Тәжікстандағы қазақ жастарына ана тілін үйретіп жүрген Зәуре

Тәжікстандағы қазақ жастарына ана тілін үйретіп жүрген Зәуре

Тәжікстандағы қазақ жастарына ана тілін үйретіп жүрген Зәуре
ашық дереккөзі
Зәуре Саминова – Тәжікстан ас­танасы Душанбеде жеке балабақ­ша ашып, қоғамдық жұмыспен белсенді айналысып жүрген қазақ әйел. Ба­ла­бақ­шаның бір кабинетін 2006 жылы өзі құр­ған «Бәйтерек» қазақ қоғамдық бір­лестігінің кеңсесі етіп жабдықтап қой­ған. Негізгі жұмысынан бөлек, де­ма­лыс күндері 30-ға жуық оқушыға қа­зақ тілінен сабақ береді. Оған қоса, Тәжікстанның әр аймағында тұра­тын қазақтардың мәселесін шешемін деп талай есікті қағып, талай таба­л­ды­рық тоздырып, табандылық танытып жүр. «Елден келген қазақты көрудің өзі – бір мереке» деп ағынан жарылған қан­дасымызға хабарласып, Тәжікстан ау­мағында тұрып жатқан қазақтардың тұр­мысы мен тіршілігі туралы әңгіме өрбіттік.

Тәжікстанда 12 000-нан астам қазақ тұрады

– Тәжікстандағы қазақтар десе, бір­ден сіз еске түсесіз. Бірақ көпшілік сіз­ді сол жақта туып-өскен деп ойлап жүр­­се керек. Сол үшін ең алдымен Ду­шан­беге келу тарихыңыз туралы бірер сөз айта кетсеңіз. – Мен Шығыс Қазақстан облысына қарас­ты Күршім ауданында туып-өстім. Осы­дан 43 жыл бұрын Душанбеге оқу үшін кел­ген едім. Кеңес үкіметі кезінде 15 мем­ле­кетті бір ел ішінде жүргендей аралап жүре беруші едік қой. Алайда өзім қалаған дәрігердің оқуына түсе алмай, ақырында жеңіл өнеркәсіппен айналысатын фаб­ри­када жұмыс істедім. Кейін педагогикалық уни­верситетке оқуға түстім. Бір дипломды аздық етіп, заңгер мамандығын меңгеремін деп тағы университетте оқыдым. Көп жыл қатарынан балабақша меңгерушісі болып жұмыс істедім. Бұл істі жүргізу ұнап қалған соң, бір ауланы жалға алып, жеке балабақша аштым. Ал сол ғимараттың ішіндегі үлкен бөлмені «Бәйтерек» қазақ қоғамдық бірлес­тігінің кеңсесі етіп жабдықтадым. – «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігін бір өзіңіз құрдыңыз ба? – Иә. 2003 жылы елде өткен қазақ­тар­дың ІІІ Дүниежүзілік құрылтайына ша­қырыл­дым. Ол уақытта балабақшада істеп жүр­сем де, «Достық» қоғамы арқылы қо­ғам­дық істерге араласып жүргенмін. Сол құрыл­тайға келген соң, көзіміз де, көңіліміз де шайдай ашылды. Ауғанстанда, Түркияда, Иранда тарыдай шашырап жүрген көп қа­зақ­ты көріп, таң-тамаша болдым. Олармен етене араласып, хал-жағдай сұрасқан соң, біз­ге де бір ұйым құру керек екенін түсін­дім. Сол кездесуде Елбасы әр елден келген диас­пора өкілдерімен тілдесе келе, Тә­жік­станнан кім келгенін, қазақтар бірігетін ор­талық бар-жоғын сұраған кезде сасқа­ным­­нан «барлығын жасаймын» деп басым­ды изей беріппін. Душанбеге оралғаннан кейін елшілікпен ақылдасып, «Бәйтерек» бірлестігін ашамын деп шештім. Негізі, Душан­беде тұратын 5-6 қазақ отбасы бұрын­нан араласатынбыз. Көршім де қа­зақ. Бірақ осында тұратын бүкіл қазақтың ба­сын қосқым келеді. Сөйтіп, кімнің қайда тұра­тынын, немен айналысатынын анық­тап, тізім жасадық. 2006 жылы ашылған сол бірлестік арқылы көп игі істерге ұйытқы болып, қыруар шаруа атқардық.  width=– Кезінде қазақтардың Иран, Ау­ған­­­­стан, Түркияға қоныс аударуға мәж­­бүр болғанын білеміз. Десе де, көп­­шілік қалың қазақтың Тәжікстанға қа­лай көшіп барғанынан бейхабар. Тәжікстанның қай өлкесінде қазақтар көп шоғырланған? – Тәжікстанда тұрып жатқан қазақтар­дың дені – Кеңес үкіметі кезінде жаппай қу­ғын-сүргін болғанда көшіп кеткен қа­зақтар ұрпағы. Олардың ата-әжелері осын­дағы Қорғантөбе деген жерде орналасқан түрмеге жер аударылған. Сондай-ақ ашар­шы­лық жылдары қорадағы малын айдап, Өз­бекстан, сосын Тәжікстан шекарасын асып кеткендер де бар. Тәжікстанда 1989-1991 жылдары соғыс болған кезде көбі Қа­­­зақстанға көшіп кетті. Оның үстіне, сол уақытта елде қандастарды тарихи Отанға қайтару ісі қолға алынып, үй-жай беріліп жатқан соң, біразы сол жаққа қоныс аудар­ды. Ал көше алмай қалғандарымыз қазір осы­лай отырмыз (күліп). Жалпы, Тәжік­стан­да 12 мыңнан астам қазақ тұрады. Ел астанасы Душан­беде 87 отбасы өмір сүріп жатыр. Ауған­станмен шекаралас Хатлон облы­сында «Найманның бес баласы» аталып кет­кен қазақтар қауымы тұрады. Найман руы­нан тарайтын бес қазақты 1924 жылы түйе­­мен тас тасуға сол жерге күштеп әкел­ген екен. Ол жақта бұрын 600-ге жуық қа­зақ отбасы қоныстанған еді, қазір одан аз от­­басы тұрады. Балаларын Қазақстанға оқу­­ға түсіріп, ізінше өздері де бірте-бірте кө­­шіп жатыр.

«Әр оқушымды 60-70 пайыз қазақша білетіндей етіп жіберемін»

– Шетелде сіз секілді қазақ қауым­дас­тығын басқарып отырған қандас­тарымыз пандемия салдарынан жұмы­сы тұралап қалғанын айтады. Ал бірақ сіз бес күн балабақшадағы жұмы­сыңыз­ды жүргізумен қатар, сенбі-жек­сенбі күндері қазақ тілінен сабақ бере­ді екенсіз. Қашан демалып үлгере­сіз? – Пандемия кесірінен бізде де жұмыс қар­қыны бәсең. Дегенмен қазақ тілін үй­ретуді басты жұмысым санаймын. Бүгінде бір сыныпта 27 бала оқиды. Оның 12-сі – 15-17 жас аралығындағы жасөспірім бала­лар. Оларға тілді тез арада үйрену қажет, себебі олар елге кетеміз деп дайындалып жүр. Олар кетсе мен қиналатын болдым (күліп). Қазақ тілін оқытып қана қоймай, оларды түрлі іс-шараларға жұмылдыратын едім. Ал қалғаны 6-7-сыныпта оқиды. Қазір пандемияға байланысты ата-аналары көбіне оларды сабаққа жібергісі келмейді. Бірақ олар өздері маған келіп, үйде орын­дауға сабақтар сұрап алады. Сосын телефон арқылы байланысып, тапсырма тексеремін. Жалпы, осындағы жастардың көбі елге кету­ді көздеп жүрген соң, қазақ тіліне ба­сымдық береді.  width=– Сабақты тегін жүргізесіз бе? – Әрине. Өз бауырларымнан қалайша ақ­ша аламын? Онсыз да жолақы қымбат. Ал олар маған сенбі-жексенбі сайын келеді. Со­дан соң олардан әр сабаққа ақша алсам, олар қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы кеміп қалады. Құдайға шүкір, тәжірибем, бі­лімім мен күш-қуатым жетіп тұрған уақыт­та көмектесуден тайынбаймын. Осы жерде аялап отырған жастарымыз ертең елге оқуға барып, қазақша түсінбей тұрса ұят емес пе? Өздері де жалғызсырап, жат се­зінеді. Арамызда тәжік тілінде сөйлейтін қа­зақ жастары да бар. Оларды елге 60-70 пайыз қазақша білетіндей етіп жіберемін. Ал ауылды жерде тұратын, мал бағатын отбасылар менен келіп «Әліппе», «Ана тілі» оқулығын алып кетеді. Оқулық жетпей қалса, елшіліктің көмегімен алған «Әліппенің» дискілерін таратып беремін. Негізі, бұл дискіні көп жағдайда әдейі бере­мін. Өйткені олар осылайша қазақ ті­лін өзге түркітілдес топқа кіретін тілдерден ажыр­ата алады. Тілден бөлек, демалыс күн­дері бойжеткендерімізге шелпек пісіру, қа­­мыр илеудің қыр-сырын үйретіп, олар­мен бірге ұлттық тағамдарды әзірлейміз. Қор­жынымызда мереке сайын киетін киім-кешек көп. Сондай-ақ Жамбыл облы­сының әкімі сыйлаған үлкен киіз үйіміз бар. Мереке сайын есік алдына тігіп қоя­мыз. Кітап қорымыз да қомақты. Мұрат Әуе­зов, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы мен елшілік сыйлаған көп кітап кітап­ха­на­мыздың «көркін» келтіріп тұр. Бұрын «Туған тіл» журналын алып тұрушы едік, қазір пандемияға байланысты электронды нұсқасын алып оқимыз. Ара-тұра Тәжік­стан үкіметі ұйымдастыратын көрмелерге, мемлекеттік жиындарға қатысып, қыз жа­сауларын, бесік жабдықтарын, ою-кес­телерімізді көпшілік назарына ұсынамыз. Бірлестік атқарған басты жұмыс деп 2009 жылы Душанбеде бес елден келген қазақ­тардың қатысуымен өткен кіші құрылтай­ды айтар едім. Бұрын атқарып жатқан ісімізді елдегі көпшілік біліп отыратын. CaspioNet телеарнасының өкілдері әрбір мере­ке сайын осында келіп, репортаж түсі­ріп қайтатын еді. Ал қазір «Мир» телеком­паниясының журналистері анда-санда келіп, сюжет жасайды. Дегенмен осындағы қазақтардың тарихын, тұрмысын зерттеу үшін елден келіп жатқан қандастар жетер­лік. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ар­найы келген бірнеше блогермен сұхбат­тастым. Бізге елден келген қазақты көрудің өзі – бір мереке. Шер тарқатып, көңіл жа­ды­рай түседі. Жуырда Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтынан кел­ген Ахмет Тоқтабайға біраз деректер жи­науға көмектестік. Алдағы уақытта жи­ған-тергенінен кітап қылып шығармақ ойы бар. Кітап демекші, Қазақстанда туып-өс­кен тәжік профессор Әбдісаттар Нұрғалиев орыс және қазақ тілінде «Тәжікстандағы қазақтар» атты кітап шығарған болатын. Осында қоныстанған қазақтардың тарихы ұмыт қалмай, зерттеліп жатқаны көңіл қуантады.

«Жыл сайын 7-8 отбасы атажұртқа көшеді»

– «Ауылды жерде тұратын, мал ба­ғатын ай­налысатын отбасылар менен келіп «Әліп­­пе», «Ана тілі» оқулығын алып ке­­теді» дейсіз. Шалғайда тұратын қа­за­қ­тармен қалай байланыс орна­та­сыз? Ол жақта бір-бір жетекші сайлап қой­дыңыз ба?  width=– Иә, әр аймақта бір-бір көмекші бар. Әйт­песе, әр облыста тұратын оларды бір өзім қалайша бақылаймын? Дегенмен елші­ліктен көлік сұрап, жылына 1-2 рет олар тұра­тын ауыл-аймақты аралап шығуға ты­ры­самын. Ал былайғы күні әлгі көмек­шілерім «Зәуре апай, мынадай жағдай бо­лып жатыр» деп үнемі хабарласып оты­ра­ды. Қайыра айтсам, телефонға тыным жоқ. Демалыс күндері де дамыл таппаймын. Біреудің жаназасына, енді біреудің тойына барамын. Бармасаң, қазақ ренжиді. Ауыл­дың қазақтарын білесің ғой, аптаның қай күні, қандай уақыт болмасын, қоңырау ша­лып, сұрақтарын төпелетеді. Біреуі «Кө­шейін деп жатырмын. Көмектес» десе, екін­шісі «Баламда елге оқуға қалай жібер­сем болады?» деп ақыл сұрайды. Кейбірі «Ма­лымызды ұрлап кеттік. Енді қайттік?» деп шағым түсіреді. Арасында кемпірлеріміз «Ай Зәуре, ауырып қалдым. Не істесем бо­лады?» деп хабарласады. Ал кейбірі көкіре­гінде кептеліп тұрған шерін тарқатып, жылап-жылап қайтады (күліп). Мақтан­ға­ным емес, барлығы маған келеді. Барлы­ғы­ның көңілін тауып, көмектесіп, мәселесін тез арада шешіп беруге тырысамын. Жалпы, елге жыл сайын 7-8 отбасы көшеді. Оларға не істеу керек екенін айтып, жол көрсете­мін. Жоғарыда айтып өткенімдей, олар ал­дымен балаларын оқуға жібереді. Олар орнығып алған соң, өздері көшіп бара­ды. «Нұрлы көш» бағдарламасына іліне ал­май қалған олар осылайша әрекет етіп жа­тыр. Бірақ ауыл жақта мал бағатын қазақтардың көшуі көп қиындық ту­дырады. Алдымен олар малын сатуы керек. Содан соң «Неліктен көшіп барасың?» де­ген­дей сұрақтың астына алатын жергілікті орган өкілдері тағы бар. Осы ретте бір оқи­ғаны айта отырайын: Худжанд айма­ғында орналасқан Уақ ауылында 350 қазақ отбасы тұрады, олардың көбі Уақ руынан. Тәжікстанда да Қазақстандағыдай орысша, қазақша атауларды тәжік тіліне ауыстыру процесі жүріп жатыр. Сол ауылдың атын тәжік­ше «Алтын алма» деп ауыстырған соң қа­зақтар наразылық білдіріп, «президентке хат жазамыз» деп маған келгені бар. Ара­сын­дағы үлкендерін шақырып алып «Бір ауыл қазақ болсаңдар да туып-өскен жер­лерің осы елдің аумағы, мұнда заң басқа. Шапқылағаннан бәрібір түк шықпайды. Қайтсеңдер де қабылдаңдар» деп келісімге шақырған едім, көбісі елге көшеміз деп шу­лады. Содан соң 10 шақты адамның құ­жат­тарын реттеп, тиісті органдарға өткізген соң «бір жылдан соң квота аласыз­дар» деген еді, бірақ содан бері еш хабар жоқ. Ал біз ол квотаны сарыла күтпей-ақ, шама-шарқымыз келгенше жастарды Қазақстанға оқуға жіберіп жатырмыз. Одан бөлек, ол жақтағы туған-туыстары да олар­ға көшуге қол ұшын созып жатыр. Көбі «жы­лы» жаққа, атап айтсақ Жамбыл облы­сы Байзақ ауданына, Қызылорда жаққа қоныс аударып жатыр. Ал Тәжікстанда қал­ғандарына да көп көңіл бөлуге тырыса­мын. Алыста келе жатып, қазақ екенін бірден танимыз. Көзімізге ерекше ыстық көрінеді. Ал бір қиындыққа тап болғанын естісек, жүрек ауырып, күні бойы уайымдап жүремін. Арамызда тұрмысқа шықпаған я болмаса еш туысы жоқ қазақ әйелдері ауырып қалса, өзім секілді белсенді әйел­дерді жинап «Таңертең сен мынадай тамақ жасап апара аласың ба, ал кешке сен апа­рып берші» деп көмек сұраймын. Бір сің­ліміз тәжікке тұрмысқа шығып, Қазақ­станға барып біраз уақыт тұрып, соңында дәм-тұзы жараспай ажырасып кетсе керек. Әкесі 8 жастағы ұлын Тәжікстанға алып кетіпті. Сосын екінші рет үйленіп, ақыр соңын­да баласын өгей шешесінің қам­қорлығына тастап кетіпті. Өгей шешесі оған оң қабақ танытпай, дұрыс киіндірмей, еш көңіл бөлмеген. Бала әупірімдеп жүріп мектепті бітірген. Өзің ол баланы көрсең, тәжік емес, өзіміздің қазақтың баласына ұқсатар едің. Сол баланың болашағына уайымдаған тәжіктер мені тауып алып көмектесуімді өтінді. Еш жерде тіркеуде жоқ, еш құжаты жоқ әлгі балаға көмектесу үшін бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Бәрібір түк шықпады. Қазақстанда тұрып жатқан анасы баласын сонда алып келуімді сұрайды. Құжаты жоқ баласын елге қалайша апарамын? Содан барлығымен ақылдаса келе, оны әскерге жібергенді жөн көрдік. Әскерге барған азаматқа төлқұжат беретінін білесіз. Жалғыз жолы осы болды. Десе де, жабырқап жүрген оған әскерге кетерде «Балам, көмектесе алмағаныма рен­жіме. Әскерден келген соң құжат ала­сың. Сосын екі жыл қызмет етіп, шетелге шығуға рұқсат беретін төлқұжат жасатып, анаңмен қауышасың. Шыдай тұр» деп жұ­бат­тым. Негізі, осындай жүрек тебірентетін оқиға көп. Бір кітап жазып шығуға жетерлік деректер бар. Сөз соңында осындағы бұқара халықтың басты көмекшісі болсам да, өзімді ерекше санамайтынымды айтқым келеді. «Сыйлағанның құлы бол» дейді қазақ. Жаны қалмай, мені ерекше құрмет­теп тұрған соң, олардың мәселесімен бас қа­тырып, жүгіре жөнелемін. Өзімнің 4 ба­лам, 7 немерем бар. Балабақшада тәр­бие­ле­ніп жатқан балақайларым тағы бар. Олар­дан «артылған» жылуды қазақ бауыр­ларыма жұмсап, оларға көмектескім келіп, алпыс екі тамырым бусанып, елжіреп тұра­мын. Құдайға шүкір, осындағы қазақтың ба­сын қоса алатын жағдайымыз бар. Тәжік­стандағы қазақтар тілі мен мәдениетін мақ­тан тұтады. Бастысы – Қазақстанда тыныштық болсын! Бей­біт­шілікке сызат түспесін! Бізді уайым­дамасын! Елдегі бауырлар біз тұрып жатқан елде қазақты жерге қаратпайтын өзіміздің адамдар бар екенін біліп жүрсін.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ