.
Есенәлі ЕРАЛЫ, журналист-жазушы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты