Тұңғыш рет «Еуразия Барысы» турнирі Алматыда өтеді

Тұңғыш рет «Еуразия Барысы» турнирі Алматыда өтеді

Тұңғыш рет «Еуразия Барысы» турнирі Алматыда өтеді
ашық дереккөзі
Биыл тұңғыш рет қазақ күресінен «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі бірінші желтоқсан күні Алматыда қаласындағы «Алматы Арена» стадионында өтеді. Осымен төртінші мәрте жалауын желбіреткелі отырған дүбірлі додаға сегіз елден, әрқайсысынан 8 балуаннан қатысады деп жоспарланған. Атап айтар болсақ, Қазақстан құрамасынан бөлек, Грузия, Моңғолия, Польша, Ресей, Иран, Өзбекстан және Түркия мемлекеті қатысады. Аталған елдердің барлығы осыған дейін де қазақ күресінің сайысында бақ сынап көрген. Естеріңізде болса, турнир алғаш рет 2013 жылы Тараз қаласында басталған болатын. Қазақстан құрамасы алғашқы жарыста және 2015 жылы жеңімпаз атанған. Тек 2014 жылы алтын «Тайқазан» Моңғолия балуандарына жол тартты. Жарыстың көркін қыздырып, жеңіл салмақтағы балуандарға мүмкіндікті арттыру үшін қазақ күресінде салмақ дәрежелер саны артып келеді. Бастапқыда «Еуразия Барысына» қатысушы командалар бес балуаннан жарысқа қоса, 2015 жылы жеті, ал биыл сегіз балуаннан белдеспек. Үш жыл бойы халықаралық дода «Тараз Аренада» өтіп, көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Биыл ұйымдастырушылар сол қызығушылықты барынша қанағаттандырып, көрермен санын арттыру мақсатында турнирді Оңтүстік Астанаға ауыстыруды жөн санапты. Сондай-ақ, биыл «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының ұйымдастыруы мен Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен өткелі отырған «Еуразия Барысы 2016» халықаралық турнирі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр. Биылғы жарысқа қатысушылар қатарында аты әлемге әйгілі балуандар аз емес дейді ұйымдастырушылар. Грузия құрамасының сапында самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Вахтанг Чидрашвили, екі дүркін Еуропа чемпионы Давид Лариошвили, сонымен қатар әлем және Еуропа біріншіліктерінің жүлдегерлері бар. Басты фавориттердің бірі саналатын Моңғолия командасында самбодан әлем чемпионы А.Байараа, дзюдодан әлемдік гран-при турнирлерінің бірнеше дүркін жүлдегері Х.Ганболд сынды және 2014 жылы «Еуразия Барысы» бәсекесінде топ жарған балуандар боз кілемге шығады. Сонымен қатар, қатысушы басқа да командалардың құрамында ұлттық жекпе жек түрлері, соның ішінде күреш, белдік күрес және тағы басқаларынан әлем чемпиондары Қазақстанға келеді. Әр команда төреші, жаттықтырушы және сегіз балуаннан құралады. Спортшылар келесі салмақ дәрежелері бойынша күреседі: 55 кг, 60 кг, 66 кг, 74 кг, 82 кг, 90 кг, 100 кг және 100 келіден жоғары аса ауыр салмақ. Балуанның жасы 18 жастан үлкен, сонымен қатар өзі намысын қорғайтын елдің азаматы болуы міндетті. Жарыс алдында қатысушылар медициналық тексеру, салмақ өлшеу, допинг-тексеру және дайындық жаттығуларынан өтуі керек. Жарыстың беделін арттыратын дәстүрлі қомақты жүлде қоры да бар. Жеңімпаз команда 10 миллион теңге иеленсе, екінші орынға 6 миллион, үшінші орынға 4 миллион теңге қарастырылған. «Еуразия Барысы» халықаралық турниріне қатысатын Қазақстан құрамасы турнирге бірнеше күн қалғанда анықталмақ. Турнирден он күн бұрын қос құрамдағы отандық балуандар Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Жиынның қорытындысы бойынша ел намысын қорғайтын үздік спортшылар анықталады.