Жаңалықтар

Сұлтан Хан Аққұлы: «Абай жолы» романы Мұхтар Әуезовтің идеясы емес

ашық дереккөзі

Сұлтан Хан Аққұлы: «Абай жолы» романы Мұхтар Әуезовтің идеясы емес

Әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының пікірі adebiportal.kz сайтынан алынып жарияланды. Абайтанудың басында Әлихан Бөкейхан тұр десек асыра айтқандық емес. Абайдың қазасы туралы тұңғыш жазған керемет азанамасы бар. Абайтану туралы сөз қозғалғанда «оның басын Мұхтар Әуезов бастады» деген пікірге мен келіспеймін. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын Әлиханның тікелей тапсырмасымен жазды деуге толық негіз бар. Мұрағаттарда сақталған кейбір құжатты жарияласақ бұған ешкімнің таласы болмайды. 1925 жылы Әлекеңнің Ахмет Байтұрсынұлына жазған хатында «Осы Абайды өзің жазсаң қайтеді» делінген. Сол кезде роман туралы әңгіме болып тұр. Түсінесіз ғой, Абай туралы Ахмет басқа не жазады? Содан Ахаң Әлекеңе жазған жауап-хатында, қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты бірнеше оқулық жазып шығуым керек. Бір жылдың ішінде менің уақытым жоқ» деп жауап берген екен. Сол жылдары Әлихан Бөкейхан Ленинград университетіне барып дәріс оқиды. Ол кезде Мұқаңның Ленинградта Әдебиет институтында оқып жүрген кезі. Әлихан Ленинградқа барғанда ылғи да Мұхтар Әуезовтің жалдамалы пәтеріне барып, тоқтайды екен. Кезінде Кеңес өкіметі Әлімхан Ермекұлын Ленинградта оқып жүрген Мұхтарға хат жазғаны үшін айыптаған. Сонда Әлімхан: - Мен ол хатты Мұхтарға жазған жоқпын, хаттың төбесін оқып қарасаңыз, Әлиханға жазып едім. Өйткені, Әлекең ылғи да Мұхтар Әуезовтің үйіне тоқтайтын, - деп ақталады. Дінмұхаммед Қонаевтың 1993 жылы «Қазақстан» телеарнасына берген бір сұхбатында «Абай жолы» туралы бір ауыз сөз айтылыпты. Сол сұхбатта Мұхтар Әуезовтың «Абай жолының» қолжазбасын өзіне әкеліп көрсеткенін, қолжазбаны оқып шыққанын айтады. Қолжазбада автордың Абайға деген, оның ұлы Тұрағұл мен екі інісі Шәкәрімге, Кәкітайға деген зор сағынышпен жазғанын байқапты. Енді ойлап қараңыз: Абай мен оның жақындарын кімнің сағынып жазуы мүмкін? Әрине, Шәкәріммен, Кәкітаймен (Ғадбол-Хәкіммен), Тұрағұлмен етене араласқан, жақын дос болған, Ұлы Абайдың көзін көрген, замандас болған адам жазбай ма?! Абайдың көзі тірі кезінде Мұхтар Әуезов өскелең бала емес пе еді? Алты жасар бала Шәкәрім, Кәкітәй, Тұрағұл туралы не біледі? Шәкірім, Кәкітай, Тұрғұлмен кім жақын араласты? Шәкәрімнің шығармаларына кім «Қазақ» газеті бетінде сын мақала жазды, Кәкітай 1915 жылы мезгілсіз қайтыс болғанда, кім зарлана азанама мақала жазды? Әлихан емес пе? Қонаев әлгі сұхбатында «Абай жолы» романы кітап болып басылып шыққанда, оның өзі оқыған қолжазба нұсқасынан мүлде өзге болып жарық көргенін ерекше атап өтіпті. Сосын, Мұхтар Әуезовтың қайтыс болар алдындағы айтып кеткен өсиетін білесіз ғой. Балаларына, ұрпақтарына «менің мына сейфімді ашушы болмаңдар, ешкім оқымасын» деп кеткен. «Абай жолы» романы кімнің идеясы екенін өзіңіз ойланып көріңіз. Сосын ұмытпаңыз, Шәкәрім мен Әлиханның шешелері апалы-сіңлілі, яғни екеуі туған бөле болып келеді. Ең қызығы - Әлихан 1901 жылы өзінің сүйіп өткен жалғыз жары орыс қызы Елизаветаны үйіне алып келеді. Ол кезде әкесі қайтыс болған. Шешесі «балам, мойнына крест таққан келінді қалай маңдайынан иіскеп сүйейін?!? Бұл келінім енді қайтып менің табалдырығымнан аттамасын» деп үлкен ұлы Әлиханның бетін қайтарыпты. Содан кейін Әлихан демалыста еліне қонақтап келгенінде, жары Еленаны үнемі Шәкәрімнің ауылына қалдырып кететін болыпты. Ал, Кәкітәй мен Әлихан 1904 жылы танысып, шынайы достық қарым-қатынастары – 1905 жылдың көктемінде, мамыр айында, Абай өмірден озғаннан кейін өрбіген. Абай қайтыс болды деген хат алғанда, Әлихан, Кәкітайдың мезгілсіз қазасына байланысты 1915 жылы «Қазақ» газетінде жазған азанамасында жазғандай, «ақынның балаларына «Абайдың өлеңдерін, аудармаларын, қолжазбалары ұмытылмай, жоғалмай тұрғанда қағазға түсіріп, кітап қылып басыңдар» деп хат жолдайды. Содан Кәкітәй мен Тұрағұл ел аузында сақталған Абай шығармаларын жинап, Мүрсейіт деген молдаға жаздырып алып, 1905 жылдың көктемінде Кәкітай Омбыға Әлиханға алып барады. Осыдан кейін Кәкітәй мен Әлихан дос қана емес, саяси үзеңгілес болады. «Содан екеуміз бір айдай Семейде бірге жаттық. Абайдың өлеңдерін талқылап, өзімізше мәз-мәйрам болдық» дейді Әлихан әлгі «Кәкітай» атты азанама-мақаласында. Сөйтіп екеуі Абайдың кітаптарын жинақтап, саяси көзқарастарға орай Семейдің баспасынан шығара алмай, қарсылыққа ұшырайды. Одан кейін Әлекеңнің бұл кітапты Омбыдан, Уфадан, өзге де қалалардан шығаруға мүмкіндігі жеткілікті еді. Бірақ ол ерегісіп, Семейден шығара алмаған кітапты Санкт-Петербордан бір-ақ шығарады. Кітаптың алғы сөзінде авторды Кәкітай Ысқақұлы деп көрсетеді. Әлиханның кішіпейілдігі сол, өзі жазып, Кәкітайдың атынан шығарып отыр. Әйтпесе, оған дейін бір де бір мақала жазып көрген Кәкітәй бар ма еді?!