Ақтөбеліктердің мақтанышы – Шалқар көлін малдың тезегі бүлдіріп жатыр

Ақтөбеліктердің мақтанышы – Шалқар көлін малдың тезегі бүлдіріп жатыр

Ақтөбеліктердің мақтанышы – Шалқар көлін малдың тезегі бүлдіріп жатыр
ашық дереккөзі
Соңғы жылдары Ақтөбе облысындағы Шалқар көлінің мәселесі бітер емес. Су айдынының түбіне жиналған батпақты тазалау мәселесі қазір мемлекеттік деңгейдегі үлкен проблемаға айналып отыр. Енді көлдің айналасында мал ұстаған шаруа қожалықтарының саны арта түскен, деп жазды turkystan.kz. Былтыр көлді тазалауға бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінген болатын. Алайда оның жыры әлі де бітер емес. Көл жанашырлары тазарту жұмыстары басталғалы су айдынының айналасына бақылау жүргізе бастаған. Ал жақын күндері аудан тұрғындары мал бағып отырған 12 шаруа қожалығын анықтапты.
«Осыдан бір апта бұрын бірнеше жігіт көлдің айналасын дронмен фото-видеоға түсірді. Көлден 100 метр қашықта үлкен қора салып, мал ұстап отырғандар бар. Барлығын бейнежазбаға түсіріп алдық. Көлдің айналасына мал ұстаса, оның қи-тезегі бүлдіреді. Айналасындағы көк шөптен түк қалдырмайды», - дейді аудан тұрғыны Жайлау Қалиев.
Көл жанашыры Ерлан Әбдікәрім де көлдің маңынан жалға алынған жердің мақсатты пайдаланылуы қажеттігін айтады. Егер жер бау-бақша жүргізуге алынса, сол мақсатта қолданылуы керек. Көлдің айналасында мал ұстауға болмайды. Әйтпесе табиғатқа орасан зор қауіп төнеді. Шалқар қаласындағы халық бау-бақшаға осы көлдің суын алады екен. Сондықтан аудан әкімдігінен осы мәселені шешіп беруді сұрайды.
«Көлдің жағасында қора салып, мал ұстап отырған шаруа қожалықтары бар. Тіпті, Кеңес үкіметінің тұсынан бері отырғандар да кездеседі. Олар бау-бақша үшін жер алып, бергі жағына бақша салады да, арғы жағына мал ұстайды. Осы мәселемен былтырдан бері айналысып жатырмыз. Қазір 7 шаруашылықты анықтадық. Бір шара қолданамыз. Бұл жерде мал ұстаймын дегендер көлдің айналасынан кетуі керек», - деді аудан әкімі Жанболат Жидеханов.