«Астана Опера» солисі Сібірде жүлделі болды

«Астана Опера» солисі Сібірде жүлделі болды

«Астана Опера» солисі Сібірде жүлделі болды
ашық дереккөзі
Ресейдің Краснояр қаласында өткен «Сібірдің бас жүлдесі» байқауының екінші жүлдесі қазақ жігітінің қанжығасына байланды. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры солистері үшін әлемдік деңгейдегі биіктерді бағындыру қашанда қалыпты дәстүрге айналған. Мысалы, халықаралық «Үлкен опера» байқауында бірінші орынды иеленген Салтанат Ахметованың есімін көпшілікке таныстырып жату артық. Ал биыл бұл жобаға театрдың танымал солисті Сүндет Байғожин қатысуда. Әлемдік өнер шеберлері тарапынан жоғары бағаға ие әншінің өнеріне бүгінде бүкіл отандастары сүйіспеншілік білдіріп, олжамен ораларына үміт артып отыр. Өнер жұлдыздары арасындағы тартыстың тасасында қалып қоймауға тиіс тағы бір қазақстандық солист Серік Нақыспековтің балет байқауындағы жеңісі отандастарын көл-көсір қуанышқа бөлеуде. Еске сала кетейік, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисті С. Нақыспеков 2011 жылы Алматыдағы А. Селезнев атындағы хореография училищесін тәмамдағаннан кейін, 2011-2012 жылдары А. Ваганова атындағы орыс балеті академиясын оқып бітірді. Балет шебері «Артек фуэтесі» VII халықаралық классикалық би байқауында екінші орынды (Ресей, 2007), «Өрлеу» халықаралық байқауының І және ІІІ дәрежелі (Қазақстан, 2010, 2008), сондай-ақ КІВС халықаралық байқауының жүлделерін (Оңтүстік Корея, 2011), Нью-Йорктегі халықаралық балет әртістері байқауының (АҚШ, 2013), «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің (Қазақстан, 2014), хореографиялық оқу орындарының VII Сібірлік халықаралық байқауының сыйлықтарын (Ресей, 2008) иеленген. Орыстың көрнекті композиторы С. Прокофьевтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл іс-шара негізінен IV Халықаралық «ХХІ ғасыр балеті» форумы аясында өтті. Қазанның соңында аяқталған бірінші іріктеу кезеңінен (сырттай) мүдірмей өткен Қазақстан, Алмания, Италия, Жапония, Ресей, Қырғызстан, Украина және т.б. елдердің бишілері, қарашаның 8-і мен 12-сі күндері аралығында Краснояр опера және балет театрына жиналған болатын. Оза шауып орын алған жеңімпаздар есімі 12 қараша күні «ХХІ ғасыр балеті» IV халықаралық форумының жабылу салтанатында мәлім етілді. Дәл осы күні жеңімпаздардың қатысуымен салтанатты гала-концерт өтті. Краснояр театрының сахнасында Серік Нақыспеков А. Аданның «Корсар», Х. Левенсхольдтің «Сильфида», Ц. Пунидің «Эсмеральда», Б. Асафьевтің «Париж жалыны», Л. Минкустың «Баядерка» классикалық балеттерінен вариациялар және өзі шығарған «Еске алу» хореографиялық миниатюрасын ұсынды. Балет бәйгесіне солисті Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, педагог-репетитор Константин Заклинский дайындаған. – Мұндай ірі додада бақ сынау – өнер иесі үшін үлкен мектеп, әрі өзара тәжірибе алмасуға және өз күшін сынауға таптырмайтын мүмкіндік деп есептеймін. Алайда, ең маңыздысы – қазылар алқасы құрамындағы кәсіпқой мамандар тарапынан берілетін шынайы баға, – дейді Серік Нақыспеков бізге берген сұхбатында.