Жаңалықтар

Пәкістанның босқын қазақтары ел Президенті мен қазақ халқына үндеу жолдады

ашық дереккөзі

Пәкістанның босқын қазақтары ел Президенті мен қазақ халқына үндеу жолдады

Ата-бабалары Ауғанстаннан Пәкістанға босып келген этникалық қазақтардың ұрпақтары еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктен қаза тапқан отандастарымыздың жақындарына қайғырып көңіл айтты. Мемлекет басшысы мен ел халқына Карачи қаласындағы 40 отбасы үндеу жариялады. Үндеуде өз тағдырларын айтып, елдегі бей­берекетсіздікке бейжай қарай алмай­тын­да­рын, қазақстандықтардың әлемдегі ең ба­қытты халықтардың бірі екенін де атап өт­кен. Бұдан бөлек, тарихи Отандарының дамуы үшін халықты ел Президентімен бірге болуға шақырады. «Біздің көпшілігіміз Карачиде жарық дү­ниенің есігін аштық. Ата-бабаларымыз Ау­ғанс­танға Кеңес әскері кірген кезде, тағ­дыр­­дың тәлкегіне түсіп осында босып келген. Бұл үн­деуді жолдаудағы басты мақ­сат – сүйікті Қа­зақстанымызда болған жап­пай тәртіпсіз­дік­терге бейжай қарай алма­дық», – дейді. «Жүрегіміз де, көзіміз де әсем Алматы мен бір­қатар өңірдің ойрандалғанына қатты қын­жылды. Біз Пәкістанда өмір сүріп, атаме­ке­німіз Қазақстанның табиғаты мен көрікті жер­лері үшін мақтанамыз! Қазақстандықтар әлем­дегі ең бақытты халықтардың бірі екенін ұмыт­паса екен. Өйткені Алла Тағала атажұр­ты­мызға көптеген қазба байлықты нәсіп ет­кен», – делінген үндеуде. Олар әрбір сәт сайын тарихи Ота­ны­мыз­дағы жағдайларға алаңдаумен болғанын жет­кізеді. Одан бөлек, атамекеніміз де енді мұн­дай қантөгістер болмасын дейді. Осы үн­деумен қандастарымыз қаза тапқан аза­мат­тары­мыз­дың жақындарына, олардың ар­тында қалған жетім-жесір отбасыларына көңіл айтты. Ел халқын сабырға шақырып, бірлік пен ынтымақта болуларын да атап өтті. «Бақытты елде өмір сүріп жатқаныңыздың қадірін біліңіздер. Сіздер босқындар өмірінің қаншалықты ауыр әрі тағдырының қиын еке­нін білмеуіңіз мүмкін. Босқын болып жүру­дің қаншалықты қиын екенін білгі­леріңіз келсе, біздердің жағдайымызды сұра­саңыздар болады», – деді олар. Пәкістандағы барша ағайын ата­жұр­ты­мыздың әлі де дамып, басқа елдерден озық болуы үшін Алладан жәрдем тілейтінін жет­кі­зіп жатыр. «Қазақстанның гүлденуі үшін қазақ хал­қын ел Президентімен бірге болуға шақыра­мыз», – деп отандастарына Карачиден ыстық сәлем­дерін жолдады.

Қадірәлі САРЫПБЕК