Атырауда әкімдік есепшісі 18,4 млн, балабақша есепшісі 25,6 млн теңгені жымқырған
Атырауда әкімдік есепшісі 18,4 млн, балабақша есепшісі 25,6 млн теңгені жымқырған
Атырау облысында әкімдік есепшісі 18,4 млн, балабақша есепшісі 25,6 млн теңгені жымқырған, деп хабарлады turkystan.kz.
Атырау облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Аслан Құмаровтың мәліметінше, былтыр уәкілетті органдарға шара қабылдау үшін жолданған аудит материалдары негізінде 256 әкімшілік іс қозғалған. Соның нәтижесінде 120 жеке және заңды тұлғаға 16 млн теңгенің әкімшілік айыппұлы салынған. Тексеру қорытындысымен 138 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
«Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылдық округі әкімі аппаратының есепшісі қызметкерлердің атынан өзіне тиесілі есепшотқа 18,4 млн теңгені аударып жіберген. Сондай-ақ, Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің есепшісі спорттық іс-шара мен іссапарларға бөлінген қаржыны дәлелді құжаттарсыз, тиісті бұйрықта көрсетілген сомадан артық көлемде аударған. Заңсыз аударылған қаржының көлемі 2,6 млн теңгені құрады. Атырау қаласындағы №26 «Жұлдыз» балабақшасының есепшісі 25,6 млн теңгені құраған бюджет қаражатын өзінің және туысқандарының банктегі картасына аударып алған. Сот шешімімен кінәлілерге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», -дейді Аслан Құмаров.
Оның айтуынша, былтыр 31 мемлекеттік, 52 квазимемлекеттік сектор нысандарында тексеру жүргізілген. Заңнамасын сақтамау себебінен анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 742 млн теңге. Бюджеттің 423 млн теңгесі тиімсіз жұмсалған. Ал тиімсіз жоспарланған бюджет қаражатының сомасы 1 млрд теңгеге жеткен.