Елена Хрус­­талева: Олимпиадаға қатысатын әрбір спортшы фаворит саналады

Елена Хрус­­талева: Олимпиадаға қатысатын әрбір спортшы фаворит саналады

Елена Хрус­­талева: Олимпиадаға қатысатын әрбір спортшы фаворит саналады
ашық дереккөзі
Қазақстанда қысқы спорт түрі бойын­­­ша әлемнің үздік шеберлерімен бә­секеге түсе ала­тын спортшылар кем­­­де-кем. Тәуелсіздік алғалы бері қа­­­­­зақ­стан­дық спортшылар қысқы Олим­­пиада ойын­­­дарында 7 рет қаты­сып, онда 1 алтын, 3 күміс және 4 қола жүл­де иеленді. Спортсүйер қауым, әсі­ре­­се 2010 жылғы Ванкувер Олим­пиа­­дасында Олимп шыңын бағын­дыру­ға бір қадам қалғанда сүрін­ген, десе де төрт дүркін Олимпиада чем­пио­ны бе­ларусь Дарья Домрачеваны арт­та қалдырған биат­лоншы Елена Хрус­­талеваның ерлігін еш ұмытпайды. Ара­да 11 жыл уақыт өтсе де оларды ата­­­ғы жер жар­ған сол спортшының қа­­­зір қайда жүргені, қан­дай іспен ай­на­лысатыны қызықтырады. Осы мақ­сат­­­та және бір күннен кейін Қытай ас­­танасы Бей­жің­де шымылдығы түрі­ле­тін XXIV қысқы Олим­пиа­да ойын­дары туралы болжамын білу үшін Еле­­на­­ға хабарласып, аз-кем әңгіме­лескен едік.

– Барлығын қызықтыратын сұрақ: Қазір қайдасыз? Немен ай­на­лысып жүрсіз? – Бүгінде Еуропаның жетекші оқу орын­дарының бірінде магистратура бө­лімінде спорт этикасы мамандығы бойын­ша оқып жатырмын. Мен оқып жат­қан Эрасмус бағдарламасының ерек­шелігі сол, әр семестрді әр елде оқу­ға мүмкіндік береді. Халықаралық Олим­пиада комитеті Олимпиадаға, өзге де халықара­лық жарыстарға қатысқан спорт­шыларға осы грантты ұтып алуға сеп­тігін тигізеді. Былайынша, бұл грант­ты оқуға құлшынысы мол кез кел­ген талапкер ұтып ала алады. Десе де, бұл оқуға оңай түстім деп айта ал­маймын, ұсыныс-хаттар жинап, ағыл­шыннан тест тапсырдым, сондай-ақ сұхбаттасу процесінен өттім. Сөйтіп, қыр­күйек айында грант иегері атан­ға­ным белгілі болды. Бүгінде бірінші семестрді ойдағыдай аяқтап, Алматыда де­малыста жүрмін. – Оқуға түскенге дейін ара-тұра спорттық жүріспен, кейіннен пи­ла­­теспен кәсіби түрде айналыс­қа­ныңызды білеміз. – Иә, үнемі өз бабыңда болған соң спорттан біржола қол үзу қиын. Сол үшін спорттық жүріспен айналыс­қа­ным бар. Бұл – бір жағынан пайдалы хоб­би. Денеңді шынықтырып қана қой­май, бірге жүгіретін достарыңмен көп шүйіркелесуге мүмкіндік береді. Ал пи­латеспен әу баста денсаулығымды кү­тіп ұстау үшін айналысқан едім. Уа­қыт өте келе менімен бірге жаттыққысы ке­летіндердің қатары көбейіп, ақыры кәсіби түрде шұғылдануды қолға ал­дым. Осылайша, ара-тұра жаттық­тыру ісімен айналысқанмын. Тіпті, карантин кезінде достарымның өтініші бойынша олардың балаларын жаттықтырған едім. Бірақ қазір оқуыма байланысты бұл жұмыстан қол үздім. – Қазақстан биатлоншылар ода­ғының вице-президентісіз. Он­да сізге артылған міндет қандай? – Онда маған жүктелген міндет қо­­ғамдық жұмыспен тығыз байла­ныс­ты. Көбіне консультациялық көмек көрсетумен айналысамын. Қазір оқуда жүр­сем де, ол жақтағы жұмысымды қа­тар алып жүруге тырысамын. – Елена Хрусталеваның жүлдесі үшін жарыстар өткізіліп тұратын еді, қазір бұл іс тұралап қалған се­кіл­­ді. Ал сіздің есіміңізбен атала­тын Олимпиадалық қордың жұмы­сы ше? – Жоқ, ол сайысты жыл сайын өт­кі­зіп тұруға тырысамын. Екі жыл бұ­рын сондай жарыстардың бірінде Олим­­­­пиадалық қор құру туралы идея туын­дады. Дәл сол уақытта жүлде қо­рын ұсынатын демеушілер де табыла кет­ті. «Бұл қорды құруға не себеп бол­ды?» деп сұрасаңыз, қор болса, жарыс­тар өткізу әлдеқайда оңай. Мақсатым – ме­нің атымды «ұлықтау» үшін жарыстар өт­кізу емес, қысқы спорт түрлеріне қы­зыққан барлық балаға ортақ мереке ұйым­дастыру. Осы мақсатта көп жұмыс істеуді көздеймін. Оқуымды тәмамда­ған соң, елге оралып, бұл істі жалғас­тыр­мақпын. – Ертең Бейжіңде басталатын қыс­қы Олимпиада ойындарында ба­ғын сынайтын біздің биатлон­шылардың дайындық жұмысын бақылаған боларсыз. Көпшілік «жасөспірімдер арасында жасын­дай жарқыраған Галина Виш­невс­кая-Шепоренко үздік үштікке ілін­се екен» деп тақымын қысып отыр. – Оқуға түсуіме байланысты олар­дың бұл басты додаға дайындалу про­це­сін толық бақыладым деп айта ал­май­­мын. Десе де, оқу-жаттығу жиыны жақ­сы өткенін білемін, олар көп сайыс­қа қатысты, бірде жоғары нәтиже көр­сетіп қуантса, енді бірде керісінше үз­дік­тер қатарынан көріне алмай жүрді. Жал­пы, оларды түсінуге болады, өйт­кені құрамадағы атлеттердің дені – жас­тар. Ал Галинаның жиған-терген тә­­жіри­бесі мол. Оны ересек спорт­шы­лар қатарына жатқызуға болады. Ал ере­сек жастағы атлетке бәрінен қиын. Өз басымнан өткен соң мұны жақсы тү­сінемін. Өкшеңді басып келе жатқан жас­тармен бәсекелесу үшін үнемі ба­быңда жүруің керек, екі есе жаттығуың қажет. Бірақ құрамадағылар менен жат­тығу жиындары туралы ақыл-кеңес сұра­мады, сол себепті олар біз айтпасақ та барлығын жақсы біледі деп ой­лай­мын. – 2018 жылғы Пхенчханда өт­кен қысқы Олимпиада ойын­дарын­да қола жүлдені қанжыға­ла­ған фристайлшы Юлия Галышева осы Олимпиадада да атой салады деп сенім артып отырмыз. Әлеу­мет­тік желідегі парақшаңыздан бай­қа­ғанымдай, Юлия екеуіңіз ай­ны­мас дос екенсіздер. Юлиядан басқа да спортшылармен әлі күнге дейін жақсы араласатын секілдісіз. – Иә, Юлия Галышева екеуміз – ара­мыз­дан қыл өтпес доспыз. Тек достасып қоймай, ара-тұра оны жаттықтырамын, ақыл-кеңесімді айтамын. Юлияны бас­ты фавориттердің бірі ретінде қарас­тыра­тыны айтпаса да түсінікті. Десе де, Олим­пиада жолдамасын ұтып алған әр­бір атлеттің чемпион атануға мүм­кін­дігі бар. Төртжылдықтың баст дода­сында мықтының мықтысы ғана сынға түседі. Дегенмен спорт – болжап бол­май­тын сала. Нәтижеге қол жеткізуге спортшының сайысқа сақадай-сай болуы ғана әсер етпейді. Қазір біз до­пинг­тен емес, ковидтен «қорқатын» за­манда өмір сүріп жатырмыз. Қалтаң­да жолдама болса да, ПТР-тест оң нә­ти­же көрсетсе төрт жыл бойы дайын­дал­ған жұмысыңның «күлі көкке» ұша­ды. Ал ол тест тіпті өзіңді жақсы се­зін­сең де, ойламаған жерден басқа нәтиже беруі мүмкін. Сол үшін ең ал­ды­мен барлық қазақстандық спортшы тестілеуден аман-есен өтіп, жа­рыс алаңына сүрінбей жетсін деп ті­лейік. Сосын, әлбетте бабы мен бағы келіс­сін деп тілейік. Тек Юлия ғана емес, Қазақстан атынан қатысатын кез келген спортшы фаворит саналады. Олим­­пиада үміт артып отырған фрис­тайл­шымыз Павел Колмаков биыл Әлем кубогында күміс жүлдегер атанды. Коньки тебушілер мен шорт-трек ко­ман­дасы да жеңіс тұғырына көтерілді. Ал шаңғышылар мен биатлоншыларға сәттілік серік болсын дер едім. Галина нысананы көздеу сайысында жақсы нәтиже көрсете алады, қалған фак­тор­лар да үйлесе кетсе екен деп тілеймін. Се­бебі биатлонда көп нәрсе ауа райына бай­ланысты, кез келген уақытта шаңғы мен винтовка істен шығып қалуы мүм­кін, сондықтан техникалық жағы тағы бар. Тіпті, сөре сызығында бір қатарда тұр­ған қарсыластарың да жарысты сәт­ті бастауыңа ықпал етеді. Жалпы, қыс­қы спорт болсын, жазғы спорт бол­сын, Қазақстан атынан ірі жарыстарға қатысқан спортшылардың нәтиже­лерін қадағалап отырамын. Олармен бір­ге қуанып, бірге мұңаямын. Қа­зақ­стан­дық спортшылардың арасында Юлия секілді сенімді серігіме айналған ат­леттер көп. Арасында спортпен қош айтысқандары да бар, қазір ел намысын қор­ғап жүргендері де бар. Сондықтан олар­ды қай істі қолға алса да, қай жа­рыс­та жүрсе де үнемі қолдауға, қолпаш­тауға тырысамын.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ