«10 жыл отырдым»: қызметінен кеткен Нығматулин мәлімдеме жасады
«10 жыл отырдым»: қызметінен кеткен Нығматулин мәлімдеме жасады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Нұрлан Нығматулинді қызметінен өз еркімен босату туралы мәселені қарады, деп хабарлады turkystan.kz.
Депутаттардың алдында сөз алған Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды міндеттер жүктегенін алға тарта келіп, ол мақсаттарға жету үшін кадр саласын жаңарту керек екеніне тоқталды.
Отырыс барысында ҚР Конституциясы 58-бабының 2-тармағына сәйкес, Нұрлан Нығматулинді Мәжіліс төрағасы қызметінен өз еркімен босату туралы қаулының жобасын дауысқа қойып, ол бірауыздан қабылданды.
«Биыл Мәжіліс спикері болғаныма 10 жыл толып отыр. Үш шақырылымда төраға болдым. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Осы уақыттың ішінде еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып, елімізге, халқымызға қажетті, сапалы заңдар қабылдау жолында бірлесіп, аянбай еңбек еттік. Бұл жолда ең алдымен Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, қазіргі Мемлекет басшысы, партиямыздың төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа маған осы жылдарда бірнеше лауазымды қызметті сеніммен тапсырып, әрқашанда қолдау көрсеткені үшін, шын жүректен алғысымды білдіремін», - деді Нұрлан Нығматулин.
Одан әрі Нұрлан Нығматулин үш шақырылымда бірге жұмыс істеген барлық депутаттарға осы жылдар ішінде қолдап, сенім білдірген сайлаушыларға, Мәжілістің заң шығару жұмысын жоғары деңгейде қамтамасыз еткен аппарат қызметкерлеріне, барлық қоғамдық ұйым өкілдеріне, Мәжіліске кірмеген саяси партияларға, Мәжіліс жұмысын насихаттаған журналистерге, сарапшыларға алғыс білдірді.