Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісудің күшін жоюды ұсынды
Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісудің күшін жоюды ұсынды
Сенаторлар мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттігінен бас тартуды ұсынды. Бұл норма «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» конституциялық заңда жазылған, деп хабарлады turkystan.kz.
Сенат отырысында депутаттар «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» конституциялық заңға түзетулерді мақұлдады, сондай-ақ «Қауіпсіздік Кеңесі туралы» және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңдарға бұрын Мәжілісте ұсынылған түзетулерді мақұлдады. Түзетулерге сәйкес, Елбасын Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалық ету құқығынан айыру көзделген.
Сенаторлар өз ұсынысын қосып, заң жобасын Мәжіліске қайта қарауға қайтарды.
«Сенаторлар қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА-ны Мемлекет басшысы лауазымы бойынша басқаруы тиіс деген заңға енгізілген түзетулерді қолдады. Сонымен қатар, Сенатта заң жобаларын қарау нәтижелері бойынша депутаттар қосымша тағы бір түзетуді ұсынды.
«Тұңғыш Президент туралы» заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Елбасымен келісілуі тиіс деген норманы алып тастау туралы шешім қабылданды.
Осылайша, заңнамаға ұсынылып отырған мерзімінен бұрын өзгерістерді тұжырымдамалық мақұлдаған Сенат заң жобасын осы түзетумен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.
«Елбасы туралы» заңның қалған барлық нормалары өзгеріссіз қалады», - деп түсіндірді сенатор Ләззат Сүлеймен.
Енді бұл түзетуді Мәжіліс депутаттары қарап, қабылданған жағдайда, заң жобасы Президенттің қол қоюына жіберіледі.