Жаңалықтар

Петропавлда студенттерді 2 млн теңгеге алдап кеткен күдікті қолға түсті

ашық дереккөзі

Петропавлда студенттерді 2 млн теңгеге алдап кеткен күдікті қолға түсті

Солтүстік Қазақстан облысының орталығында алаяқ бірнеше студентті алдап, қомақты қаражатты қалтасына басқан. Жуырда тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап ұстады, деп жазды turkystan.kz. Қаскөй алаяқтық құрбандарын таныстары арқылы тауып, оларға сыйақы үшін ұялы телефон алуға тауарлық несие ресімдеуге көмегін ұсынып, кейін банктегі танысы арқылы несиені өтеп беретінін айтқан. Жәбірленушілер алған телефондарын алаяққа беріп, уәде етілген 10 мың теңгелерін алған. Алайда, біраз уақыттан кейін несиелерінің жабылмағанын біледі. Бірнеше арыздан кейін петропавлдық жедел уәкілдер күдіктіні ұстады. Ол 20 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті күзетпен қамауға алынды. «Қазіргі уақытта істе оншақты эпизод бар. Жәбір көрушілердің тізбегін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Айта кететіні, олардың барлығы дерлік студенттер, жастары күдіктімен шамалас. Олар несие ресімдеу үшін жеке мәліметтерін берген. Енді алаяқ құрбандарына несиелерін өздеріне төлеуге тура келеді. Екі ай бұрын дәл осындай алаяқтық түрімен жұмыс істегенбіз. Осыған байланысты көпшілікті күмәнді ұсыныстарға келіспеуге және жеке мәліметтеріңізді бейтаныс адамдарға бермеуге шақырамыз», – деді қалалық ПБ бастығы Жандос Мұқатов.