Жаңалықтар

«Дикий Арман» қамауда жоқ»: адвокаты шұғыл мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

ашық дереккөзі

«Дикий Арман» қамауда жоқ»: адвокаты шұғыл мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Бүгінге дейін қамауда отырған Арман Жұмагелдиевтің қазір қайда екені белгісіз. Оның адвокаттары қорғалушының қайда екенінен бейхабар. 1 ақпан күні түнде шымкенттік заңгер Талғат Есімов Facebook-тегі парақшасында шұғыл тікелей эфир ұйымдастырды, деп хабарлады turkystan.kz exk.kz-ке сілтеме жасап. Адвокат Евгений Яровскийден басқа Арман Жұмагелдиевтің үш бірдей адвокаты - Талғат Есімов, Виктор Кривоносов және Қуат Сәлиев желіде шұғыл тікелей эфирге шықты. Қаңтар оқиғасынан кейін прокуратура органдарының Арман Жұмагелдиевті қамауға алғаны мәлім. Оның Алматыдағы тергеу изоляторында жатқанына екі аптаға жуықтады. «Әріптесім екеуміз осыдан бір күн бұрынғы кездесуді санағанда, онымен екі рет жүздестік. Бізбен бірге ҚР Бас прокуратурасы құрған ведомствоаралық тергеу-жедел тобының мүшелері кірді. Жауап алу кезінде Арман Жұмагелдиев тергеу органдарымен ынтымақтасатынын айтты», - деді Талғат Есімов. Қорғаушылар 2 ақпанда «Дикий Арманмен» кездеспек болған. Алайда кешке олар қорғалушысының тергеу изоляторында жоқтығын біледі. Адвокаттар мұның заңсыздық екенін, бұл туралы оларға ешкім хабарламағанын айтты. «Оны қайда және не үшін алып кеткені белгісіз. Біз тергеу органдарына хабарластық, олар да болған жағдайдан бейхабар», - дейді Талғат Есімов. Бұған дейін Арман Жұмагелдиев куәлік беруге дайын екендігін мәлімдеген. Қорғаушылардың бірі Виктор Кривоносов «Дикий Арманның» жоқ болып кетуін осы жағдаймен байланыстырып отыр. «Тергеу тобының мүшелері Жұмагелдиевтің куәлік беруге дайын екенін білді. Ол өзінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін куәлік беретінін айтты. Бас прокурор, бұл не деген бассыздық?!» - деді Виктор Кривоносов. «Дикий Арманның» адвокаттары қорғалушысының суицидке бармайтынын айтты. «Арман Жұмагелдиев суицидке бармайды. Оның өмір сүргісі келеді және ол өз құқығын қорғауға ниетті. Сотталушы бізді ешқашан өз-өзіне қол жұмсамайтынына сендірді», - деп атап өтті Виктор Кривоносов. Арманның адвокаттары қоғамда қайта тәртіп орнағаннан кейін түсініксіз өлім-жітімнің көбейгеніне алаңдаулы. Сондай-ақ олар қорғалушының өмірі мен денсаулығын сақтап қалу үшін қолдан келгенін жасап жатыр. «Адвокат әрқашан қорғалушысының жағдайы туралы хабардар болуы тиіс. Бірақ бізге бұл туралы ешкім ештеңе айтқан жоқ. Біздің білуімізше, Арман Жұмагелдиев тергеу изоляторынан шығарылған. Алайда оның қазір қайда екені білгісіз», - деді Қуат Сәлиев. Президент пен Бас прокурорға үндеу жолдаған адвокаттар Арман Жұмагелдиев ісінің заң аясында қаралуын сұрады.