Жаңалықтар

Тұрғын үй және құрылыс нарығы.«Қаңтар оқиғасынан» кейін не өзгерді?

ашық дереккөзі

Тұрғын үй және құрылыс нарығы.«Қаңтар оқиғасынан» кейін не өзгерді?

Үкімет қыруар қаржының қоржынына айналып, олигополия жайлаған, көп мәселесі көлеңкеде қалған құрылыс саласын қатаң бақылауға алып, тұрғын үй саясатын қайта саралауға талпынбақ. Баспана мәселесі – қаңтар оқиғасы кезінде де, одан бұрын да айтылып кел­ген халықтың басты базынасы. Енді бұл бағытта қандай іс атқарылмақ, қан­дай бас­тамалар көтерілді?

Қарқын бәсеңдемеген

Қаңтар оқиғасынан кейін құрылыс саласындағы жұмыстар дереу жанданды, сонымен қатар ең аз зар­дап шеккен де осы құрылыс секторы болды. Жалпы, еліміздің құрылыс секторы дағдарыс сал­дарына төзімді екенін байқауға болады. Ресми деректерге қарасақ, экономикалық дағдарыстар кезінде салада тұрақты өсім байқалған. Мысалы, 1997-1998 жылдардағы Азия нарығының құл­дырауы кезінде құрылыс саласы 1997 жылы 8 пайыз­ға және 1998 жылы 15 пайызға өскен, ал тура осы кезеңдегі елдің ЖІӨ 1997 жылы бар-жоғы 1,7 пайыз­ға өскен және 1998 жылы 1,9 пайызға төмен­деген. Тіпті, 2020 жылы коронавирусқа қар­сы шектеу ша­ра­ларының енгізілуіне бай­ланысты сала­лар­дың жұмысы тоқырап қалған кезде құрылыс 11,6 пайыз­ға өскен, ал ел экономикасының өзі 2,5 пайызға тө­­мен­депті. Жалпы, мұндай оқиғалардан кейін құрылыс сек­торы тез қалпына ке­леді, бұған халық­аралық тәжірибе дәлел. Мы­салы, 2014-2015 жылдардағы Украи­­на­да­ғы саяси дағдарыстан кейін 2016 жылы құры­­­­­­лыс секторы ең жоғары өсімді көрсетті (+15,2 пайыз), ал ел экономикасының өсуі бар болғаны 2,4 пайыз болған. Бұдан әрі 2017 жылы құрылыс секторы 25 пайызға, 2018 жылы 8,4 пайызға өскен. 2010 жылғы сәуір­де Қырғыз Республикасында болған жаппай нара­зылық пен тәртіпсіздіктен кейін 2011 жылы құрылыс сек­торы 2,5 пайызға, 2012 жылы 29,7 пайызға, 2013 жы­лы 16,4 пайызға, 2014 жылы 27,1 пайызға өсіпті.

Өткен жылы елімізде 17 миллионнан астам шаршы метр баспана пайда­лану­ға берілген. Бұл 2020 жылға қарағанда 11,4 пайызға артық. Құрылысқа 2,4 триллион тең­геден астам қаражат жұмсалған. Барлығы 43,5 мыңға жуық тұрғын үй ғимараты тап­сырылды, оның ішінде 1 712 көппәтерлі үй (151 192 пәтер), 41 688 жекеменшік үй және 82 жатақхана. Былтырғы 11 ай қорытындысы бойын­ша елімізде құрылыс материалдары­ның өндірісі 9,2 пайызға өсіп, 820,2 мил­лиард теңгеге жеткен. 2025 жылға дейін Қа­­­зақстанда құрылыс материалдарын өнді­ре­тін 165 жаңа зауыт пен фабрика салу көз­деліп отыр деген мәлімет те бар. Дегенмен бұл сандар құрылыс материалдар баға­сының реттелуі мен сапасының жөнделуіне әсер етіп отырмаған сияқты.

«Күштілердің» қолындағы сала

Құрылыс саласындағы көрсеткіштер мен қарқынға қарамастан, Мәжіліс­тің отырысында Мемлекет басшысы құры­лыс саласын қатаң сынға алды. Президент «құры­лыс олигархтары да жоғары кабинет­терге кіре алатынын пайдаланып, өз жоба­ларын жүзеге асыру үшін артықшылықты-привилегиялы шарттарға қол жеткізетінін», олардың қатарына кімдердің кіретінін аты-жөніне дейін білетінін айтты. Салдары­нан құрылыс саласын олигополия жай­лаған. Сонымен қатар салынған құрылыстың сапасыз екені де қатты сыналады. Президент сынынан кейін бұл саланы ретке келтіру үшін Үкімет ұсыныс­тар мен тетіктер әзірлеуде. Бұған дейін де саладағы көп түйткілді шешу үшін Үкімет сәулет, қала құры­лысы және құрылыс қызметін бақылауды автоматтандыруға, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласын цифрландыруға кіріскен еді. Жауап­ты ведомство жұмыс біртіндеп, жүйелі түрде жүзеге асатынын мәлімдеген. Ұлттық заң­намаға өзгеріс енгізілмек. Нақтырақ айтсақ, құрылыс саласын реттеуге, цифрлық техно­ло­гияларды енгізуге, құрылыс жұмыстары­ның сапасын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабыл­данады. Шаралардың тағы бір бағыты – үш жылдан бері сөз болып келе жатқан еQurylys құры­лыс саласын жүргізу порталы қолда­ныс­қа енгізілмек. Жаңа оператор құрылады. ИИДМ мәліметінше, Министрлер ка­би­неті еQurylys порталының операторы ре­тін­де «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ны бекітті. – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық ба­ғы­нысты ұйымы «ҚазҚСҒЗИ» АҚ құрылыс сала­сындағы мемлекеттік нормативтерді әзір­леу­мен, өзектілендірумен және цифрлан­дырумен айналысатынын ескеріп, «Қаз­ҚСҒЗИ» АҚ-на портал операторы өкілеттігін беру мақұл­данды. Осыған байланысты Үкіметтің 2012 жылғы 30 шілдедегі №992 қаулысына толық­тыру енгізіліп, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ қызметінің негізгі мәні ретінде аталған пор­талды жүргізу функциясы айқындалады, – деп түсініктеме берді министрлік. Осы тетік арқылы елдегі барлық құры­лыс «бір терезе» қағидаты бойынша ұйым­дас­тыруға кірісуі керек. – Қағидаларда құрылыс саласын реттеу мақ­сатында «бір терезе» қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыруға арналған порталды құру көзделген. Оның шартты атауы – еQurylys. Бүгінде ИИДМ инвестормен бірлесіп, өтеусіз, тегін негізде ол порталды әзірледі. Алайда бұл портал тиімді жұмыс істеуі және құрылыс саласын жетілдіру үшін қол­даныстағы нормативтік-техникалық құ­жаттарды жетілдіру және уақытылы өзге­ріс енгізу талап етіледі. Бұдан басқа, портал­ды өрістету жұмыстары дереу қолға алынуы ке­рек. Оны басқа жүйелермен интеграциялау және порталды пайдаланушыларды техни­калық қолдау қажет етіледі, – деп алда жаңа операторды күтіп тұрған жұмыс ауқымын белгіледі ведомство.

Бағаның бақылауға көнер түрі жоқ

Жаңадан салынған үйлер саны жыл сайын еселеп артса да, елдегі баспа­на мәселесі шешілер емес. Елімізде пәтерақы бір жыл ішінде 17 пайыз­ға өскен. Баға, әсіресе тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында қатты ша­рық­тап, 50 пайызға өсті, бір бөлмелі пәтерді бір айға жалдау бағасы елдегі орташа айлық жалақы делінетін сомадан да асып кетті. Осылайша, пәтер сатып алу тұрмақ, оны жалға алудың өзі мұңға айналды. Үй алғысы келіп жүргендердің арманы одан сайын алыстап барады. Қаңтардағы оқиға үй бағасының ар­зандауына еш әсер еткен жоқ, кері­сінше бағаның өскені байқалады. Мәселен, krisha.kz дерегінше, Алматы қаласында үйдің 1 шаршы метрінің бағасы өткен жылдың соңына қарағанда, яғни бір айдан аз уақыт ішінде 1,5 пайызға өскен. Осылайша, қалада болған дүрбелеңнен кейін үй бағасы ар­зандауы мүмкін деген сарапшылардың пікірі теріске шықты. 2021 жылғы шілденің аяғы­мен салыстырғандағы өсім тіпті көп – 23,9 пайыз. Мұндай жағдай басқа қалаларда да бай­қалады. Бағаның өсуіне қарамастан, халықтың ипотекалық несиесі қарқынды түрде өсіп барады. Елдегі ипотекалық қарыз сома­сы ай сайын рекордтық көрсеткішті жаңалап келеді. Мәселен, желтоқсанда рәсімделген ипо­теканың орташа мөлшері 13,8 млн тең­геден асты (ҚР бойынша орташа). Бір жыл ішінде орташа чек 2,8 млн теңгеге өсті. Мұн­дай мәліметтерді бірінші несие бюросы ұсын­ды. Яғни, бір жыл ішінде елде орташа ипотекалық несие 26 пайызға өскен. Жалпы, 2021 жыл пәтер бағасы сан рет құбылған жыл ретінде есте қа­латын сияқты. Жылдың басында зейнетақы жинағының бір бөлігін үй алу үшін пай­да­лану мүмкіндігі пәтер бағасын 15-тен 30 пайыз­ға дейін өсіріп жіберді. Осылайша, ха­лық игілігі үшін іске асуы керек болған бас­тама, керісінше жағдайды шиеленістіріп жібергендей болды. Осы кезде «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова бұл бастапқы кездегі дүрбелең, біраз уақыттан соң баға өткен жылғы көрсеткіштерге қайта оралады, күту керек екенін айтқан еді. Дегенмен бұл болжам теріске шықты. Ал биыл баспана бағасының арзандай­ты­нына бұрынғы Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Бейбіт Атам­құлов сенімді болған еді. – Баға түседі. Мен министр ретінде осы ба­ғытта жұмыс істеп жатырмын. Ал бағаның өсіп жатқаны, әрбір транзакциядан кейін кей­бір компаниялардағы пәтерлердің баға­сын көтеретін жасанды интеллектке бай­ла­нысты, бұл – дұрыс емес. Біз толық спектрін қарастырып жатырмыз. Монополияға қарсы ко­митетпен бірлесе отырып, бір шаршы метр баспана қанша тұратынын жақсы біле­міз, кейбір компаниялар оны екі есе қым­баттатты, – деді министр. Енді бұл бағыттағы жұмысты жаңа ми­­­нистр Қайырбек Өскенбаев жал­ғас­­тыратын болады. Әзірге бағаны реттеуге емес, салдарымен күресуге көңіл бөліне бас­тағаны байқалады.

Пәтерақының жартысын мемлекет төлемек

Енді Үкімет мұқтаж жандарды қолдау ретінде пәтер жалдау ақысын субси­дияламақ. Яғни, пәтерақының тең жартысы бюджет қаражатынан өтелсе, қалған бөлігін жалға алушы өзі төлейді. Оған 50 миллиард теңге қарастырылып отыр. Үкімет басшысы бағдарламаны биыл мамырға дейін іске қосуға тапсырма берді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін берілетін төлемді табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен (36 018 теңге), жергілікті атқарушы органдарда пәтер кезегінде тұрған азаматтарға беру ұсынылмақ. Яғни, көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар көмек ала алады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойын­ша, елімізде 70 мың азамат айтылған санат­тарға жатады. Ал жалпы елімізде 590 мың­дай адам тұрғын үй кезегінде тұр екен. Соның 210 мыңы – тұрмысы төмен азамат­тар. Көмек алу үшін алдымен үй қожайы­нымен келісімшартқа отыруы керек. Онда ай сайынғы төлемнің сомасы көр­сетілуі тиіс. Төлем 1 жыл бойы беріледі. Осы уақытта үй кезегі келмеген болса, төлемді әрі қарай создыруға болады. Осылайша, Үкімет үй кезегінде тұрған мұқтаж жандарға аз да болса көмек көрсетпек. Тек біздегі «есіктен-есікке» жүгіртіп қоятын қағазбастылық әдеті кесірін тигізбесе дейміз. Жоғарыда айтылған «бір терезе» қағидаты осы мәселеге де керек екені анық. Моноқала тұрғындарына жеңілдік қарастырылады Бұдан бөлек, елімізде 10 пайыздық бас­тапқы жарна және 5 пайыздан аспайтын үсте­меақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген ипо­тека әзірленіп жатыр. Ол даму қарқыны бәсең­деп қалған моноқалалардың тұрғын­дарына арналған. Бұл бастаманы іске қосу осы жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Бұл туралы «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов мәлімдеді. Бағдарлама операторы «Отбасы банк» мәліметінше, тұрғын үй заемын 20 жылға алуға болады. Алдын ала есептеулер бойынша, бағдар­ламаны іске асыруға жыл сайын шамамен 11 млрд теңге бөлінеді. Жаңа үйлердің құрылысы қарқынды бол­ғанымен, баспаналы болғандар­дың қатары көбейер емес. Құрылыс ма­териал­дарының бағасы қаншалықты артса, сон­шалықты сапасызданып барады. Жалпы, еліміздегі құрылыс саласы мен тұрғын үй нарығында мәселе қордаланып қалған. Бұл мәселелер бұған дейін де үздіксіз көтеріліп жүрді, алаңға шық­қан халықтың шағымы ретінде де айтыл­ды. Баспана нарығы қатаң бақылауға алы­нып қана қоймай, түйткілдердің түйіні де тарқатылса дейміз: ескі проблемалармен жаңа қоғам, жаңа мемлекет құру мүмкін емес екені анық.