Жедел жәрдем көлігін жүргізушілер мардымсыз айлыққа наразы

Жедел жәрдем көлігін жүргізушілер мардымсыз айлыққа наразы

Жедел жәрдем көлігін жүргізушілер мардымсыз айлыққа наразы
ашық дереккөзі
Ақтауда жедел жәрдем көлігінің бір топ жүргізушісі жалақысының аздығын айтып наразылық білдірді, деп хабарлады turkystan.kz. Өңірлік mangystaumedia.kz сайты жүргізушілердің жалақысы 8 жылдан бері еш өзгермегенін жазды. Мардымсыз айлыққа наразы Маңғыстау облысының жедел жәрдем жүргізушілері айлықты көтерсін деген талап қойды.
«Еңбекақы бір тиын да көбеймейді, ал азық-түлік пен киім-кешектің бағасы шарықтап барады», - деп налыды олар.
Жүргізушілер медицина қызметкері санатына қосылмағандарына да ренжулі.
«2014 жылдан бері айлық көтерілген жоқ. Әр жылы осы мәселе бойынша жылдың басында жиналамыз, олар уәде береді. Осы жылда да берді ғой уәдені, бірақ құжат жүзінде әлі ештеңе шешілмеген», - деді жедел жәрдем жүргізушісі Ержан Меңдалиев.
Олардың кәсіподақ жұмысына да көңілдері толмайды. Ал облыстық жедел жәрдем станциясының директоры жүргізушілердің жалақысын 2020 жылдан бері өз қаражатымыздан көбейтіп келе жатырмыз деген уәж айтты.
«Республика бойынша басқа өңірлерде жүргізушілер 78 мың теңге жалақы алады. Ал біз мекеменің атынан жүргізушілердің айлық жалақысына 2020 жылы 12 мың теңге қостық. 2021 жылы 13 мың теңге қостық. Сонымен, жүргізушілердің жағдайын ескеріп, мекеменің атынан өздерінің Үкімет бекіткен айлық жалақысынан бөлек, 25 мың теңге төленіп келді», - дейді Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының директоры Айларбек Шыршықбаев.
Осы жылы Үкімет бекіткен айлық жалақының үстіне 50 мың теңге қосып төлейміз дейді мекеме басшысы.