Полицейлер бүлікке мүлдем қатыспағандарды да қамап жатыр (ВИДЕО)
Полицейлер бүлікке мүлдем қатыспағандарды да қамап жатыр (ВИДЕО)
Қызылорда қаласында жаппай тәртіпсіздікке күдікті ретінде қамалғандардың жақындары тергеу изоляторының алдына жиналып, наразылық білдірді, деп хабарлады turkystan.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Айтуларынша, бүлікке қатыспаған адамдар да қамауға алынған. Сондықтан олар шұғыл түрде жақындарын босатуды талап етеді. Ал Полиция департаментіндегілер күдікке ілінген әрбір азаматты қамауға тұрарлық қолымызда нақты дәлел бар дейді.
Жанна Беденбаева қорғаушы болып жұмыс істеген күйеуі Әділхан Беденбаевтың Қызылордадағы митингке де, жаппай тәртіпсіздікке де мүлде қатыспағанын айтады. Ол уақытта жолдасым жұмысқа барып келіп, үйде болды дейді. Алайда 11 қаңтар күні тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен қамап тастапты. Күйеуінің оған дейін желі арқылы әлеуметтік мәселелерді көтеріп, халықтың мұң-мұқтажын жариялап жүргенін айтады. Оны белсенді болғаны үшін қамауы мүмкін деп күмәнданады Жанна.
«Машинадан сызба шықты дейді. ГОВД-ның сызбасы. Мен көрген жоқпын. 3 күн бойы ұрған. Оған қарамай, санкция салып, судьялар қамап отыр», - дейді күдіктінің зайыбы.
Тағы бір тұрғын Тоты Нұрғалиева 18 жастағы студент інісінің заңсыз қамалғанын айтады. Ол тәртіпсіздік кезінде қайта таяқ жеген сарбаздарды қорғаштап жүрген дейді. Айтуынша, оны сарбаздардың өздері де мойындаған.
«Үлкен аға мен апа болды. Сол жердегі көк воротасы бар үйге военныйларды кіргіздік дейді. Оларға тиіспеңдер деп қорғадық дейді. Ініммен мамам кездесті. Мына жерден алып шығыңдаршы деп жылай берген. Сөйлесе алмаған», - дейді күдіктінің әпкесі.
Бүгін жиналғандардың көбі қамаудағы жақынымыз тәртіпсіздік болған күні ешнәрсе бүлдірмеген дейді. Ал қазір темір тордың арғы жағында оларға қысым жасалып, қорқытып, айыпты қылып отыр деп ашынады. Сондықтан бәрін бірдей үйқамаққа шығарсын деп талап қойды. Ал Полиция департаментіндегілер дәлелдер болғандықтан, азаматтарды қамауға алдық дейді.
«Қылмыстық процестің заңнама талаптарына сай, прокуратурамен келісілген. Мәжбүрлеу шаралары тергеу сотымен санкцияланған. Ем алып болғаннан кейін ұсталғандар бар. Ем алып жатқандар жоқ. Денсаулықтары дұрысталғаннан кейін ұсталғандар бар», - дейді Қызылорда облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Исембекұлы.
Ал бірақ Әлия Мұқанова жолдасының аяғына оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен қамап тастады дейді. Айтуынша, қазір жолдасының жарақаты іріңдеп кеткен.
«Тігісін ерте алып қойған. Сол жыртылып, іріңдеп жатыр дейді. Аяғына ота жасау керек десе, қайтадан хирургты жіберіп жатыр. Сонда оның өліп қалғанын күтеміз бе?» - дейді күдіктінің зайыбы.
Тағы оқи отырыңыз: Қызылордада емізулі баласы бар әйел изоляторға қамалған
Жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен облыста 99 адам ұсталып, олардың 22-сі қазір үйқамаққа ауыстырылған. Бірақ тергеу камерасында күдіктілерді ұрып-соққан дерек жоқ дейді департамент басшысының орынбасары.