Клинтон АҚШ-та демократияға ынта-ықылас төмендегенін бастан кешті

Клинтон АҚШ-та демократияға ынта-ықылас төмендегенін бастан кешті

Клинтон АҚШ-та демократияға ынта-ықылас төмендегенін бастан кешті
ашық дереккөзі
Биылғы жылдың екі маңызды оқиғасы – Ұлыбританиядағы Брексит референдумы мен АҚШ-тағы президент сайлауы көптеген адамдардың демократияға деген ынта-ықыласының әлсіреуіне себеп болды. Батыс елдерінде қазіргі таңда «Демократия деген осы ма?» деген сыңайдағы көңіл-күйдің орныға бастағаны жасырын емес. Британ аралы тұрғындарының тең жартысы Еуропалық одақтан бөлінуге қарсы болған, сондықтан 23 маусым күнгі референдум Брекситті жүзеге асырады деп ойлағандар некен-саяқ еді. Ал АҚШ халқының басым бөлігі Дональд Трампты президент болады деп ойлаған жоқ, бірақ 8 қарашадағы бүкілхалықтық сайлау қорытындысы үстерінен мұздай су құйып жібергендей әсер етті. Сонда бұл ненің белгісі? Демократия халық билігін жүзеге асыру желеуімен қоғамды тығырыққа тірейтін шешімдер қабылдауға апаратын жол ма, бұл шешімдер Ұлыбританияда, АҚШ-та қоғамдық пікірдің өзгеріп, халық санасының ауытқуға ұшырауының көрінісі ме? Бұл сұрақтар алдағы он-жиырма, әлде одан көп уақыт бойы зерттеушілердің мазасын алатын мәселелер болмақ. Ал әзірге Брексит көші орнынан қозғалып, ал Дональд Трамп Ақ үйге қоныс аудармаққа өз жүгін тиеп жатыр. Осы екі шешімнің салдары ғаламдық дамуға, халықаралық қатынастарға әсер етпейді деп дауласу қисынсыз. Ендеше, ол әсерлер қандай болмақ, оның салдары қандай болмақ дегенді ойлаған ләзім. АҚШ-тағы президент сайлауы мен Брексит референдумының арасында қандай байланыс бар деп ойлауыңыз мүмкін. Бір қарағанда екі елде болып жатқан саяси процестерді бір-бірімен тікелей байланыстыратын ештеңе жоқ, бірақ екеуіне де тән ортақ белгі – бұл дауыс берулердің нәтижесі көптің күткеніндей болған жоқ, яғни қоғамдық абдырау тудырды десек, артық айтқандық емес. Дональд Трамп 50 штаттың 29-ында жеңіске жеткені белгілі болғанда, оның жақтаушылары көшеге шығып, «Бұл – біздің Брексит болды!» деп айғайлауы тегін емес. Шынында, Трамптың сайлануы – Брексит сияқты тосын, күтпеген, ерек жағдай болды. Дәл сайлау өтетін күннің алдындағы соңғы сауалнамалар бойынша Хиллари Дональдтан кемі төрт пункт алда деп долбар жасалған еді. Жалпы, 19 айға созылған сайлауалды науқанының өн бойында, әсіресе, соңғы айларда Клинтон Трамптан оқ бойы озық келе жатқан. Ал Трамптың өзі бір жыл жеті ай бұрын сайлауға түсетінін мәлімдегенде, оны жарты жылға жетпей жолда қалады деп болжағандар көп болды. Ол биылғы жылғы ақпан мен шілде айының аралығында өткен праймериздерде мерейі үстем шығып, Республикалық партияның бірден-бір үміткері мәртебесіне ие болғанда да, оның ақтық мәреге дейін жететініне ешкім сенген жоқ. Шындығында, Трамптың жеңісі америкалық қана емес, халықаралық сарапшылар үшін парадокс болды. Ендеше, Трамп қалайша президент болды деген сұраққа жауап әлі берілген жоқ. Бәлкім, Дональд Трамптың жеңісін Хиллари Клинтонның ұтылысынан іздеген жөн болар. Обалы нешік, биылғы сайлау АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған өзгеше әрі тосын жайттарға толы науқан болғанын бұған дейін де жазғанбыз. Сайлаулар тарихына сараптама жасайтын мамандар да бұл жолғы науқанның бұған дейінгі АҚШ сайлауларына мүлде ұқсамайтынын айтады. Мұның себебін сахнаға шыққан басты екі үміткердің, Д.Трамп пен Х.Клинтонның жеке тұлғалық қасиеттерінен іздеу керек. Бұған дейін жазғанымыздай, америкалықтарда дәл осы сайлауда оңды таңдау жасау мүмкіндігі болған жоқ. Хиллари мен Дональд – екеуі де қоғамдық жанжалдарға себеп болған, екеуінің де басы дауға қалған қайраткерлер. Екеуі де халықтың үмітін оятып, сеніміне ие болған үміткерлер емес еді. Бірақ Хиллари Дональдқа қарағанда саяси кәсібилігімен шоқтығы биік тұлға, ол науқан барысында осы артықшылығына сүйенді. Ал Трамп болса, сайлауалды науқанын кінәлілерді іздеуге құрды, оның айтуынша, Америкадағы қазіргі түйткілдердің, яғни экстремизмнің ушығуына, халық бақуаттылығының кемуіне, дағдарыстың өршуіне қазіргі президент Обама мен оның жақтасы Хиллари Клинтон жауапты, ал Трамп өзін елді құтқарушы есебінде көрсетті. Оның соңғы дебат кезінде сөйлеген сөзінде «Америкалықтарға тағы төрт жылға Барак Обаманы қайта сайлаудың қажеті жоқ. Ал Хиллариді сайласаңыздар, Обама билікке қайта келгендей болады» деген болатын. Ендеше, америкалықтар Хиллари Клинтонға емес, Дональд Трампқа дауыс бергенде, олар Трампқа емес, Хиллари мен Обамаға қарсы дауыс берді деп санауға болар. Ендше, Хилларидің қазіргі жеңілісі жеке оның ғана ұтылысы емес, Демократттар партиясының соңғы онжылдықта жүргізген саясатының, оның ішінде Барак Обаманың саяси жүйесінің кемшілігі екені анық болады. Екінші жағынан, америкалықтар осыдан сегіз жыл бұрынғы экспериментті қайталауға жүрексінді. 2008 жылы қара нәсілді ұлды президент етіп сайлап, Айды аспанға бір-ақ шығарған америкалықтар қазір үміттері адастырып кеткендей көңіл-күйде. Тіпті, тарихта тұңғыш рет әйел президентті сайлау мүмкіндігі оларды еліте қоймады. Бірақ мұнда Барак Обаманың кінәсі шамалы. Шындығында, Барак Обаманың билік құрған жылдары АҚШ-тағы ауыр кезеңдерге тап келді. Кейбір сарапшылардың айтуына қарағанда, 2007 жылы ғаламдық экономикалық дағдарыс басталатынын америкалық билеуші топ өкілдері алдын-ала білген. АҚШ-та магнаттар мен миллиардерлер әулеттерінің ел саясатына ықпалы зор екені ешкімге құпия емес. Дағдарыстың соққысы ауыр болатыны белгілі болғанда, оның бар зардабы мен салдарын сол тұста елді басқарып отырған президенттің командасы тартатыны, яғни сол президенттің абыройсыз болатыны түсінікті еді. Мұндай жағдайда, мемлекетті кім басқарса, сол адам бар жауапкершілікті өз мойнына алатыны анық. Қарапайым отбасында туған, ата-тегі қарадан шыққан Барак Обаманың аяқ астынан танымал болып, сайлауалды науқанда мықтылардың қолдауына ие болуы, ақыры сайлауда жеңіп шығуының мәні осында деседі. Обама – АҚШ-тан басталған бүкіләлемдік дағдарыстың бар салдарына жауап беретін қолбала рөлін атқарды. Қазақша айтқанда, «еркек тоқты құрбандық», билеуші топ үшін оны тобырдың талауына тастауға қию еш қиын емес еді. Айтса айтқандай, Барак Обама елде әлеуметтік реформалар жүргізгеніне қарамастан, халықаралық саясатта АҚШ-тың гегемондық имиджін өзгертіп, гуманистік шешімдер қабылдағанына қарамастан қарапайым америкалықтардың құрметіне ие бола алмады. Кейінгі кездегі сауалнамаларға жүгінсек, америкалықтардың басым көпшілігі қазіргі қоғамдық түйткілдердің түп себебін Обаманың біліксіздігінен деп біледі. Халықаралық сарапшылардың арасында Ресейдің Украина мен Сириядағы іс-қимылдарының өзін Ақ үйдің қазіргі басшысының батылсыздығынан деп санайтындар жетерлік. Ал Барак Обаманың Иранмен ядролық қаруды таратпау жөнінде келісім жасап, Кубамен қарым-қатынасты қайта жандандыруы, Ауғанстан мен Ирактан АҚШ әскерін шығаруы ерлікке пара-пар істер болса да, оны айыптаушылар үшін бұл істер есеп емес. Олар Обаманы АҚШ-тың халықаралық беделін түсірді, Ресейдің әлемдік геосаяси картасын өзгертуде ойына келгенін істеуге жол берді деп айыптайды, тіпті ДАИШ сияқты террористік ұйымдардың ел-елге кең тарап, тамыр жаюына қазіргі Ақ үй басшысының солқылдақ саясаты себепкер деп санайды. Иә, Хиллари Клинтон Барак Обаманың президенттігі кезіндегі қателіктердің жауапкершілігін мойнына алды, сол үшін таяқ жеді – сөйтіп, президент боламын деген үмітінің күлі екінші рет көкке ұшты. Себебі ол осы науқан барысында өзін Обама саясатының жалғастырушысы ретінде таныстырды, басқа амалы да жоқ еді, себебі 2008 жылы Обамадан жеңілген соң ол сол тұста Мемлекеттік хатшы, оған дейін cенатор қызметтерін атқарған. Осылайша, Хиллари – қосақ арасында кеткен саясаткер. Қосақ арасында кетті дегенде еске түседі, Хиллари бұған дейін де өзгелердің қателігі үшін қоғам алдында жауап беруге әдеттенген тұлға. Оның күйеуі, бұрынғы АҚШ президенті Билл Клинтон Моника Левинскимен шатысып, оның соңы импичментке ұласа жаздағанда, отбасылық жанжалды басып, президент Биллдің абыройын қорғаған осы Хиллари болатын. Ол тіпті, Моника сияқты әйелдерді «Олар өздері кінәлі» деп айыптады. Басқа-басқа, дәл осы сөзін әйелдер қауымы Хиллариге әлі кешірген жоқ. Өзінің көзіне шөп салған күйеуін айыптамақ тұрмақ, оны кешіру – Хилларидің жеке таңдауы еді, бірақ мұндай жағдайда өз күйеуін ел көзінде ақтап аламын деп, өзге әйелдерге топырақ шашу – оның стратегиялық қателігі болатын. Шындығында, он бес жыл өтсе де, Моника Левински президенттің көңілдесі болған деген жаманаттан құтылған жоқ, ал Хиллари әйел атаулыны өзіне қарсы қойған абыройсыздықтан арылған жоқ. Бір қызығы, осының бәріне себеп болған Билл Клинтонның түгі кетпеген сияқты, ол президенттік құзыретін өз мерзімінде аяқтап, одан кейін кулинарлық рецептер туралы кітап шығарып, университеттерде дәріс оқып, «Билл Клинтон қорына» ақша жинап, ойдағыдай өмір сүріп жатыр. Бұл оқиғаны неге еске алып отырмыз? Себебі америкалықтар Трампты қаншалықты жақтырмаса да, осы жолы олардың Хиллари Клинтонға деген жеккөрушілік сезімі басым түсті. Ал Хилларидің абыройына нұқсан келтірген оқиғалар жетерлік: оның мемлекеттік хаттарды жіберу үшін жеке электронды поштаны пайдаланғаны, бай магнаттармен достығы және оларға мемлекеттік қызметте лобби жасауы, «Билл Клинтон қорындағы» миллиардтаған доллардың қайдан келгені – мұның бәрі бір төбе. Ал Моника Левински мен Билл Клинтон зорлады деп оған айып таққан әйелдердің хикаясындағы Хиллари Клинтонның стратегиялық қателігі – бір төбе. Себебі алдыңғы топтағы қателіктерді саясаткердің іс басында жаңсақтыққа ұрынуы немесе пендешілік жасауы деп ақтауға болатын болса, күйеуінің абыройын қорғау үшін өзге әйелдердің ар-намысын аяққа таптауы – саясаткер ханым үшін кешірілмес қателік. Расында, Хиллари саясатқа қатысы жоқ үй шаруасындағы әйел болса немесе шоу-бизнестің өкілі болса, оның мұндай «еркелігін» көтеруге болар еді. Бірақ күйеуінің жеңіл жүріске үйір екенін ол білмеген, сезбеген дегенге ешкім сенбейді. Ал Хилларидің сондай жеңілтек адамды кешіріп, отбасын сақтап қалу үшін бар кінәні онымен байланысқан әйелдерге жабуына не түрткі болғаны сол кезде түсініксіз еді. Көпшілік қауым оның президент күйеуімен ажырасуға дәті бармағанынан деп білді, яғни, күйеуіне адалдықтан гөрі өзінің саяси амбициясы үшін осындай әрекет жасады деп түйсінді. Шындығында, егер Хиллари президент Биллді қорғағанда, бұл ісінің өзінің болашақта президент болуына теріс әсер ететінін білсе, сол кезде басқаша әрекет етер ме еді... Хилларидің тағдырынан алатын сабақ – саяси амбиция үшін өз тектестеріңе тас атпа деп тәмсіл айтуға болар, қазақша айтқанда, «бөріктінің намысы бір» демекші, «төмен етектінің намысы бір» болуы керек еді. Оның үстіне, сайлауға екі апта қалғанда Федералды іздестіру бюросы Хиллари Клинтонның үстінен іс қозғап, оның электронды поштаны пайдалануда жасаған өрескел қателігіне тағы бір тексеру жүргізді. 6 қарашада қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ деп жарияланса да, бұл оқиғаның Хилларидің бұған дейінгі онсыз да сүйкімсіздеу имиджіне қосымша соққы болғаны рас. Осы қисынға салсақ, америкалықтардың Хиллари Клинтонды жек көруінің көп себебі бар. Ең үлкен себептерін жоғарыда санамаладық. Сөзіміздің дәлелі ретінде, өткен сайлаудың қорытындысы бойынша гендерлік, жас және этностық ерекшеліктері бойынша сайлаушылардың қалай дауыс бергеніне талдау жасап көрелік. 8 қараша күні 120 миллионнан аса америкалық тұрғын президент сайлауында дауыс берді. АҚШ-тың беделді телеарналары 25 000 мың сайлаушыны қамтыған сауалнама нәтижесінде Трамп пен Клинтонға дауыс берген сайлаушылардың жиынтық портретін жасаған. Сауалнамаға қатысқан ер адамдардың 53 пайызы Д.Трампқа, 41 пайызы Х.Клинтонға дауыс берген. Әйелдердің 42 пайызы Трампты қолдаса, 54 пайызы Клинтонды таңдаған. Қара нәсілді сайлаушылар (88 пайыз) мен испантектестердің (65 пайыз) басым бөлігінің таңдауы Хиллари Клинтонға түсті. Бұған қоса, Хиллари Клинтон жастар арасында және жылдық табысы 40000-50000 доллардан аспайтын тұрғындар арасында танымалдыққа ие екен. Бірақ осы сайлаудың нәтижесін орта және егде жастағы ақ нәсілді америкалықтар шешкен сыңайлы. Олар барлық сайлаушылардың, яғни 120 миллионның шамамен 70 пайызын құрайды. Олардың 58 пайызы Трампты қолдаған, тек 37 пайызы Клинтонға дауыс берген. Басқаша айтқанда, Трамп электораттың басым бөлігінің сеніміне ие болды. Сайлауда шешуші роль атқарған орта жастан асқан ақ нәсілді америкалықтарды «ашулы» деп сипаттауға болар. Себебі олар соңғы жылдардағы мемлекеттік жүйе саясатына наразы әрі Трамптың «Американы қайтадан ұлы мемлекетке айналдырамыз» деген ұранына иланған сыңайлы. Әзірге Дональд Трамптың қандай президент болары күңгірт. Оның халықаралық саясатта қандай бағытты ұстанарын ешкім нақты айта алмайды. Себебі бұған дейін ол саясатта ешқандай шешім қабылдауға қатысқан емес, ал сайлауалды науқан кезінде айтқан сөздері біріне бірі қайшы. Трамптың президенттігі – Америка үшін ғана емес, ғаламдық қауымдастық үшін тосын шешімдер кезеңі болғалы тұр. Трапмтың сайлаудағы жеңісін естіген кезде Ресейдің Мемлекеттік Дума депутаттары ду қол шапалақтап, қуаныш білдіруі тегін емес қой. Яғни, Кремль енді Ақ үймен қарым-қатынасында бұған дейінгі көңіл ауаны өзгереді, яғни өзіне қарсы қабылданған санкциялардың күші жойылады деп үміттеніп отыр. Киев болса, керісінше, енді Қырымды Ресейдің бөліп алуы халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалуы мүмкін деп қауіптеніп, ішін тартып қалды. Лондон Вашингтонмен «ерекше қарым-қатынасты» қайта жаңғыртудан дәмелі. Трампқа телефон соғып, жеңісімен құттықтауға асыққан Тереза Мэй Трамптың бойындағы шотландтықтың қанын Ұлыбританияның мүддесіне пайдалануды көздейді. Пекин АҚШ-пен экономикалық байланыстарын күшейтуден үмітті, Ақ үйге бизнесмен президенттің келуін жақсылыққа жориды. Астана болса, «АҚШ-пен барлық өзекті мәселелер бойынша тығыз ықпалдастық жасауға әзір екенін» мәлімдемеді. Трамп – америкалықтар үшін ғана емес, басқа елдер үшін де жұмбақ президент көрінеді. Әйткенмен, ойына келгенін айта салып үйренген Трамп бұл жұмбақтың шешуін көп ұзамай жария қылар. P.S. Иә, Брексит референдумының нәтижесі сияқты, Д.Трамптың бүкілхалықтық сайлауда жеңіске жетуі – демократияның салдары. Шындығында, халықтың еркі жүзеге аспады, авторитарлы елдердегідей сайлаушылардың таңдау жасауына қысым болды немесе дауыстарды санауда әкімшілік ресурс іске қосылды деп дауласудың реті жоқ. Егер демократия – халықтың басым көпшілігінің ерік-жігерін білдіріп, оның ұстанымын жариялау болса, онда Брексит пен Трамп – демократияның жемісі. Бірақ бұл екі шешім батыстық демократиялық институттардың осал тұстарын айшықтап берді. Себебі саяси технологиялар арқылы халықтың пікірін өзгертуге болады екен, мол қаржы мен толық ақпаратқа ие азғана шоғыр өз қолындағы билігі мен тетіктерді пайдаланып, тобырды қалаған жағына айдай алады екен. Түптің түбінде, Марк Твен айтпақшы, халық деген тобыр екен. Серкеге еріп жайылымға да, қасапқа да көзсіз ере беретін табын қой сияқты, халық өз ертеңі үшін маңызды шешімді қабылдау барысында тепкіні күшті ақпараттық насихатқа иланады екен. Бүгінгі демократияның құбыжығы да сонда – Брекситті болдыру үшін дауыс бергендер мен Д. Трампты президент етіп сайлаған адамдар бұл шешімдерінің қандай халық­аралық және ғаламдық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани салдары болатынын талдамақ тұрмақ, жүйелеп айтып бере алмайды. Бірақ олардың шешімі жүзеге асты. Ендігісі Тарихтың қолында, бұл оң шешім болды ма әлде қате болды ма – оны Уақыт көрсетеді, ал Тарих болашақ ұрпақтарға баяндайтын болады.  

Гүлбиғаш ОМАР