Жалға берілетін пәтерлер тағы 18 пайызға қымбаттап кетті

Жалға берілетін пәтерлер тағы 18 пайызға қымбаттап кетті

Жалға берілетін пәтерлер тағы 18 пайызға қымбаттап кетті
ашық дереккөзі
Елімізде жалға берілетін пәтерлердің құны тағы қымбаттады. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 18 пайызға өскен. Мұны «Энерджипром» мониторинг агенттігі жүргізген зерттеу көрсеткен. Қазір Қазақстанда жалға берілетін пәтерлердің орташа бағасы шаршы метрі үшін 4 мың теңгеге дейін сұрайды. Бағаның шарықтауы әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады, деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап. Қазір Алматыда бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны 150 мың теңгеден басталады. Ал жылжымайтын мүлік агенттігі қымбатшылыққа жаңа салынған тұрғын үйлердің көбейгені әсер етті дейді.
«Былтырғы жылмен салыстырғанда, Алматыда жалға алу құны бірден 40-50 пайызға өскен. Ал сатып алу 30 пайызға қымбаттады. Пәтер іздеушілер де 2 есе артты. Негізі, қымбатшылық сол локдаун аяқталғалы басталды», - дейді Жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Асхат Базарбаев.
Сондай-ақ ол пәтер ақысының өсуі әдеттегідей тамыз бен қараша айларында тіркеледі деп отыр. Өзге риелторлар да жыл сайын өсетін баға әзірге төмендемейді деп болжайды. Өйткені жалдамалы пәтер бағасы өскен ел ішіндегі үштікке Орал қаласы да енген. Оған өңірде тұрғын үй салудың баяу жүріп жатқаны – басты себеп. Риэлторлардың айтуынша, әдетте пәтер жалдау ақысы қыста арзандап, жазда қымбаттайтын еді. Бірақ, бір қызығы, биыл бұл баға өзгермеген. Осылайша, Оралдағы тұрғын үй мен жер телімінің бағасы Алматыдай алып мегаполисті өкшелеп келеді. Қымбатшылық қос бүйірден қысқан халық күйініп отыр. Ал елордада бір шаршы метрі 4 мың теңгеге жуықтаған. Жалға алудың ең жоғары бағасы осы елордада байқалады. Бағаның бұлайша құбылуын мамандар сұраныстың артуымен байланыстырып отыр.
«Пәтерлер жетіспей қалды. Үй иелері соны көріп, бағаны қолдан көтеріп жіберді. Бағасы 100 мың тұратын пәтер бағасы қазір 150-200 мыңға көтеріліп кеткен», - дейді риэлтор Ғалым Ысқақов.
Тұрақсыздықты әркім өзінше топшылайды. Бірі сұраныс артты десе, енді бірі қолдан көтеріп отыр дейді. Себеп көп, салдары да жетерлік. Ал экономист Бауыржан Ысқақовтың пайымынша, мәселені реттеуде мемлекеттік жүйе қажет. Сонда ғана нарық тұрақталады.
«Біздегі барлық жалға беруші мен жалға алушы арасында 85-90 пайызға дейін ешқандай келісімшарт жасалмайды. Келісімшарт жасалмағандықтан, жалға берушілер өздерінің ұнаған бағаларын реттеп отыр. Былайша, жалға алушылар қандай да бір факторлармен әсер ете алмайды. Ол үшін мемлекет арнайы онлайн жүйе қалыптастыру керек», - дейді экономист.
Шынымен, жаңа Үкімет атқарар жұмыс көп. Ресми деректерге сенсек, Қазақстан жалға берілетін тұрғын үйдің құны бойынша әлем елдері рейтингінде 107 орынның ішінде 82-ші болып тұрақтаған.