Чернобыль құрбандарына ескерткіш қойылды

Жезқазған қаласында Чернобыль апатының құрбандарына ескерткіш орнатылды. Отыз жыл бұрын орын алған техногендік апат зардабын жоюға қатысып, соның салдарынан мезгілінен бұрын бақилық болған боздақтарды есте қалдыру белгісі «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің демеушілігімен қойылды.

Сонау 1989 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом элек­тр стансасында болған жарылыс, оның салдары мыңдаған адамның өмірін жалмады. Апат зардаптарын жоюға Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен 600 мыңдай адам тартылды. Бір ғана Қазақстаннан 30 мыңнан астам адам барса, соның екі жүзден астамы жезқазғандық азаматтар болған. Солардың бәрі ауаға жайылған аса қауіпті радиациядан бейхабар еді. Жарылыстың өзінен емес, оның салдарынан, яғни, апат болған жерді тазартамыз деп, өздері кесел тапқан бейбақ жандардың дені осы күндерге жете алған жоқ. Кейін белгілі болғандай, Чернобыль АЭС-ындағы жарылыс Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбасынан 400 есе күшті болған екен.

Ескерткіштің ашылуына арналған жиынға Жез­қазған қаласының әкімі Ба­тырлан Ахметов, Жезқазған қала­лық мәслихатының хатшысы Советбек Медебаев, «Чер­но­быль жаңғырығы» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Мұхит Үңгітбаев сөз алып, лебіздерін білдірді. Жиналған көпшілік апат құрбандарына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқ­тарын қойды.

Жезқазғанда бүгінде Чер­нобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан 93 азамат тұрады. Ескерткіштің орны солардың ұсынысымен осыдан жарты жылдай бұрын белгіленген болатын. Жез­қазғандық жазықсыз құрбан­дардың есімдері ескерткіштің қос қапталына қашалып жазыл­ған.

Back to top button