«Газ өңдейтін зауыттар шығынға батып жатыр» – Энергетика министрі

«Газ өңдейтін зауыттар шығынға батып жатыр» – Энергетика министрі

«Газ өңдейтін зауыттар шығынға батып жатыр» – Энергетика министрі
ашық дереккөзі
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрі Болат Ақшолақов алдағы уақытта сұйытылған газ бағасының қалай реттелетінін түсіндірді, деп жазды turkystan.kz. Шараға онлайн қатысқан журналистердің бірі министрліктің газ бағасын қалай реттеуді жоспарлап отырғанын сұрады. Бұл сауалға жауап берген министр 180 күн ішінде сауда ережелері мен сұйытылған газдың баға жүйесін реформалау әзірленетінін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаңтардың басында сұйытылған газдың бағасын мемлекет бақылауына алу туралы шешім қабылданған болатын. Қазір оның бағасы 50 мен 75 теңге аралығында тұр. Бірақ, белгіленген 180 күннің ішінде жанар-жағармай сияқты сұйытылған газдың да бағасын қалыптастыру жүйесі мен сату ережелерін реформалауымыз керек. Зерттеулер көрсеткендей, жанар-жағармай сияқты сұйытылған газдың да нарық тізбегінде өнімсіз делдалдар бар», - деп түсіндірді Болат Ақшолақов.
Министрдің айтуынша, сұйытылған газдың нарық тізбегінде меншігінде не газ құю, не газ жинақтау стансасы жоқ компаниялар бар. Соған қарамастан, олар газ тарату жүйесінде отыр. Дегенмен, нақты газ өндірушілер, газ құю стансалары немесе үйлерге қажет газды жинақтайтын стансалары бар компаниялар ғана қалуы тиіс.
«Бұл бізге, тіпті, осы 50 теңгелік бағаның ішінде нарық тізбегіндегі қатысушылардың кірістілігін қайта реттеуге мүмкіндік береді. Яғни, газды сатушылар мен өндірушілердің арасындағы табыс теңгерімі қайта қаралады. Негізі, газ өндірушілердің табысы көбірек болуы керек. Өйткені біздің зауыттардағы сұйытылған газдың өзіндік құны тоннасына 100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл - бір литр газды өндіруге ғана шамамен 50 теңге кетеді деген сөз. Әзірге бұл зауыттар белгіленген 180 күнде шығынмен жұмыс істейді», - деді Болат Ақшолақов.
Министрдің айтуынша, газ өндірумен айналысып, жанармай құю бекеттері арқылы сататындар қалуы мүмкін. Ведомство басшысы бұл газ сатушылар мен өндірушілер арасында табысты қайта бөлуге мүмкіндік беретінін атап өтті.