Тарихи деректерге неге мән бермейміз?

Тарихи деректерге неге мән бермейміз?

Тарихи деректерге неге мән бермейміз?
ашық дереккөзі
Содан соң үнсіз қалғаным жарамас деп ше­шім қабылдадым. Сонымен, 2010 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан шыққан «Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы» кітабының 236-бетінен үзінді келтірейін: «Доспанова Хиуаз Қайыр­лы­қызы (15.05.1922 ж.т., Орал қ. 2008, Алма­ты) – әскери ұшқыш, Халық Қаһарманы, қо­ғам қайраткері. 1940 ж. Мәскеу медицина­лық институтына оқуға түскен. Атақты орыс ұшқышы М.Раскова (1912 - 43) басқарған 46-гвардиялық полкіне, 1942 ж. көктемде Е.Бергиадскаяның полкіне қабылданады...» деп дерек келтірген. Ал керек болса, атал­мыш еңбекте Хиуаз апамыздың алақандай өмірбаянынан біраз қате таптым. Біріншіден, Хиуаз Қайырлықызы емес, Хиуаз Қайырқызы. Екіншіден, Хиуаз Доспанова Орал қаласында дүниеге келмеген. Ол Орал қаласында соғыс­қа дейін мектепте оқыған. 2010 жылы Алма­ты қаласындағы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Қазақстандық Кеңес Одағының Ба­тырлары» атты энциклопедиялық жинақтың 80-бетінде: «Доспанова Хиуаз Қайырқызы (15.5.1922, Атырау обл, Құрманғазы ауд, Ганюшкино с. 21.5.2008 ж. Алматы қ.)» деп мәлімет келтірген болса, 2004 жылғы 15 жел­тоқсанда «Егемен Қазақстан» газетіне шық­қан Мейрамбек Төлепбергеннің «Қазақтың қаһарман қызы» атты мақаласында «Халқым сыйлайтын, ұрпағымды ұялтпайтын өмір жолынан өтіп келемін» деп ойлаймын, топырағым Атырау облысының Теңіз ауданы ғой. Кейін мектепті Орал қаласында бітірдім»,– дейді Хиуаз Доспанова. Бұл жерде Хиуаз Доспанованың өз сөзіне сенуіміз керек. Сонымен қатар РФ Қорғаныс министр­лігі­нің Орталық архивіндегі №1267519437 жазбада Доспанова Хиуаз туралы мәліметті орыс тіліндегі нұсқасын жаза кетейін. Архив құжаты былайша сыр шертеді. Назар ау­дарайық: «Доспанова Хыйуаз (құжатта со­лай). Год рождения: 1922. Гв. Ст.лейтенант. в РККА с 1941 года. Место рождения: Казахская ССР, Гурьевская обл., Денгизский р-н, с. Ганюш­кино».Үшіншіден, Хиуаз Доспа­нова­ның атақты орыс ұшқышы «М.Раскова бас­қар­ған 46-гвардиялық полкіне, 1942 жылы көк­темде Е.Бергиадскаяның полкіне қабыл­данды» деп жазылған жеріне нақты тоқталып өтейін. Хиуаз Доспанова әуелгіде 1941 жылы әскерге шақырылғанда 46 гвардиялық полкте емес, 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиаполкте қыз­мет етеді. Оған дәлеліміз Ресей Федера­циясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен [Қор:33. Тізбе:682526. Сақтау бірлігі: 67. Жазба № 11689911] алынған мына құжат. Оқып көрелік. Доспанова Хиуаз 1922 жылы туған. Әскери шені: сержант. 1941 жыл­дан жұмысшы-шаруа Қызыл Армия қатарын­да. Әскерге шақырылған жері: Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық әскери комиссариаты. Қызмет орны: Закав­казия майданы, 218 түнгі бомбалаушы авиа­дивизия, 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиа­полк. Ерліктің мерзімі: 19.09.1942, 20.09.1942, 25.09.1942-27.09.1942, 10.10.1942, 18.10.1942, 01.11.1942, 06.11.1942. Закавказия майданындағы 218 түнгі бом­балаушы авиадивизияның 1942 жылғы 26 желтоқсандағы № 3/Н Майдан бұйрығымен сержант Хыйуаз Доспанова «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Бұл құжатта Хыйуаз Доспанованың лауазымды қызметін құжат негізінде орыс тіліндегі нұсқасын жазып отырмын: Назар аударайық: «стрелок-бомбардир 588 ночного легко-бомбар­дировоч­ного авиационного полка» деп жазған. 1942 жылы 20 желтоқсанда 218 түнгі бом­балаушы авиадивизия командирі, авиа­ция генерал-майоры Попов пен 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиаполк командирі, майор Бершанская қолдарын қойып, Хыйуаз Доспанованы «Қызыл Жұлдыз» орденіне марапатқа лайық деп таныған. Төртіншіден, Хиуаз Қайырқызын 1942 жылы көктемде Е.Бергиадскаяның полкіне қабылданды деп жазғаны да қате дерек. Жо­ғарыда ұшқыш жерлесімізді «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынғанда 588 түнгі жеңіл бомба­лау­шы авиаполк командирі, майор Бершанс­кая құжатқа қол қойғанын жазған едім. Полк командирі Бергиадская емес, Бершанская екенінде ешқандай дау тумауы қажет. «Батыс Қазақстан облысы энцик­ло­педиясы» кітабын шығарған шығарма­шы­лық топтың еңбегін еш етуден аулақпын. Ондай ойым да жоқ. Тек менің жаныма бататыны тарихи деректердің қате жазылатыны. Мұн­дайда нақты саралап, зерттеп барып жазу қа­жет деп ойлаймын. Негізінен тарихшылар архив құжаттарына және тарихи тұлғаның өз сөзіне басымдық береді. Сондықтан осын­дай кітап шығарарда ой елегінен өткізіп, жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс болар. Шы­нымен де, солай болуы керек. Басқалай алып-қосарым жоқ. Сіз не айтасыз, патша көңіл оқырман қауым?

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ, Батыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі