Сот экс-әкімді мерзімінен бұрын босатудан бас тартты

Сот экс-әкімді мерзімінен бұрын босатудан бас тартты

Сот экс-әкімді мерзімінен бұрын босатудан бас тартты
ашық дереккөзі
Павлодардың қылмыстық соты облыстың бұрынғы әкімі Болат Бақауовты шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты, деп жазды turkystan.kz қалалық №2 қылмыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Болат Бақауов бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш берді. Өтелмеген мерзім – 1 жыл 6 ай және 22 күн. Сотта оның мерзімінің жартысын өтегенін және мерзімінен бұрын босатылуға құқығы бар екені айтылды. Бұрынғы әкім 5 баласының барын, оның төртеуі кәмелетке толмағанын, сонымен қатар, 2 немересі бар екенін айтты. Адвокаттар соттан экс-шенеуніктің өтінішін қанағаттандыруды сұрады. Алайда сот Болат Бақауовты мерзімінен бұрын босатудан бас тартты. Заң бойынша ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағаны үшін сотталғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынған.
«Жоғарғы Соттың «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысына сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босату ҚР ҚК-нің 72-бабы 8-бөлігінде көрсетілген сотталғандарға қолданылмайды. Сот сотталған Б.Ж. Бақауовтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты», - деп түсіндірді №2 соты баспасөз қызметінің өкілі.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың мамырында Болат Бақауов лауазымын асыра пайдаланғаны үшін сотталған болатын. Павлодар облысы экс-әкімінің жаза мерзімі 2023 жылдың тамызында аяқталады.