«Мақпал жеңгемнің бетін өзім ашқам»: Мұхамеджан Тазабек сырын айтты

«Мақпал жеңгемнің бетін өзім ашқам»: Мұхамеджан Тазабек сырын айтты

«Мақпал жеңгемнің бетін өзім ашқам»: Мұхамеджан Тазабек сырын айтты
ашық дереккөзі
Кейінгі уақытта жазбалары арқылы көпшіліктің сын садағына жиі ілігіп жүрген Мұхамеджан Тазабек бүгінгі күннің де «хит» тақырыбына айналып шыға келді, деп жазды turkystan.kz. Дәлірек айтқанда, танымал әнші Мақпал Жүнісова мен Мұхамеджан Тазабектің бірге түскен суреті талайдың талқысына түсті. Фотода М. Тазабектің қолын алып, иіліп қалған әншінің әрекеті көпті таңқалдырғанға ұқсайды. Осыған байланысты интернет қолданушылары «Мұхамеджан пір боп кеткен бе, неге үлкен кісі иіліп тұр?», «Ыңғайсыз сәтті тосыннан түсірген шығар» дегендей әртүрлі жорамалдар айта бастады. Жұртты шулатқан суреттің сырын айтыскер ақын баяндап берді.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демей ме?! Заманбек ағам мен Мақпал жеңгем үйленгенде қалыңдықтың бетін өзім ашқанмын. Арнаумен дастарханды дүрілдетіп, қазақтың Мақпалының тойын маздаған оттай лаулатқанбыз. Алматының игі жақсылары куә боп, Фариза апаларымыз бата беріп, керемет кеш өткізгенбіз. Ол күнгідей Заманбек ағамның ерекше қуанған, жүрегі жарыла шаттанғанын одан кейін көрген емеспін… Содан бері, ардақты ағамның құрметі үшін, қайнылық қақымды құрметпен өтеп, асыл жеңгем көрген жерде ізет жасайды, ілтипатпен ерекше сәлемдесеміз» деп жазды Мұхамеджан Тазабек.
Ол мұның еш ерсілігі жоқ деп санайды.
«Қазақта қайны мен жеңгенің еркелігі жарасқан ерекше сыйластығы болған. Аллаға шүкір, сол жолдан, сол сыйластықтан жаңылған жеріміз жоқ. Дәстүрлі тәрбие көрген, қанша елге танымал алтын басты апа болса да, қазақи жолдан жаңылмай, үлкенді де, кішіні де сыйлап жүрген, елдің еркесі - Мақпал жеңгеме Алланың нұры жаусын!» деді жазба авторы.
Сондай-ақ ол заманының сұңқары Заманбек Нұрқаділовтің өзінің айтысын қатты құрметтегенін, 1999 жылы Қарасайдың 400 жылдық мерейтойлық айтысында өз қолынан ақ волга мінгізіп, абыройын аспандатқанын жазған.

Тағы оқи отырыңыз: «Тоқаев адамзат ақырзаманға кіріп тұрғанда келді» – Мұхамеджан Тазабек