«Бақыттың қадірін біліңіздер»: Пәкістан қазақтары қазақстандықтарға үндеу жасады

«Бақыттың қадірін біліңіздер»: Пәкістан қазақтары қазақстандықтарға үндеу жасады

«Бақыттың қадірін біліңіздер»: Пәкістан қазақтары қазақстандықтарға үндеу жасады
ашық дереккөзі
Пәкістандағы қазақ диаспорасы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың жақындарына қайғыра көңіл айтты. Карачи қаласында тұратын қандастар Қазақстан халқы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, тыныш өмірді бағалауды сұрады, деп хабарлады turkystan.kz azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап. Үндеуді 40 отбасы жолдаған. Олар елдегі бейберекетсіздікке бей-жай қарай алмайтынын, қазақстандықтардың әлемдегі ең бақытты халықтардың бірі екенін атап өткен. Бұдан бөлек, тарихи отандарының дамуы үшін халықты ел Президентімен бірге болуға шақырды.
«Біздің көпшілігіміз Карачиде жарық дүниенің есігін аштық. Ата-бабаларымыз Ауғанстанға Совет әскері кірген кезде, тағдырдың тәлкегіне түсіп осында босып келген. Сізге бұл үндеуді жазудағы басты мақсат – сүйікті Қазақстанымызда орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге бей-жай қарай алмадық. Жүрегіміз де, көзіміз де әсем Алматы мен бірқатар өңірлердің ойрандалғанына қатты қынжылды. Біз Пәкістанда өмір сүріп, атамекеніміз - Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері үшін мақтанамыз. Қазақстандықтар әлемдегі ең бақытты халықтардың бірі екенін ұмытпаса екен», - делінген үндеуде.
Қандастар Қазақстанда мұндай қантөгістің қайталанбауын Жаратушыдан тілейтіндерін айтты. Сондай-ақ, олар халықты сабырға шақырып, ынтымақта болуын атап өтті.
«Бақытты елде өмір сүріп жатқандарыңыздың қадірін біліңіздер. Сіздер босқындар өмірінің қаншалықты ауыр әрі тағдырларының қиын екенін білмеулеріңіз мүмкін. Босқын болып жүрудің қаншалықты қиын екенін білгілеріңіз келсе, біздің жағдайды сұрасаңыздар болады», - дейді олар.