Жаңалықтар

Тәжікстандағы қазақ жастарына ана тілін үйретіп жүрген Зәуре

ашық дереккөзі

Тәжікстандағы қазақ жастарына ана тілін үйретіп жүрген Зәуре

Зәуре Саминова – Тәжікстан ас­танасы Душанбеде жеке балабақ­ша ашып, қоғамдық жұмыспен белсенді айналысып жүрген қазақ әйел. Ба­ла­бақ­шаның бір кабинетін 2006 жылы өзі құр­ған «Бәйтерек» қазақ қоғамдық бір­лестігінің кеңсесі етіп жабдықтап қой­ған. Негізгі жұмысынан бөлек, де­ма­лыс күндері 30-ға жуық оқушыға қа­зақ тілінен сабақ береді. Оған қоса, Тәжікстанның әр аймағында тұра­тын қазақтардың мәселесін шешемін деп талай есікті қағып, талай таба­л­ды­рық тоздырып, табандылық танытып жүр. «Елден келген қазақты көрудің өзі – бір мереке» деп ағынан жарылған қан­дасымызға хабарласып, Тәжікстан ау­мағында тұрып жатқан қазақтардың тұр­мысы мен тіршілігі туралы әңгіме өрбіттік.

Тәжікстанда 12 000-нан астам қазақ тұрады

– Тәжікстандағы қазақтар десе, бір­ден сіз еске түсесіз. Бірақ көпшілік сіз­ді сол жақта туып-өскен деп ойлап жүр­­се керек. Сол үшін ең алдымен Ду­шан­беге келу тарихыңыз туралы бірер сөз айта кетсеңіз. – Мен Шығыс Қазақстан облысына қарас­ты Күршім ауданында туып-өстім. Осы­дан 43 жыл бұрын Душанбеге оқу үшін кел­ген едім. Кеңес үкіметі кезінде 15 мем­ле­кетті бір ел ішінде жүргендей аралап жүре беруші едік қой. Алайда өзім қалаған дәрігердің оқуына түсе алмай, ақырында жеңіл өнеркәсіппен айналысатын фаб­ри­када жұмыс істедім. Кейін педагогикалық уни­верситетке оқуға түстім. Бір дипломды аздық етіп, заңгер мамандығын меңгеремін деп тағы университетте оқыдым. Көп жыл қатарынан балабақша меңгерушісі болып жұмыс істедім. Бұл істі жүргізу ұнап қалған соң, бір ауланы жалға алып, жеке балабақша аштым. Ал сол ғимараттың ішіндегі үлкен бөлмені «Бәйтерек» қазақ қоғамдық бірлес­тігінің кеңсесі етіп жабдықтадым. – «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігін бір өзіңіз құрдыңыз ба? – Иә. 2003 жылы елде өткен қазақ­тар­дың ІІІ Дүниежүзілік құрылтайына ша­қырыл­дым. Ол уақытта балабақшада істеп жүр­сем де, «Достық» қоғамы арқылы қо­ғам­дық істерге араласып жүргенмін. Сол құрыл­тайға келген соң, көзіміз де, көңіліміз де шайдай ашылды. Ауғанстанда, Түркияда, Иранда тарыдай шашырап жүрген көп қа­зақ­ты көріп, таң-тамаша болдым. Олармен етене араласып, хал-жағдай сұрасқан соң, біз­ге де бір ұйым құру керек екенін түсін­дім. Сол кездесуде Елбасы әр елден келген диас­пора өкілдерімен тілдесе келе, Тә­жік­станнан кім келгенін, қазақтар бірігетін ор­талық бар-жоғын сұраған кезде сасқа­ным­­нан «барлығын жасаймын» деп басым­ды изей беріппін. Душанбеге оралғаннан кейін елшілікпен ақылдасып, «Бәйтерек» бірлестігін ашамын деп шештім. Негізі, Душан­беде тұратын 5-6 қазақ отбасы бұрын­нан араласатынбыз. Көршім де қа­зақ. Бірақ осында тұратын бүкіл қазақтың ба­сын қосқым келеді. Сөйтіп, кімнің қайда тұра­тынын, немен айналысатынын анық­тап, тізім жасадық. 2006 жылы ашылған сол бірлестік арқылы көп игі істерге ұйытқы болып, қыруар шаруа атқардық. – Сабақты тегін жүргізесіз бе? – Әрине. Өз бауырларымнан қалайша ақ­ша аламын? Онсыз да жолақы қымбат. Ал олар маған сенбі-жексенбі сайын келеді. Со­дан соң олардан әр сабаққа ақша алсам, олар қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы кеміп қалады. Құдайға шүкір, тәжірибем, бі­лімім мен күш-қуатым жетіп тұрған уақыт­та көмектесуден тайынбаймын. Осы жерде аялап отырған жастарымыз ертең елге оқуға барып, қазақша түсінбей тұрса ұят емес пе? Өздері де жалғызсырап, жат се­зінеді. Арамызда тәжік тілінде сөйлейтін қа­зақ жастары да бар. Оларды елге 60-70 пайыз қазақша білетіндей етіп жіберемін. Ал ауылды жерде тұратын, мал бағатын отбасылар менен келіп «Әліппе», «Ана тілі» оқулығын алып кетеді. Оқулық жетпей қалса, елшіліктің көмегімен алған «Әліппенің» дискілерін таратып беремін. Негізі, бұл дискіні көп жағдайда әдейі бере­мін. Өйткені олар осылайша қазақ ті­лін өзге түркітілдес топқа кіретін тілдерден ажыр­ата алады. Тілден бөлек, демалыс күн­дері бойжеткендерімізге шелпек пісіру, қа­­мыр илеудің қыр-сырын үйретіп, олар­мен бірге ұлттық тағамдарды әзірлейміз. Қор­жынымызда мереке сайын киетін киім-кешек көп. Сондай-ақ Жамбыл облы­сының әкімі сыйлаған үлкен киіз үйіміз бар. Мереке сайын есік алдына тігіп қоя­мыз. Кітап қорымыз да қомақты. Мұрат Әуе­зов, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы мен елшілік сыйлаған көп кітап кітап­ха­на­мыздың «көркін» келтіріп тұр. Бұрын «Туған тіл» журналын алып тұрушы едік, қазір пандемияға байланысты электронды нұсқасын алып оқимыз. Ара-тұра Тәжік­стан үкіметі ұйымдастыратын көрмелерге, мемлекеттік жиындарға қатысып, қыз жа­сауларын, бесік жабдықтарын, ою-кес­телерімізді көпшілік назарына ұсынамыз. Бірлестік атқарған басты жұмыс деп 2009 жылы Душанбеде бес елден келген қазақ­тардың қатысуымен өткен кіші құрылтай­ды айтар едім. Бұрын атқарып жатқан ісімізді елдегі көпшілік біліп отыратын. CaspioNet телеарнасының өкілдері әрбір мере­ке сайын осында келіп, репортаж түсі­ріп қайтатын еді. Ал қазір «Мир» телеком­паниясының журналистері анда-санда келіп, сюжет жасайды. Дегенмен осындағы қазақтардың тарихын, тұрмысын зерттеу үшін елден келіп жатқан қандастар жетер­лік. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ар­найы келген бірнеше блогермен сұхбат­тастым. Бізге елден келген қазақты көрудің өзі – бір мереке. Шер тарқатып, көңіл жа­ды­рай түседі. Жуырда Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтынан кел­ген Ахмет Тоқтабайға біраз деректер жи­науға көмектестік. Алдағы уақытта жи­ған-тергенінен кітап қылып шығармақ ойы бар. Кітап демекші, Қазақстанда туып-өс­кен тәжік профессор Әбдісаттар Нұрғалиев орыс және қазақ тілінде «Тәжікстандағы қазақтар» атты кітап шығарған болатын. Осында қоныстанған қазақтардың тарихы ұмыт қалмай, зерттеліп жатқаны көңіл қуантады.

«Жыл сайын 7-8 отбасы атажұртқа көшеді»

– «Ауылды жерде тұратын, мал ба­ғатын ай­налысатын отбасылар менен келіп «Әліп­­пе», «Ана тілі» оқулығын алып ке­­теді» дейсіз. Шалғайда тұратын қа­за­қ­тармен қалай байланыс орна­та­сыз? Ол жақта бір-бір жетекші сайлап қой­дыңыз ба?