ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ГЕОСАЯСИ АХУАЛ

ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ГЕОСАЯСИ АХУАЛ

ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ГЕОСАЯСИ АХУАЛ
ашық дереккөзі
ХХ ғасыр екі дүниежүзілік соғыс, ядролық бомба және қырғиқабақ соғыспен есте қалған болса, ХХІ ғасырда адамзатты нендей жағдай күтіп тұр? Бұл сауал бүгінгі күні адамзаттың көпшілігін мазалайтын маңызды сұрақтардың біріне айналып отыр. ХХ ғасыр тарихтағы бірнеше ірі қантөгіспен ғана емес, өнеркәсіп төңкерісімен, экономиканың қарқынды өрлеуімен, ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып, адамның экономикалық-әлеуметтік маңыздылығының төмендеуімен ерекшеленеді. ХХІ ғасыр бұл орайда әлемді қайда бағыттайды? Адамзатты қайда жетелейді? Қазақстан да бұл тұрғыдан әлемдік үдерістерден тыс қала алмайтыны анық. ХХІ ғасырда белгілі бір мемлекетті геосаяси басымдыққа жетеді деп айту қиын. Әрине, Кеңестер Одағын ыдыратып, социалистік лагерьдің бәсекелестігінен арылған АҚШ қысқа уақытқа болса да әлемдік доминантқа айналу мүмкіндігіне ие болды дей аламыз. Дегенмен бұл жағдай ұзақ сақталуы мүмкін бе? Бүгінде екіполярлы әлем монополярлы, яғни бірполярлы әлемге айналды деуге бола ма? Ең алдымен екі ғасыр тоғысындағы сая­си жағдайды саралап көрелік. Кеңестер Одағының қуатты империяға – екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдегі қуатты саяси күшке айналуы әлемдік деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық саясатқа үлкен өзгеріс енгізді. Мемлекеттің реттеуші орны күшейіп, нарыққа ықпал ету жолдары кеңінен қарастырылды. Мемлекет әлеуметтік жауапкершілікті субъектіге айналды. Білім беру ісі мен ғылым саласындағы ұлы державалардың ара­сындағы бәсекелестік жаңа тех­но­логиялық жаңалықтарға кеңінен жол ашты. Геосаяси деңгейде мем­ле­кеттің гегемониясы анықталып, өзге мемлекеттердің дамуына түрлі көз­қарастар пайда бола бастады. Бұл белгілі бір дәрежеде пайда әкел­ге­німен кері ықпалға ие болған гео­сая­си құбылыстар да пайда болды. Соның ішінде ресми түрде болмаса да мемлекеттердің терроризм мен әс­кери күшті қолдануы саясаттың көп қаруының ішінде маңызды сипатқа ие бола бастады. Алайда дәл осы ХХ ғасырдың аяғында түрлі әдіс­тер­дің нәтижесінде жеңіске жетіп, басым­дыққа ие болған АҚШ өзінің геге­мониясын орнату арқылы әлемге тұрақ­тылық кепілін беруі керек секілді еді. Алайда, әлем ондай тұрақтылыққа қол­ жеткізе алмады. Неліктен? Біріншіден, ХХ ғасырдың ая­ғы­ әлемдік геосаяси кеңістіктің эконо­ми­калық мүддемен қаншалықты дә­режеде байланысты екендігін көр­сетіп берді. Қырғиқабақ соғыс жыл­да­рында АҚШ пен Кеңестер Одағы өз экономикаларын әскери заман талаптарына сәйкестендірді. Ресми түрде тараптар бір-біріне соғыс ашпағанымен үнемі соғысқа дайындық жағдайында өмір сүргендігі белгілі. Бұл экономикадағы әскери-өндірістік кешеннің нығаюына тікелей ықпал етті. Кеңестер Одағы секілді алпауыт мемлекетті ыдыратуға тікелей ықпал еткен факторлардың бірі осы десек артық айтқандық болмас. Кеңестер Одағы тұтыну дағдарысынан құтқару үшін тіпті бірнеше аймақтық яғни локалді соғыстар жүргізуге мәжбүр болды. Бүгінгі күнгі бірқатар локалды соғыстардың себебі де сонда жатыр десек болады. Кеңестер Одағы ыдырай салысымен АҚШ Кеңестер Одағының бұрынғы тілеулестеріне қарсы бірнеше ірі қақтығыстар ұйымдастыра алды. Тіпті Кеңестер Одағы өзінің тоқырау кезеңінде АҚШ-тың Иракқа кіруіне санкция жасаған болатын. Онан соң кезек Босния мен Герцеговина, Югославия секілді мемлекеттерге келді. Мұндағы мақсат үшеу, біріншіден, АҚШ әскерінің арсеналдарында Кеңестер Одағына қарсы соғыс болған жағдайға арнайы жиналған қарудан босатып, қайта қарулану мүмкіндігін ашу. Яғни қару өндірушілерге жаңа тапсырыстар беру арқылы экономиканың маңызды секторына қолдау көрсету. Екіншіден, әр түрлі аймақтарда өздеріне сенімді одақтас бола алатын үкімет отырғызу. Үшіншіден, аймақтық тұрақсыздықты тудыру арқылы өзіне деген саяси-әскери мұқтаждықты күшейту. Ол кезеңде бұл әрекеттердің барлығы АҚШ үкіметіне кешірілді. Бүгінгі жағдай өзгерді ме? Сөзсіз өзгерді. Бүгінгі күні әлем­де жаңа қарқынмен күш алып келе жат­қан өсу орталықтары пайда бол­ды. Олардың бірқатары БРИКС тобы­ның мүшелері болып табылады. БРИКС мемлекеттердің атауының бас әріп­терімен айқындалатын түсінік. Нақтырақ айтсақ, Б – Бразилия, Р – Ресей, И – Үндістан, К – Қытай, С – Оңтүстік Африка республикасы. Бұл мемлекеттер экономикасының өсу қарқыны бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы орындарды иеленіп отырған мемлекеттер. Мұның тысында бұл мемлекеттер адам ресурстарының көп­тігімен ерекшеленеді. Сарапшылардың ай­туына қарағанда, ХХІ ғасырда БРИКС мемлекеттері экономикасының өсімі осылай жалғаса беретін болса, бұл мемлекеттер әлемнің жетекші экономикалық күшіне айналуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда әлемдік геосаяси теңдік те өзгеретіндігі сөзсіз. Әлемдегі ең қызықты аймақтардың бірі Оңтүстік-шығыс Азия елдері болып отыр. Малайзия, Сингапур, Индонезия, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің басын қосатын аймақ бұрынғы даму қарқынынан айрылар емес. Бұл аймақтың дамуына тікелей ықпал ететін ел болашақта Қытай болатындығы сөзсіз. Әлемдегі келесі алпауыт күш Қы­тай болатындығы сөзсіз. Қытай сая­саты көптеген жылдар бойы адам ресурстарының көптігімен ерек­ше­ленетіндіктен аталмыш елдің не­гізгі мақсаты – экономиканы өр­кен­детіп, сосын ғана ғаламдық дең­гей­де өз амбицияларын айқындау еді. Соңғы жылдары Қытай Халық Рес­публикасының әлемдік аренада ала­тын орны бұл мемлекеттің сыртқы саяси белсенділігін арттыруға тікелей ық­пал етті. АҚШ-тың ғаламдық дең­гейдегі экономикадағы басты қар­сыласы Қытай соңғы жылдары эко­номикалық жетістіктерімен эконо­ми­каның көптеген көрсеткіштері бой­ынша АҚШ-тан озып, кейбір көр­сеткіштер бойынша теңесіп үлгер­ді. Экономикалық табыстар саяси бел­сенділікке арқау болады деп қа­рас­тырар болсақ, Қытай соңғы жыл­дары саяси аренада дауысын кө­теріп жүрген елдердің қатарына қо­сылды. Бұл Сирия мәселесінде айқын көрініс тапты. Біріккен Ұлттар Ұйымында гуманитарлық апатты болдырмау үшін Сирияға тез арада әскер кіргізу ниетін жасырмаған АҚШ және одақтастары оның Ресей мен Қытайдың қарсылығына тап болды. Бұлдан соң, аталмыш мемлекеттерге ризашылығын жасырмаған Башар Асад Сирияның жаңа шикізат өндіру және жер қойнауын пайдалану туралы шарттарына Ресей ие болса, әскери әрекеттер аяқтала салысымен Сирияны қалпына келтіру жұмыстары толықтай қытай кәсіпкерлерінің қолына берілетіндігін жария етті. Мұның тысында Қытай өзінің сырт­қы саясатының тиімділігін арт­тыру мақсатында әлемнің ең ірі инвес­ти­ция экспорттаушы мемлекетіне ай­налып отыр. Соңғы жылдары Африка құрлығына ірі көлемде инвестиция сал­ған мемлекеттердің қатарын анық­тап қарасақ алғашқы орында Қытай тұрғандығын аңғарамыз. Қытай Африка құрлығындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың қаты­су­шысы, жер қойнауын пайдалануға инвес­тицияны белсенді түрде салушы мем­лекет болып табылады. Мұның себе­бі неде? Біріншіден, Қытай соңғы жылдары экономикалық өсімнің төмендеуіне қарамастан әлемнің ең қарқынды дамушы мемлекеті болып отыр. Алайда ел дамуы үшін, маңызды экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін экономикаға кең мөлшерде энергетикалық ресурстарды тарту қажет. Қарқынды дамып келе жатқан эко­номиканың мұқтаждықтары да­ жылдам өсіп келе жатыр. ХХ ғасырдың ортасында Қытай маңызды мұнай экспорттаушы мемлекет болса, бүгінгі күні мұнай өндіруде әлемдегі алғаш­қы 5 мемлекеттердің қатарында орнын сақтап қалғандығымен, мұнай өнім­дерін импорттауға мәжбүр болып отыр. Бұл мағынада Қытай Африка секілді әлі инвестициялар нарығы жетілмеген, әлемнің назарына жеткілікті дәрежеде ілікпеген, алайда табиғи ресурстарға бай құрлыққа көз тігуі заңды құбылыс. Екіншіден, Қытай АҚШ долла­рының ең үлкен тұтынушысы болып табылады. Қытай сонымен қоса АҚШ мем­лекеттік құнды қағаздарының ба­сты тұтынушысы, яғни егесі. Бұл жағдайда экономикалардың өзара тәуелділік деңгейін азайту және АҚШ долларының тәуекелін күшейтпеу мақсатында үкімет қолын­да жиналған долларларды мүм­кіндігінше инвестиция ретінде құюға мүдделі. Өйткені бұл жағдайда мемлекет өзінің ең сенімді емес активі болып табылатын АҚШ долларын маңызды минеральды ресурстар мен жер қойнауына айырбастайды. Әдетте жабықтығымен ерекшеленетін Африка құрлығының елдері неге Қытайға сондай ашықтық танытуда? Мұның да өзіндік себептері бар. Біріншінден, Қытай Батыс Еуропа мемлекеттері секілді мемлекеттік биліктің «демократиялық дәстүрлерге» арқа сүйеген-сүйемегендігіне мән бермейді. Яғни мемлекеттегі саяси режим Қытайды тоқтататын фактор дей алмаймыз. Бұл қаржыға зәру диктаторлық режимдердің Қытай инвесторларына көптеген жеңілдіктер беруіне ықпал етеді. Осылайша Қытай өзі үшін маңызды бірнеше мәселені тиімді жолмен шешу мүмкіндігіне ие болады. Біріншіден, табиғи ресурстар тиімді баға және қолайлы шарттарды сақтай отырып, иелігіне көшеді. Екіншіден, елде қордаланып қалған АҚШ доллары мен құнды қағаздар азаяды. Оның үстіне жергілікті ерекшеліктерді дұрыс бағалай алатын қытайлықтар өз жұмысшы күшін тіпті Африка секілді кедей құрлыққа да жеткізіп үлгерді. Әлемдегі процестерге ықпал ететін маңызды құрылым Ресей болып қала береді. Путиннің тұсында ел экономикасын қалпына келтіріп, экономиканың түрлі секторларында мемлекеттің ықпалын күшейте алған Ресей өзінің әскери-өндірістік әлеуетін біртіндеп қалпына келтірсе, екінші жағынан қайта жинау саясатын жалғастырды. Бүгінгі күні Ресей ХХ ғасырдың аяғындағы жағдайға қарағанда кемеліне келген халықаралық аренадағы маңызды әрі белсенді ойыншыға айналды. Экономикалық өсімді тиімді интеграциялық саясатпен ұштастыруға тырысатын Ресей бүгінгі күні Еуропа одағымен де, бұрынғы Кеңестер Одағындағы мемлекеттермен де тығыз байланыстан ажырамауға тырысады. Мәскеу – үшінші Рим қағидасы Ресей сыртқы саясатындағы ең негізгі аксиомалардың біріне айналуда. Бұл деген Ресей тұтастай христиан әлемін біріктіретін саяси күшке айналуы мүмкін деген сөз. Маңызды экономикалық әрі саяси ықпалдың орталығы – Еуропа болып қала бермекші. Еуропа елдерінің бірлігінің нәтижесінде пайда болған Еуропалық одақ – экономикалық әлеуеті жағынан әлемнің жетекші орталықтарының бірі болып отыр. Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия секілді әлемнің ең ірі экономикаларын біріктіріп отырған одақ өзіне жаңа стратегиялық мақсаттар қоюда. Шынына келетін болсақ, бұл елдер ХХ ғасырда екі бөлікке бөлінген, өздерінің саяси ықпалынан біртіндеп айрылған мемлекеттерден тұратындай болып көрінеді. Әсіресе Саркозидің президенттігі тұсында НАТО-ға кірген Франция азуынан айрылған арыстандай көрінгенімен, шын мәнінде толыққанды еуропалық интеграция идеясы жүзеге асатын болса, бұл елдер дербес, қуатты бірлестікке айналып, жаңа әлемдегі ең маңызды орталық ретінде қалыптасады деген ойдамыз. Біріккен Еуропадағы экономикалық дағдарыс интеграциялық қағидалардың толыққанды жүзеге аса алмауынан болып отыр. О баста Еуропа одағы федератившілдер мен юнионистердің келісімінің нәтижесінде пайда болған одақ. Федератившілдер мемлекеттерден жоғары тұрған органдар жүйесін жетілдіру арқылы қуатты мемлекет тәріздес құрылым құрып, біртіндеп федерацияға айналу идеясын қолдаса, юнионистер мемлекеттердің егемендігін сақтай отырып, федеративті мемлекетке қарағанда мемлекеттер одағына жақын келетін конфедеративті құрылым құру идеясының жақтаушылары болып табылады. Бүгінгі қаржы-экономикалық дағ­дарыс себептерінің бірі осы ел­дердің өзі үшін қай бағыт таң­дай­тындығын аяғына дейін айқындай алмауы мен экономиканың кейбір инс­титуттарының өзара ықпалдаса ал­мауынан туындап отыр. Бұл мәсе­лелердің оңтайлы шешілуі бұл аймақты екі маңызды нәтижеге жеткізуі мүмкін. Біріншісі, Еуропа одағы шын мәнінде қуатты бірлестікке айналып, өз егемендігін федеративті мем­лекеттің құзіретіне берген ортақ мемлекет құрады немесе эконо­ми­калық дағдарыстан бас көтере алмаған жағдайда ыдырап, әр ел өз экономикасын қамтамасыз етуді жолға қояды. Бірінші жағдай жүзеге асатын болса, Еуропа одағы әлемнің тари­хындағы ең қуатты мемлекеттік құ­рылымға айналары сөзсіз. Осылайша ХХІ ғасырда бірполярлы немесе екіполярлы әлемдік жүйе орнайды деген артықтау тұжырым болары сөзсіз. Бұл ғасырды жалпы белсенді өзгерістер, өркендеу және аймақтық интеграция ғасыры дер болсақ, онда көпполярлы әлем туралы айтуға толық негіз бар. Қазақстан да осы әлемнен өз орнын ойып аларына күмән жоқ.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК,

Абылай хан атындағы халықаралық

қатынастар және әлем тілдері

университетінің проректоры,

заң ғылымының кандидаты