Зейнетке жақындағандарды жұмысқа алған мекемеге субсидия төленеді

Қарағанды облысында биыл «Күміс жас» республикалық жобасы іске қосылады. Бұл бағдарлама зейнет жасына дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыруға септеспек, деп жазды turkystan.kz.

Биылғы жылға жоспар – 534 адам. Жұмыс берушілерге осындай қызметкерлердің жалақысы 30 АЕК мөлшерінде субсидияланатын болады. Әдетте, қандай да бір себептермен жұмысынан айырылған аға буын өкілдеріне еңбекке қайта орналасу өте қиын. Жаңа жоба осындай жұмыссыздарға зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнын табуға көмектесуге арналған.

«Өңірде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша субсидияланған жұмыс орындары құрылатын болады. Атап айтқанда, аға буынға «Күміс жас» жобасы жұмысқа орналасуға көмектеседі. Біз зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыс іздеушіні жұмысқа қабылдауға ниет білдірген жұмыс берушінің жалақысын субсидиялаймыз. Жыл бойы ай сайын мемлекет тарапынан 30 АЕК төленетін болады. Бұл – 91 890 теңге», – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek электрондық еңбек биржасына жүгіну қажет.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button