Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғындары жолдың азабын тартып отыр (ВИДЕО)

Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғындары жолдың азабын тартып отыр (ВИДЕО)

Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғындары жолдың азабын тартып отыр (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Қостанай облысындағы шалғай ауылдарға қатынау қиындап барады, деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап. Кедір-бұдыр жолмен көліктің жүруі мүмкін емес. Облыс орталығынан 700 шақырымдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы елді мекенге баратын жол тіпті сын көтермейді. Оның кейбір бөлігіне асфальт та төселмеген. Ал онда тұратын халық атақонысты тастап, ешқайда көшкісі келмейді.
«Бұл - Ахметтің туған жері. Сондықтан біз бұл жерден көшпейміз. Тірлік жасаймыз қалайда. Кімге де болса атамекені ыстық қой. Малмен күн көреміз», - деді Ахмет ауылының тұрғыны Әбсалық  Жақсымбеков.
Ахмет ауылымен арасы 9 шақырымдай болатын көршілес Ақкөлдегі жағдай да осындай. Тұрғындар саны шамалас, түйткілдері де ортақ. Сапалы жолдың жоқтығы екі ауылдың ел-жұртына қиындық тудырып отыр. Қыста қар астындағы соқпақтың ой-шұңқыры көрінбейді.  Ал жазда жағдай өте қиын.  Ми батпаққа малтығып, жолда қалу бұл жақтағы тұрғындар үшін үйреншікті жайтқа айналып кеткен. Екі жыл бұрын екі ауылдың ортасына - Жыланшық өзенінің үстінен көпір салынды. Биыл 450 миллион теңгеге 107 шақырымның 11 шақырымына асфальт төселмек.
«Биыл  Ахмет Байтұрсынұлы ауылының инфрақұрылымын жақсарту бойынша бірқатар жоба іске асырылатын болады. Бұл - сапалы интернет жүргізу, ауыз сумен қамтамасыз ету, елді мекендер арасындағы жолдарға тас жол төсеу сияқты жұмыстар. Сондай-ақ автомобиль жолдарын қалыпқа келтіру жоспарда бар», - деді Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алыстағы ағайын атқамінерлердің айтқанын орындайтынынан үмітті. Сапалы жол салынса, ұлт ұстазының кіндік қаны тамған өлкеге тың серпін береді деп сенеді.