Жезқазған Жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік күнінен кейін бастайды

Жезқазған Жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік күнінен кейін бастайды

Жезқазған Жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік күнінен кейін бастайды
ашық дереккөзі
Қарағанды облысы Жезқазған қаласының басшылығы қала аумағындағы мекеме, ұйымдарға Жаңа жылға дайындық шараларын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аталып өткеннен кейін бастау туралы ұсыныс тастады, деп хабарлайды Baq.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 Тәуелсіздіктің 25 жылдығын лайықты атап өту үшін қала әкімдігі арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Осы жоспарда белгіленген шаралар өтпейінше қала аумағында жаңа жылға дайындық шараларын бастамау туралы ортақ шешім қабылданыпты.
«Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу туралы» 2016 жылғы 28 наурыздағы Жарлығына сәйкес, егемендік мерейтойын лайықты атап өту жөніндегі кешенді шаралар жоспары әзірленді. Жыл бойы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған іс-шаралар өтіп келеді. Президент Жарлығымен бекітілген «Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылы» тұжырымдамасы бойынша мерейтой қарсаңында република аумағында «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атауымен негізгі мерекелік оқиғалар күнтізбесі жүзеге асады. Қала әкімі осыған орай «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 жұлдызды күн» мерекелік шаралар жоспарын бекітті. Ол құжат бойынша жоғарыда аталған тұжырымдамаға сай 21 қараша мен 15 желтоқсан аралығында бірқатар ауқымды шаралар өтеді», - дейді қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова.
Әкім орынбасарының айтуынша, бұл күндері еліміздің егемендік жылдары жеткен жетістіктерін насихаттау, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға бағытталған патриоттық, көпшілік шаралардан бөлек, бірнеше өндіріс, кәсіпкерлік нысаны ашылып, іске қосылмақ. Жезқазған әкімдігі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын лайықты атап өту үшін өңірдегі мекеме, ұйымдарға жаңа жылға дайындық шараларын 18 желтоқсаннан кейін бастау туралы ұсыныс жасаған. Әкімдік ұсынысын қала кәсіпкерлері, түрлі кәсіпорын, мекеме басшылары қолдап, Тәуелсіздік тойының шырқын кетірмеуге уағдаласыпты.