Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жаңа қадамдар

Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жаңа қадамдар

Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жаңа қадамдар
ашық дереккөзі
Өткен апта ел үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Мәжіліс Төрағасы ауысты, Алма­ты­ға жаңа әкім тағайындалды. Билеуші партияның құрылымы мен бағыты да өзгер­мек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басты назарға алынды. Алдағы жоспарлар мен мін­деттерге қарасақ, бұл – өзгерістің басы ғана сияқты. Сонымен, бұл апта несімен есте қалды?

«Nur Otan»: нақты іске көшер кез келді

28 қаңтарда «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезі өтті. Онлайн форматта өткен жиынға Пре­зидент, Тұңғыш Президент – Елбасы, Президент Әкімшілігінің басшылығы, партияның Саяси кеңе­сінің мүшелері, партия Төрағасының бірінші орын­басары қатысты. Жиын қарсаңында партияның Саяси кеңесінің қаулысымен бекітілген күн тәртібіне сәйкес қа­тысу­шылар үш мәселені қарады: 1. Партияның Төрағасын сай­лау туралы; 2. Жарғыға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы; 3. Саяси кеңес құрамына өз­геріс­тер енгізу туралы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен және дауыс беру рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясының Төра­ғалығына сайлау туралы съезд қаулысы қабыл­данды. Содан кейін Мемлекет басшысы жиынға қа­тысушылар алдында сөз сөйледі. Президент «Nur Otan» партиясына төрағалық ету аса жауапты жұмыс екенін айтып өтті. Одан бөлек, «қаң­тар оқиғасын» тағы бір еске салып, мұндай қа­сіретке енді жол берілмейтінін, қазір кінәлілерді анық­тау үшін тергеу-тексеру жүріп жатқанын мәлім­деді.

– Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүр­гізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асы­рылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас прокуратураның және менің жеке ба­қылауымда болады. Адам құқығын міндетті түр­де сақтаймыз. Бұдан былай мұндай қа­сіретке жол бермейміз, – деген Пре­зи­дент қоғамдық құндылықтар жүйесіне, сая­си және әлеуметтік-экономикалық са­ла­ларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет еке­нін тағы бір рет айтты. Президент елі­мізді жан-жақты жаңғырту үшін ұсы­ныл­ған ауқымды мәселені еске салды. Оның ішінде «Nur Otan» реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуға, Қазақстанды қарқынды түрде қайта құрудың және жаңартудың негізгі қозғаушы күші ретінде әрекет етуге тиіс екенін айтып, партияны қайта құру қажеттігіне назар аударды. – Бұл үшін «Nur Otan» өзін-өзі жаңар­туы керек. Партияның бүкіл жұмы­сын сөз жү­зінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қа­жет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қасым-Жомарт Тоқаев партия мем­ле­кеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек екенін де еске салды. – Партияның өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек. Менің ойымша, шындыққа жанаспайтын және орын­далмайтын уәде бермеген абзал. «Арық айтып, семіз шыққан» жөн. Ақиқат­қа тура қарау қажет. Сондықтан партия Үкі­метпен және әкімдіктермен бірлесе оты­рып, сайлау алдындағы уәделердің орын­далуын түбегейлі қадағалауы керек, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Президент партияның ұйымдық құрылымын қайта қарауды, атап айтқанда бірінші орынбасар лауазымын атқарушы хатшы қызметімен алмастыруды, сондай-ақ тиісті бағыттар бойынша басқа да хатшылардың лауазымдарын қайта қарас­тыруды тапсырды. Президент Мәжілістегі партияның фракциясын қайта қарау, партия мүшелерінің өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселе­лерді шешуге атсалысуын күшейту, қоғам­дық қабылдаулар қызметін жандандыру, партияның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі стратегиясын жаңа мазмұнда толықтыру, партия құрамындағы толып жатқан тиянақсыз, табансыз, мансапқұмар тұлғаларды орындарынан алу, сондай-ақ партияның «Jas Otan» Жастар қанатының жұмысын сапалы түрде күшейту қажет деп санайды. Одан бөлек, Мемлекет басшысы сай­лауал­ды бағдарламалардың іс жүзінде орын­далғанына сенімсіздік білдіріп, нақты іске көшу керек екенін баса айтты. Прези­дент жыл соңына қарай жаңа төраға та­ғайындалуы мүмкін екенін де атап өтті. Съезден соң партияның Саяси кеңе­сінің құрамы жарияланды. 31 қаңтарда пар­тия­ның Саяси кеңесінің қаулысымен (Жар­ғының 9.4. тармағына сәйкес) «Nur Otan» партиясының Саяси кеңес бюро­сының жаңа құрамы бекітілді. 2 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Байбекке «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары лауазымындағы көп жылғы жұмысы үшін алғыс айтты.

Президент сұхбат берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «қаң­тар оқиғасына» байланысты кейбір сұрақ­қа жауап беріп, алдағы жоспарларын бөлісіп, көлемді сұхбат берді. Сұхбат 29 қаңтарда республикалық телеарналардан көрсетілді. Президент бүлікті кімнің ұйымдастыр­ғанын, неліктен 20 мың содыр шабуылдады деп мәлімдеме жасағанын, ескертусіз оқ атуға бұйрық беруіне не себеп болғанын айтып берді. Қауіпсіздік Кеңесінің Төраға­сы қызметі қалайша өткенін де тілге тиек етті. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік тура­лы шарт ұйымынан әскер алдырғаны үшін Ресейге қарыз болып қалды ма? Қытаймен арадағы қарым-қатынас қалай өрбуі мүм­кін? Жақында Парламент те тарауы мүм­кін бе? Президент осы сияқты сауалдарға жауап берді. Сұхбат қоғамда қызу талқыланды. «Пре­зидент неге мемлекеттік емес, орыс тілін­де сұхбат береді?» деген сауал туын­дады. Бұл сұраққа Президенттің баспасөз хатшысы жауап берді. – Аталған сұхбат әлемдік аудиторияға ар­налған. Қазақстанда болып жатқан оқи­ғаларға әлемдік қоғамдастық қызығушы­лық тудырып отыр. Сондықтан тақырып­тың өзектілігін ескере отырып, сұхбаттың мейлінше кең таралуын көздедік. Қаңтар айында шетелдік (Ресей, Еуропа, АҚШ) ірі бұқаралық ақпарат құралдарынан Мем­лекет басшысының атына сұхбат беру жө­нінде көп өтініш түсті. Алайда Прези­дент­тің жұмыс кестесінің тығыздығына бай­ланысты біз тек «Хабар24» телеарна­сы­мен ғана шектелуді жөн көрдік. Отандық БАҚ-қа берілетін келесі көлемді сұхбат мін­детті түрде қазақ тілінде болады, – деді Берік Уәли.

Жаңа Мәжіліс Төрағасы тағайындалды

1 ақпанда Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин өз еркімен қызметінен кетті. Естеріңізде болса, ол өткен жылы қаңтарда бұл лауазымға қайта сайланған еді. Нұрлан Нығматулин үш шақырылым бірге жұмыс істеген барлық депутаттарға осы жылдар ішінде қолдап, сенім білдірген сайлаушыларға, аппарат қызметкерлеріне, барлық қоғамдық ұйым өкілдеріне, Мәжі­ліске кірмеген саяси партияларға, Мәжіліс жұмысын насихаттаған журналистерге, сарапшыларға алғыс білдірді. – Биыл Мәжіліс Төрағасы болғаныма 10 жыл толып отыр. Үш шақырылым төра­ға болдым. Бұл, әрине аз уақыт емес. Осы уа­қыттың ішінде еліміздің саяси және әлеу­меттік-экономикалық өміріне белсене ара­ласып, елімізге, халқымызға қажетті, са­палы заңдар қабылдау жолында бірлесіп, аянбай еңбек еттік. Бұл жолда, ең алдымен Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі Мемлекет басшысы, партиямыздың Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа маған осы жылдарда бірнеше лауазымды қыз­метті сеніммен тапсырып, әрқашанда қол­дау көрсеткені үшін шын жүректен ал­ғы­сымды білдіремін, – деді Нұрлан Нығматулин. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Парламент Мәжілісі депу­татының бос мандаты «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ерлан Қошановқа берілді. Осыдан кейін депутаттар Ерлан Жа­қанұлын Парламент Мәжілісінің Төрағасы етіп сайлады. Ерлан Қошанов тағайындалғаннан кейін пікір білдіріп, Мәжіліске жетекшілік ету ерекше мәртебе екенін атап өтті. – Өмір жолымның бірқатар уақыты осы Парламент қабырғасында өтті. Сіз­дердің сенімдеріңіздің арқасында осы абыройлы жұмысты жалғастырамыз деп ойлаймын. Парламент Мәжілісіне жетек­шілік ету – ерекше мәртебе. Бұл – Қазақстан халқы мен Мемлекет басшысының алдын­дағы үлкен жауапкершілік, – деді ол. 59 жастағы Ерлан Қошанов бұған дейін түрлі қызмет атқарған. Бұдан бұрын Пре­зи­дент Әкімшілігін басқарған. Мамандығы – инженер-механик. Еңбек жолын «Жез­қаз­ған түсті металл» фабрикасында қара­пайым жұмыскерден бастап, бас маман, бөлім бастығы, орынбасар, төрағалыққа дейін жетті. Азаматтық авиация комитетін, Премьер-Министрдің кеңсесін басқарды. Әр жылдары депутат болды. Қарағанды облы­сының әкімі болған.

Өзге де ауыс-түйіс

Бұл аптада да ауыс-түйіс аз болған жоқ. Солардың ең басты дегендеріне тоқталып өтейік. 31 қаңтарда Мемлекет басшысының Жар­лығымен Бақытжан Сағынтаев Алма­ты қаласының әкімі лауазымынан боса­тыл­ды. Себеп Сағынтаевтың басқа жұмыс­қа ауысуына байланысты деп айтылған. «Қаңтар оқиғасы» кезінде әкімнің ха­лық­тың алдына шықпауы елдің нара­зылы­ғын тудырып, әкімді орнынан алып тастау туралы онлайн петиция жарияланған еді. «Қаңтар оқиғасынан» үш күн өткен соң Сағынтаев мәлімдеме жасап, алаңға келе жат­қанда көлігіне шабуыл жасалғанын айт­қан болатын. Бірақ бұл мәлімдеме ха­лық арасында екіұдай пікір тудырды. Естеріңізге сала кетейік, ол Алматы қала­сын 2019 жылғы маусымнан бері басқарып келді. Бақытжан Сағынтаевтың орнына Ұлт­тық банкінің төрағасы қызметін атқа­рып келген Ерболат Досаев тағайындалды. Бұл тағайындауға да халық оң қабақ таныта қойған жоқ. Досаевтың кезінде жерді сату мен жалға беруді қолдағанын, Денсаулық сақтау министрі болып тұрғанда Шым­кентте даулы «Вич оқиғасы» болғаны айтыл­ды. Естеріңізде болса, 2004 жылы ол Ден­саулық сақтау министрі болып тұр­ғанда Шымкент қаласында 150 бала Вич жұқтырды, осы себепті отставкаға кетті. Ал Ұлттық экономика министрі болып тұрғанда 1,7 млн гектар ауылшаруашылық жерін аукционға қою туралы заңды дайын­дады. Сонымен қатар жаңа әкімнің Forbes нұс­қасы бойынша 2013 және 2014 жыл­дары Қазақстанның ең бай 50 адамының тізі­міне енгені де сөз болды. Қорыта айт­қан­да, Алматы халқының үмітінен гөрі кү­дігі басым болып тұр. Одан бөлек, Мемлекет басшысының Жар­лығымен Мұрат Нұртілеу Президент Әкімшілігінің Басшысы лауазымына тағайындалды. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Ләззат Қалтаева Қазақстан Республи­ка­сы Парламенті Сенатының депутаты бо­лып тағайындалды. Роман Василенко Қазақстан Респуб­ли­к­а­сы Сыртқы істер министрінің орын­басары лауазымына тағайындалды. Ерлан Әлімбаев Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлім­шесі мен басқа да халықаралық ұйым­­­­дар жанындағы Қазақстан Респуб­лика­сының Тұрақты өкілі қызметін ат­қара­тын болады. Еркін Тұқымовқа Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің жанындағы Қазақ­стан­ның стратегиялық зерттеулер инсти­тутының директоры лауазымы сеніп тап­сырылды.

Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру

1 ақпанда Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қара­шү­кеев, Цифрлық даму, инновациялар жә­не аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағ­дат Мусин сөз сөйледі. Мемлекет басшысы заң үстемдігін кү­шей­тіп, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен жемқорлықтың тамы­ры­на балта шабу керек екенін айтты. Президент соңғы жылдары бірқатар маңыз­ды қадам жасалғанына назар аудар­ды. Ол соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданғанын, кейін­гі үш жылда 174 судья жұмыстан шы­ғарылып, не болмаса лауазымы төмен­де­тілгенін баса айтты. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Нәтижесінде, прокурорлар былтыр 3,5 мыңға жуық адам­ның қылмыстық процеске негізсіз тар­тылуына жол берген жоқ. Басқа да бір­қатар институционалдық шара жүзеге асырылды. – Жемқорлық әрекеті үшін сотталған аза­маттарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бер­гендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жем­қорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен түбе­гейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсыр­масы бойынша әзірленген Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы саясат тұжырымдама­сы­ның жобасын бекітетінін мәлімдеді. Бірақ жұ­мыс­тың тиімділігі нақты нәтиже бойын­ша бағаланады. Түпкі мақсат – сы­бай­лас жемқорлықтан таза қоғам қалып­тастыру. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады. – Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге бо­лады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграри­лерді қолдау үшін 2 триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қыл­мыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жыл­дар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқ­сан келді. Атап айтқанда, жайылым жер­лерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жемшөп таппай, мал қыры­лып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Суб­сидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көр­сетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек, – деді Президент. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимылдың барлық бағы­тын түбегейлі қайта қарауға шақырды, сон­дай-ақ уәкілетті органдардың алдына бір­қатар міндет қойды. Оның пікірінше, кә­сіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет. – Кеден, құрылыс, білім беру және ден­саулық сақтау салаларындағы жем­қор­лықпен күресуге баса мән беру керек. Жауап­ты министрліктер осы бағыттар бойын­ша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жос­парды бірінші тоқсанның қорытын­дысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірін­ші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын, –деген Президент мемлекеттік са­тып алулар мен квазимемлекеттік сек­тор­дағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды да басты назарға алуды тап­сырды. Президент мемлекеттік сатып алу­ларға беделі бар, тиісті техникасы бар, бі­лікті жұмысшылары бар, салықты уа­қы­тылы төлейтін өндірушілер қатысуы ке­рек екенін айтты. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жо­ғары лауазымды тұлғаларды тағайын­даған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анық­та­масын міндетті түрде талап ету қажеттігін айтты. Сонымен қатар енді мемлекеттік қыз­метшілердің қымбат дүниелер сатып алуы да қатаң бақылауға алынады. – Еліміздің құқықтық жүйесі үшін мүл­де жаңа институттар бар. Мемлекеттік қыз­метшілердің жылжымайтын мүлік, ав­токөлік және басқа да қымбат дүниелер сатып алуы қатаң бақылауға алынады. Со­нымен қатар шенеуніктердің адалдығын тек­серуге арналған Integrity check әдісін атап өтуге болады. Әрине, бұл ұсынысты әлі де жан-жақты пысықтау қажет. Де­ген­мен халықаралық тәжірибеде мұндай тек­серістер жақсы нәтиже көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы. Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған өткен аптадағы саяси қадамдар осындай болды. Халық түбегейлі өзгеріс біртіндеп, кезең-кезеңімен болатынынан үмітті. Әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында атқарылады делінген міндеттер жүзеге асса, ел үшін серпіліс, үлкен бетбұрыс болары сөзсіз. Ділда Уәлибек