Алматыда әскерилер «өлсеңдер, өле беріңдер» деп халыққа оқ жаудырған (ВИДЕО)

Алматыда әскерилер «өлсеңдер, өле беріңдер» деп халыққа оқ жаудырған (ВИДЕО)

Алматыда әскерилер «өлсеңдер, өле беріңдер» деп халыққа оқ жаудырған (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Журналист Гүлмира Әбіқай Facebook-тегі парақшасына әскерилердің қолынан қаза тапқан отбасының жантүршігерлік оқиғасымен бөлісті, деп хабарлады turkystan.kz. Оның айтуынша, Тарғап елді мекенінде жеңіл көлікті қоршап алған 20-ға жуық әскерилер ескертусіз оқ жаудырған. Салдарынан 7 адамның екеуі оқиға орнында мерт болған. Тарғап - Алматыдан 90 шақырым қашықта жатқан шағын ауыл. Алматы - Бішкек - Ташкент күре жолының бойында орналасқан. 7 қаңтарда жеңіл көлікке мінген 7 адам Алматыдан Түркістан өңіріне қазаға аттанады. Комменданттық сағатқа дейін діттеген жерге еркін жететініне сенімді бір әулеттің 7 адамы Тарғапқа шамамен түскі 12-де тоқтайды.
«Біз дәмхана алдына тоқтаған тұста КамАЗ-дан әскерилер секіріп түсіп, қарсы бетке өтіп жатқанын көрдік. Есікті ашқанымыз сол еді, көлікті 20 шақты әскери қоршап, оқ жаудырды. Шамамен 100 шақты оқ атылды. Автомат дауысы саябырсығанда мен шағылған терезеден қолымды шығарып «Атпаңдар!» деп ишара жасадым. Көлік қарсы беттегі жанармай құю бекетіне барып тірелген екен. Шыққаным сол еді, тағы оқ жаудырды, бак артына тығылып, жамбасым жараланып, аман қалдым. Бәрі жап-жас қазақтың жігіттері. Көбісі қазақша сөйлеп жүр, арасында орысшасы да бар. Есімде қалғаны, «Өлсеңдер, өле беріңдер, бізден де қанша адам өліп жатыр...» деп айтқанын естідім», - дейді хат иесі Еркеғали.
Журналистің айтуынша, бір әулеттен 2 адам қаза тапты, анасы мен әкесінің бауыры. Туған аға-жеңге, әпкелері көз алдында жер бауырлап жатып, психологиялық шок алған.
«Өзі жараланған күйі жолшыбай көлікпен Ұзынағаш ауруханасына жеткізілген, дегенмен қазір үйінде емделуде. Көлік Жамбыл аудандық айып тұрағына тоғытылды. Түлкібасқа қазаға барамыз деп, Сағындықовтардың өзі қаза жамылды», - дейді журналист.
Жәбірленушінің айтуынша, бәрінен бұрын анасының жаңбырша жауған оқтан көз жұмғаны жанына батады.
«Содан бері бір адам бізден жағдай сұраған жоқ. Оқ жаудырған кімдер, мақсаты не? Кім кінәлі? Біздің жазығымыз не? Бәрінен бұрын 80-ге тақаған жасында аяулы анамыздың жаңбырша жауған оқтан мерт болғаны жаныма батады», - деп шырылдайды Еркеғали.