Медведевтің миы жетпеген іс

Ресейдің Экономикалық даму министрі пара алған ба?

Жемқорлық дерті Ресейді сандаған ғасырлардан бері айналдырып келеді. Бұл індет әсіресе, билік тізгінін ұстаған басшыларға кенедей жабысып алған. Ал саясат сахнасында жүргендерге бүкіл әлем көз тігетінін ескерсек, қазіргі таңда Ресей Федерациясының саяси беделіне нұқсан келіп жатқаны белгілі.

Сейсенбі күні түнде Ресей Тергеу комитеті Ресейдің Экономикалық даму министрі 2 млн АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. Жемқорлық дерегі бойынша айып тағылған Алексей Улюкаевке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу комитетінің сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Улюкаев 2016 жылы 14 қарашада «Роснефть» компаниясына оң баға бергені үшін 2 миллион доллар көлемінде пара алған сияқты.

10 қазанда «Башнефть» мұнай компаниясының пакетін сату туралы үкіметтің қаулысы шықты. Екі күннен соң «Роснефть» «Башнефть» компаниясының 50,08 пайыз акциясын 329,7 млрд рубльге сатып алады да, келісімді жабады. Алайда «Башнефть» компаниясының мемлекеттік акциясын сатып алу жөнінде «Роснефть» мұнай компаниясынан бөлек, «Лукойл», Тәуелсіз мұнай-газ компаниясы, Антипинский НПЗ, «Татнефтегаз», «Татнефть», «Энергия» қоры, т.б. компаниялар қызығушылық білдірген болатын. Ал Улюкаев әу бастан мемлекеттік компаниялардың жекеменшік келісімшарттарға араласуына қарсылық білдіріп, «Башнефть» пакетін конкурстық негізде сатуды құптаған көрінеді. Сол кезде шенеуніктер «Башнефть» акциясын сатып алатын бірден-бір компания «Лукойл» деген болатын. Бірақ «Башнефть» компаниясын жекешелендіру мәселесі Башкирия губернаторы Рүстем Хамитовтың президентке «жекешелендіруге асықпау керектігі» жөнінде жазған хатынан кейін тоқтап қалады. Дегенмен, бұл шараның тамырына қыркүйек айының соңында қайта қан жүгіре бастады. Нәтижесінде «Роснефть» «Башнефть» компаниясының акциясына иелік етіп шыға келді.

«2016 жылы 15 қарашада Ресей федералды қауіпсіздік қызметі жүргізген кешенді жедел шара қорытындысы бойынша РФ Тергеу комитеті аса маңызды істерді тергеу жөніндегі Бас тергеу басқармасы Экономикалық даму министрі Алексей Улюкаевке қатысты қылмыстық іс қозғады», – делінген хабарламада. Осылайша, ол РФ Қылмыстық кодексінің 6-бабы, 290-тармағы бойынша «Ірі көлемдегі пара алу» дерегімен қамауға алынды. Бұл бап бойынша Улюкаев қызметімен қоштасады және 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал министрдің қорғаушысы «Улюкаев кінәсін мойындамайды, себебі мұнда арандатушылық бар» дегенді мәлімдеді.

Тергеу комитетінің өкілі Светлана Петренконың айтуынша, министрдің «Роснефть» өкілін бопсалап, пара алғаны туралы бұлтартпас дәлелдер бар. Себебі оның бұл қылмыстық әрекетке дейін телефон қоңыраулары тыңдалып, жан-жақты сарапталған. Ал құқық қорғау мекемелері Улюкаевтың айналасындағы адамдармен сөйлескен қоңырауларын жаздан бері тыңдап келген. Тіпті ол ұсталардан бұрын өзінің «қорғаушыларына» да хабарласуға тырысқан екен.

Ал РФ Премьер-министрі Дмитрий Медведев Экономикалық даму министрі Алексей Улюкаевтың ұсталғанына сене алмайтындығын және бұл билік үшін «ауыр оқиға» болғанын жеткізді. «Әрине, бұл үкімет үшін де, билік үшін де оңай емес. Істі жан-жақты тексеру керек. Бұл оқиғаның қалай болғанына миым жетер емес. Себебі қалай ойласам да, менің түсінігімнен тыс сияқты. Бұл жайт жөнінде президент екеуміз сөйлесіп едік, пікіріміз бір жерден шықты», – деді Медведев. Сондай-ақ ол: «Қылмыстық әрекетке барған билік өкілдерінің қай-қайсысында да, не губернаторда, не депутатта, не министрде иммунитет жоқ. Міне, бұл Улюкаевтың ісінен де анық байқалды», – деді ашынып.

Қызметін асыра пайдаланған шенеунік жөнінде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Владимир Путин өзінің жарлығымен сенімді жоғалтқандығына байланысты Улюкаевты қызметінен босатты», – деді. Бұл басқаларына сабақ бола ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Алайда Ресейдің бұдан бұрын да әбден төмендеген халықаралық беделіне ең ауыр соққы боп тиді бұл іс.

 

Д. ДҮРМӘН

Back to top button