Жаңалықтар

Бауырына жер алып бермек болған әкім жұмысынан босатылуы мүмкін

ашық дереккөзі

Бауырына жер алып бермек болған әкім жұмысынан босатылуы мүмкін

Павлодар облысындағы Баянауыл ауданында шаруашылық мақсатта уақытша пайдалануға жер телімін беруге қатысты мемлекеттік конкурс жанжалмен аяқталды, деп жазды turkystan.kz. Өткен жылдың 15 желтоқсанында Торайғыр ауылдық округінде болған бұл конкурсқа үш шаруашылық қатысып, жалпы аумағы 1651 гектар жерді алуға ниет білдірген. Конкурс қорытындысы бойынша комиссияның 6 мүшесі «Молша» шаруа қожалығына, ал 4 мүшесі «АБА» шаруашылығына дауыс береді. Кеңес мүшесі болған округ әкімі Мұхтар Молшин да алғашқы шаруа қожалығын қолдаған. Бірақ басым дауысқа ие болған кәсіпкер Нұржан Молшиннің әкімнің туған інісі екені белгілі болады. Содан кейін жеңілген шаруашылықтың басшысы мемлекеттік Қызмет істері жөніндегі департаментке шағым түсіреді. Кейін округ әкімінің әрекеті әдеп жөніндегі кеңестің талқысына салынды. «Тексеру жұмыстары барысында ауыл әкімі жер комиссиясының мүшесі бола тұра жерді інісіне беруді қолдағаны белгілі болды. Оған қоса, тараптар арасындағы мәселені шешкен жоқ. Сол арқылы Әдеп Кодексі талаптарын бұзды. Ол жақын туысы қатысатын конкурс туралы жазбаша түрде хабар беріп, комиссия отырысына қатысудан бас тартуы тиіс еді», - дейді департаменттің бас маманы Елухан Ергебаев. Өз кезегінде округ әкімі Мұхтар Молшин туған бауырының конкурсқа қатысатыны туралы сол күні білгенін айтып ақталды. «Молша» шаруашылығында ірі қараның саны көп. Ал жер аумағы аз. Дауыс беру кезінде осы мәселені ғана назарға алдым. Ал комиссия отырысынан бас тартуым керек болғаны туралы білген жоқпын», - дейді әкім. Әдеп жөніндегі кеңестің өкілдері Баянауыл ауданының әкіміне оның қоластындағы қызметкердің өз қызметіне лайық емес екені туралы ескерту жолдауды ұйғарды.