14 жастағы қызды зорламақ болған молданың туыстары жәбірленушіні бопсалап жүр

14 жастағы қызды зорламақ болған молданың туыстары жәбірленушіні бопсалап жүр

14 жастағы қызды зорламақ болған молданың туыстары жәбірленушіні бопсалап жүр
ашық дереккөзі
Түркістан облысында жеткіншекті зорлауға оқталған молда 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда, сот шешімімен келіспеген оның туыстары әлі күнге дейін қыздың отбасын мазалап, кешірім беріңдер деп бопсалауда, деп жазды turkystan.kz 31 арнаға сілтеме жасап. Бұл оқиға осыдан 1 жыл бұрын Сарыағаш ауданында болған. Бірақ молданың туыстары қызға психологиялық қысым көрсетуін қоймай отыр.
«Мен оларды бірнеше рет көрдім. Олар маған келіп, арызыңды алмасаң өлесің деп қорқытады. Қолына пышақ ұстап келген кездері де болған», - дейді жәбірленуші.
Қызының қауіпсіздігін ойлаған ана тұрғылықты мекенжайын үш рет ауыстыруға мәжбүр болған. Сонда да қыр соңдарынан қалмаған молданың туыстарына полиция қызметкерлері де еш әрекет жасай алмаған.
«Полицейлер бопсалау әрекеттерінің дәлелі жоқ екенін айтып, мәселені жылы жауып қойды. Қызыңды қорқытып жатқан сәтті видеоға түсіріп ал дейді. Сонда баламды пышақпен қорқытып жатқанда мені сыртынан қарап тұрып, видеоға түсіреді деп ойлай ма? Кез келген ана мұндай жағдайда тек баласының қауіпсіздігін ойлап, оны қорғауға бар күшін салады емес пе?!» - деді ашынған ана.
Бопсалау мен қысымға шыдамаған жеткіншек өз-өзіне қол жұмсамақшы да болған. Ал полицейлер «Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу» бабымен іс қозғауға дерек пен дәлелдердің болмай тұрғанын айтады.
«Қазір бірқатар тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Нақты дәлелдер болмағандықтан, тек бір ғана азамат тергелуде. Ал қыздың анасы болса, бірнеше адамның арттарына түсіп жүргенін жеткізді», - дейді аудандық полиция басқармасының өкілдері.
Жергілікті тәртіп сақшылары мен облыстық соттың әділдігіне сенбеген жәбірленушінің анасы енді Президент пен Ішкі істер министрлігінен көмек сұрамақ.