Анкарада ашылған қазақ əдебиеті орталығы
Анкарада ашылған қазақ əдебиеті орталығы
Анкарадағы Түркия Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің орталығы ашылды. Бұл орталық – Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-рухани байланыстардың жарқын үлгісі болды.
Орталықтың ашылу салтанатына Түркия Ұлттық кітапханасының басшысы Зүлфи Томан, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы сирек кітаптар және қолжазбалар қызметінің жетекшісі Әлия Қожабекова және осы кітапхананың өнер әдебиеттері секторының жетекшісі Әлфия Ілиясова, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның зиялы қауым өкілдері, сол елде білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты.
Орталықта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары, көрнекті жазушылар Ілияс Есенберлиннің, Әбіш Кекілбаевтың, белгілі түркітанушы-ғалым Александр Гаркавецтің және басқалардың еңбектері қойылған.
Орталықтың ашылу салтанатына қатысушылардың айтуынша, осы кітаптардың арқасында түрік бауырлар Қазақстанның экономикасы, саясаты, сондай-ақ қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық құндылықтары туралы терең танып білетін болады.
Жиын барысында Түркия Ұлттық кітапханасының басшысы Зүлфи Томан түркиялық оқырмандарға, сонымен қатар зерттеушілерге Қазақстаннан арнайы жеткізілген кітаптар негізінде ашылып отырған жаңа орталықтың пайдасы зор екенін айтты.
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы сирек кітаптар және қолжазбалар қызметінің жетекшісі Әлия Қожабекова Зүлфи Томан мырзаға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Түркия Ұлттық кітапханасын 70 жылдық мерейтойымен құттықтау хатын жеткізді.
«Бұл Түркия Ұлттық кітапханасының тарихында ғана емес, күллі әлем кітапханаларының қауымдастығы үшін де ерекше орын алатын оқиға болып табылады. Ұлттық кітапхана – Түрік Республикасының мәдени және ғылыми өмірінің орталығы ретінде танымал. Сіз Ұлттық және әлемдік мәдени мұраның лайықты деңгейде сақталуына, білім мен ғылымның дамуына, жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосып келесіз. Қазақстан мен Түркияны ортақ тарих, мәдениет және тілдік негіздер біріктіреді. Бұл жаңа идеялар мен жобаларды дүниеге әкеліп, оларды бірлесіп іске асыруға шабыттандырады!» делінген ведомство басшысының құттықтау хатында.
Айта кетейік, аталған қазақ әдебиеті мен мәдениетінің орталығы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, сондай-ақ Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы ашып отыр.