Өзін жазушымын деп санайтын адамның ұлт болашағына қабырғасы қайыспай тұрмайды
Өзін жазушымын деп санайтын адамның ұлт болашағына қабырғасы қайыспай тұрмайды
Рафис Корбанов – белгілі татар қаламгері. 2012-2016 жылдары Татарстан Жазушылар одағының төрағасы болған. Татар балалар әдебиетіне зор еңбек сіңірген қаламгер, татар елінде үздік балалар қаламгеріне берілетін Абдулла Алиш атындағы сыйлықтың лауреаты. Біз қаламгерге хабарласып, бүгінгі татар әдебиеті туралы әңгімелескен едік.
Рафис Харисұлы, біз татар әдебиетінің түркі халықтары арасында орны бар мықты әдебиет екенін білеміз. Қазақ халқы татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқайдың шығармаларымен, ХХ ғасырдағы үлкен жазушы Ғалымжан Ибрагимовтың прозасымен, талантты ақын Хади Тахташтың жырларымен, Екінші дүниежүзілік соғыс қаһарманы Мұса Жәлелдің шығармаларымен жақсы таныс. Дегенмен кеңестік кезде өсіп-өркендеген татар әдебиетін толық білеміз деп айта алмаймыз. Сондықтан сізден бір ғасыр ішіндегі татар әдебиеті жайында шолу жасауыңызды өтінгелі отырмыз...
– Ең алдымен, туысқан елдің әдебиеті туралы қазақ оқырмандарына әңгімелеп беруге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Түбі бір халықтардың бір-бірінің әдебиеті мен мәдениеті жайында біліп отырғаны жақсы. Бұл тұрғыдан келгенде түркі халықтары жайлы жиі жазатын халықаралық Túrkistan газетінің ұстанымын қолдаймын. Түгел түркі жұрты бір-бірін рухани тұрғыда қолдап-қуаттап отырса, ол – қуанышты жағдай.
– Татар әдебиетінің өзге түркі халықтары әдебиетінен қандай ерекшелігі бар деп ойлайсыз?
– Шынымды айтсам, татар әдебиеті мен өзге түркітілдес халықтар әдебиеті арасында соншалықты үлкен айырмашылық көрмеймін. Әр халықтың қаламгерлері өз халқына қызмет етуге ұмтылады. Әр қаламгердің мақсаты – өз халқының өмірін, тарихын, өткені мен бүгінін көркемсөз құдіретімен объективті түрде көрсету. Әдебиеттің басты миссиясының өзі де сонда. Ал егер татар әдебиетін бөлек алып қарасақ, оның міндеті – түрлі жағдайларға байланысты әлемнің әртүрлі континенттерінде ғұмыр кешіп жатқан татар ұлтының өкілдерін атажұртында тұратын отандастарымен біріктіруге, олардың өркениетті әлемде лайық орнын иеленуге көмектесу.
Тарихи тұрғыдан қарасақ, татар халқы түркітілдес тайпалардың біразынан бұрын өз мемлекеттілігі мен өз әдебиетіне ие болған халық дер едім. Татар әдебиетінің мыңжылдық тарихы бар. 1552 жылы Мәскеу князьдігі Қазан хандығын жаулап алғаннан кейін де татар халқы өз мәдениеті мен әдебиетін сақтап қалды. Ресейде алғашқылардың бірі болып Қазан қаласында университет ашылып, онда орыс және шетел ғалымдарымен бірге татар ағартушылары өз ғылымын құрды. ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында түркітілдес халықтар арасында татар мәдениеті мен әдебиеті алдыңғы қатарда тұрды.
Бір кезде түркі өркениеті дамуына зор пайдасын тигізген Қазан қаласында татарлардың ғана емес, оның ішінде қазақ жазушылары мен ақындары бар, көптеген халықтың да кітабы жарық көрді. Ақмолла Мұхамедияров (Муфтахетдин Камалетдинұлы Мұхамедияров. 1831-1895), Шайхзада Бабич (Шайхзада Мұхамедзәкірұлы Бабич. 1895-1919), Ғалымжан Ибрагимов (Ғалымжан Ғирфанұлы Ибрагимов. 1887-1938) секілді қазір башқұрт, әрі қазақ аталып жүрген татар жазушылары қазақ даласын аралап, ауылдарда балаларды сауаттандырумен айналысқан. Сондықтан қазақ әдебиетінің, бергі жазба әдебиетінің негізін салушы Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтан кейінгі, ХХ ғасырдың бас кезінде көптеген қазақ қаламгеріне татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқайдың (1886-1913) игі әсері болды деп айтуға болады.
Сол сияқты, өзге де түркітілдес халықтардың татардың ұлы ақынына деген құрметі жоғары деп білемін.
– Тәуелсіздіктен кейінгі татар әдебиетінің жағдайы қандай?
– Кеңес Одағының ыдырауымен бұрынғы одақтық мәртебесі бар республикалар тәуелсіздік алды. Татарлар, айтқандай мұрындық алды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылуымен Татарстан ТАССР аббревиатурасын өзгертіп, тек Татарстан Республикасы болып қалды, бірақ Қазақстан сияқты тәуелсіздік алған жоқ. 2009 жылы Ресейде ұлттық тілдер туралы заң қабылданғаннан кейін мектептерде ұлттық республикаларда ана тілін оқыту факультативтік сипатқа ие болды. Ұлттық мектептер жабылды. Татар тілі – Татарстанда ғана мемлекеттік тіл. 1 миллион 200 мың татар тұратын Башқұртстанда (бұл башқұрттардан жарты миллионға артық деген сөз) татар тілінің мемлекеттік мәртебесі жоқ.
Өткен жылға дейін Татарстанда республика басшысы президент деп аталса, биылдан бастап бұл қызмет те жойылады, сөйтіп бұдан былай Татарстан президенті Ресей Федерациясының жеке субъектісінің басшысы саналады. Мектепте, мектепке дейінгі мекемелерде татар тілі оқытылмай жатқанда әдебиеттің жағдайы қандай болуы мүмкін? Демек, өсіп келе жатқан жас ұрпақ әдебиет классиктерінің ғана емес, қазіргі жазушылардың да шығармаларын оқымай өсетін болады. Соған қарамастан, республикада жазушыларға деген құрмет сақталып отыр. Татарстан Жазушылар одағы өз мәртебесін сақтап қалды, басқа республикалар мен облыстардағыдай бірнеше ұйымға ыдырай қоймады. Зейнеткерлік жастағы жазушылар ай сайын субсидия алады, сонымен қатар халық жазушылары 10 мың рубль сыйақы алады. Жазушылар өз кітаптарын мемлекеттік кітап баспасынан шығарып, қаламақы алуға мүмкіндік алды. Татар кітап баспасынан шыққан кітаптардың 85 пайызы Ұлттық кітапханаға беріледі. Қалғаны баспаның кітап дүкендерінде сатылып жатыр. Баспа жыл сайын 1 000-3000 мың данамен 200-ге жуық кітап шығарады.
Жазушыларға үкімет тарапынан Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің, Татарстан Республикасының құрылуының мерейтойларына арналған түрлі әдеби байқаулар, ауыл шаруашылығына, мұнайшыларға, медицина қызметкерлеріне, Сабантой, басқа да татар ұлттық мерекелеріне орай гранттар беріледі.
– Татар әдебиетінің басқа тілдерге аударылуы, танылуы туралы не айта аласыз?
– Кеңес Одағы тараған соң түрлі ұлт жазушыларының да қарым-қатынасы үзілді. Тек санаулы кездесулер қалды. Әдебиет пен өнер күндері тоқтады. Аударма кітаптардың шығуы да тоқтап қалды. Аудармамен
шұғылданатын баспалар да жұмысын тоқтатты.
Қазақ жазушыларының татар тілінде шыққан соңғы кітаптары өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында жарық көрді. Бірақ Татарстан Жазушылар одағының төрағасы болған соң, халықаралық байланыстарға, өзімнің де, туыс әдебиеттердің де аудармаларына көп көңіл бөлуді жөн көрдім. Әсіресе, Қазақстан Жазушылар одағының сол тұстағы төрағасы Нұрлан Оразалин және оның орынбасары Ғалым Жайлыбаймен бірге жемісті жұмыс істедік деуге болады. Мен өзім аудармашылықпен айналыса бастадым, Нұрлан Оразалиннің, Ғалым Жайлыбайдың, Маралтай Райымбекұлының, Қасымхан Бегмановтың, Баянғали Әлімжановтың, Шәкизада Әбдікәрімовтың шығармаларын аударып, кітаптарын шығардым. Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» кітабын Татарстан Республикасының халық жазушысы Марсель Галиев аударды. Алматыда татар жазушыларының «Татар әңгімелері» атты әңгімелер кітабы қазақ тілінде жарық көрді. Негізінен түркітілдес халықтар тұратын Кабардин-Балқар, Дағыстан, Якут, Әзербайжан, Алтай Жазушылар одағы арасында да өзара қарым-қатынас жанданды. Татар жазушыларының шығармалары түрік тіліне де аударылып, шығарыла бастады. Татар қызына үйленіп, Ресей азаматтығын алып, Қазанға қоныс аударған жас түрік жас жазушысы Фатих Кутлуды Татарстан Жазушылар одағына қабылдадық. Фатихтің арқасында Түркияда он шақты татар авторының кітаптарын, оның ішінде 130 жылдық мерейтойына Ғабдолла Тоқайдың өлеңдер кітабын шығардық.
Айтайын дегенім, қазіргі татар әдебиеті барлық халықтардың жазушыларын қызықтырады және олардың өз тілдеріне аударылуын сұрағанда жанашырлық танытады. Сонымен, татар жазушыларының шығармалары соңғы жылдары Мәскеуде, Алматыда, Нальчикте, Бакуде, Уфада, Якутскіде, сондай-ақ Венгрияда, Түркияда, Англияда, Францияда және басқа да елдердің тілдерінде жарық көрді. Өткен жылы Жазушылар одағында негізінен түркі халықтарының тілдеріне шығармаларды аударумен айналысатын аударма бөлімі құрылды.
– Біз сіздің татар балалар әдебиетінің белгілі өкілі екеніңізден хабарымыз бар. Татар балалар әдебиетінің бүгінгі жағдайы қалай?
– Өзім – алған білімім бойынша журналиспін, Қазан мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітірдім. Еңбек жолым «Татарстан яшларе» (Татарстан жастары) жастар газетінде басталды. Радио комитетінің редакторы, Жазушылар одағының әдеби қорының директоры, қуыршақ театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқардым. Татар кітап баспасының сату-маркетинг бөлімінен қызметкері бола жүріп, кітап шығару ісінің барлық сатысынан кіші редакторлықтан баспаның бас редакторлығына дейін өттім. Өзімнің жеке ісімді ашып, баспа қызметімен айналыстым.
2012 жылы Татарстан Жазушылар одағының төрағасы болып сайландым.
Бүкіл өмірімді балалар әдебиетіне – поэзия мен балаларға арналған драматургияға арнадым деп айта аламын. 50-ден артық кітап шығарған болсам, оның 30-дан астамы балаларға арналған.
Татар балалар әдебиеті ұлы Тоқайдың ертегілерінен бастау алады. Біз Жаливтен шыққан, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік түрменің зынданында қаза тапқан, балаларға тамаша ертегілер қалдырған, Андерсен ертегілерімен бір қатарда тұрған татарлардың ұлы ертегішісі Абдулла Әлішпен мақтанамыз.
Біздің Бари Рахмет, Ахмет Файзи, Зәкия Туфайлова, Шауқат Ғалиев, Хакимзян Халиков, Роберт Миннуллин сияқты шығармашылығын балаларға арнаған ұлы ақындарымыз бар... бірақ бір өкініштісі, бүгінгі жас жазушылар мен ақындардың арасында балаларға арнап жазатындар аз. Ашығын айтсақ, соңғы 20 жылда Татарстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған жастар арасында балалар жазушысы жоқ.
Балалар ақыны Роберт Миннуллиннің Ғабдолла Тоқай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанғанына 30 жыл болды. Болашақта балалар әдебиетіне жас ақындар мен прозаиктердің келетініне сенім жоқ. Қазіргі мектеп оларды жазушы етіп шығармайды. Бұл – жан ауыртатын жағдай. Адам бала кезінен бастап әр жасында жасына сай әдеби шығармалармен танысып өспесе ана тілінің құдіреті бойына қалай сіңеді?
– Қаламгер ретінде қандай армандарыңыз бар?
– Өзін жазушымын деп санайтын кез келген адам, меніңше халқының қасіретіне қабырғасы қайыспай тұрмайды. Ол бәрімізге түсінікті жағдай. Сол сияқты бүгінгі татар қаламгерлері де өз ұлтының болашағы үшін тер төгіп жатыр. Ресей басшылығы Ресейде тұратын барлық халықтың өз білім беру жүйесін жасап, барлық халық ана тілін үйренсе ғана Ресейдің күшті болатынын ақыры түсінетін шығар деп армандаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ