Балаларды Coca-Cola ішпеуге үйретпекші

Балаларды Coca-Cola ішпеуге үйретпекші

Балаларды Coca-Cola ішпеуге үйретпекші
ашық дереккөзі
Астанадағы «Бала мен кәсіпкерлік» тақырыбындағы дөңгелек үстелде Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева ерекше белсенділік танытып, балалардың денсаулығын қорғау мен тамақ қауіпсіздігі саласында қыруар жұмысты атқарамын деп мәлімдеді. Оның айтуынша, балалар өз құқықтарын толыққанды білуі тиіс. Сол кезде кәсіпкерлер де тиісті талаптарды орындайтын болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Мысалы, печенье сатып алғанда «Е» деген әріптің болғаны дұрыс. Ол болмаса, печеньенің тамаша жарнамасына қарамастан, ата-аналар да, балалар да оны алмауы тиіс. Соған үйрету керек. Балалар ондай тауарды алмаса, кәсіпкерлер де оны әкелмейді. Әйтпесе, қап-қара печеньені көрсетеді де, балалар соған қарай жүгіреді. Ал оның қаншалықты пайдалы екенін ешкім білмейді. «Coca-Cola»-ның зиянын көрсетейік. «Coca-Cola ішпеңдер!» деп байбалам салудың қажеті жоқ. Оны мүлдем ішпеуге үйретейік. Сол кезде кәсіпкерлер де өндірісті өзгертіп, табиғи таза шырынды шығарады. Сол сияқты сүттің пайдасын түсіндірейік», - деді Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева. Оның айтуынша, балалар таза сүттің пайдасын білсе, ата-аналар ауылдан келген сүтті іздеп тұрып, алатын болады. Осылайша, балалардың денсаулығымен бірге сүт шаруашылығын да көтеруге мүмкіндік бар. «Ақша жоқ емес бар. Менің өтінішімнен кейін Парламент мәдениет комитетіне 13 бағыт бойынша 180 млн. теңге бөлді. Келесі жылда әрбір жобаға - 20 миллионнан, одан кейінгі жылға - 10 миллионнан. Демек, мониторинг пен тексеріске ақша бар. Енді, бәрімізге бірігіп жұмыс жасау қажет», - деп атап көрсетті Балиева xаным. Бүгінгі отырыста ол әрбір баяндамашының сөзін бөліп, нақты шараларды қолға алуға үндеп отырды. Жылдың аяғына дейін Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл мектеп формасы, ойын алаңдары мен құрал-жабдықтарының қауіпсіздігі бойынша нақты талаптарды әзірлеуге мүдделі. Сосын аталған талаптар аясында кәсіпкерлердің тауарлары тексеріледі. «Сонымен, барлығымыз бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Енді, мен еліміздегі балалардың екінші анасы боламын. Бірден айтайын, менің мінезім бар. Ешкімге тыныштық бермеймін», - деп атап көрсетті Балиева.