Ертісбаев террористердің көбі қай елден екенін айтты
Ертісбаев террористердің көбі қай елден екенін айтты
Ел билігі қаңтар оқиғаларын алдын ала жоспарланған террорлық акт деп бағалады. Алайда террористердің қайда дайындалғаны және оларды кім дайындауы мүмкін екені әлі белгісіз. Тұңғыш Президенттің бұрынғы кеңесшісі, саясаттанушы Ермұхамет Ертісбаев содырлардың көбі Қазақстан азаматтары екеніне сенімді, деп хабарлады turkystan.kz exk.kz-ке сілтеме жасап.
Ертісбаевтың пайымынша, олар кеше ғана дайындалып, алаңға кеше ғана шыға салған адамдар емес.
«Соңғы он жылда ҰҚК біресе жасырылған қару-жарақ таптық дейді, біресе террорлық топты жойдық дейді. Ақтөбедегі терактіні еске алып көріңіз. Ол жерде Сирия мен Иракта дайындықтан өткен жас жігіттер қарулы күшке қарсы шыққан еді. Алматыда да біраз адамдар қолға түскен. Жалғыз өзі қарулы әскерді өлтірген Руслан Күлекбаевты еске алып көріңіз», - деді ол.
Яғни саясаттанушы Қазақстанда жеке күштік құрылымдар бар екенін меңзеп отыр. Олар жастар арасынан, әсіресе, жұмысы жоқ жастар мен ауылдағы жастар арасынан содырларды дайындап отырған.
Сондай-ақ Ертісбаев ондай жастарды кім және нақты қайда жаттықтыруы мүмкін екенін тергеушілер анықтайтынын айтты. Айтуынша, қазірдің өзінде бұл іске Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысы бар екені анық.
«Ал мұндай жағдай ҰҚК-нің көз алдында болғаны - нағыз жеңіліс және комитеттің мемлекетке қарсы жұмыс істегенін байқатады. Ұлтқа сатқындық жасамай, Алматы трагедиясы сияқты үлкен бүлікті ұйымдастыру мүмкін емес», - дейді экс-кеңесші.