«Қасіретті қаңтар оқиғасына жалған статистика кінәлі» – депутат

«Қасіретті қаңтар оқиғасына жалған статистика кінәлі» – депутат

«Қасіретті қаңтар оқиғасына жалған статистика кінәлі» – депутат
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев қасіретті қаңтар оқиғасының мемлекеттік органдар берген статистиканың шындыққа жанаспауынан орын алғанын мәлімдеді, деп жазды turkystan.kz.
«Халықтың қаңтардағы бейбіт наразылыққа шығуы азық-түлік және басқа да тауар бағасының көтерілуімен байланысты болғанын біліп отырмыз. Үкіметтің шешім қабылдаудағы кемшіліктерінің бірі – жалған және дәл емес статистиканы қолдануы. Статистика елде болып жатқан барлық оқиғалардың айнадай көрінісі болуы керек. Ал бізде ол көп жағдайда қолдан жасалады. Мәселен, статистер тамыз-қыркүйек айларында картоптың 3 есе қымбаттағаны туралы естімеген сияқты», - деп мәлімдеді Елнұр Бейсенбаев.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елдегі орташа жалақы 257 мың теңгені, ал халықтың жан басына шаққандағы атаулы табысы шамамен 131 мың теңгені құрайды. Алайда кәсіпкерлермен кездесуде Президент халықтың жартысының ай сайынғы табысы 50 мың теңгеден аспайтынын және мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін еместігін атап өтті.
«Бұл сандар статистиканың бір екенін, ал нақты жағдай мүлдем басқа екенін айқын көрсетеді. Сол бюроның деректері бойынша, 2021 жылы Қазақстандағы жұмыссыздар саны шамамен 451 мың адамды құрады. Олардың ішінде 78 мыңға жуық жұмыссыз жастар бар. Менің пікірімше, елдегі жұмыссыздар саны әлдеқайда жоғары. Ал ондағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі әртүрлі жалған көрсеткіштермен жасырылған», - деп санайды депутат.
Елнұр Бейсенбаев «төмен экономикалық белсенділік», «өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар», «NEET санатындағы жастар» сияқты терминдерден арылу және осы адамдарды жұмыссыз ретінде қарау керек деп есептейді. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты статистика саласындағы ашық және әділ іс-қимылдардың жаңа тәртібін айқындау қажеттігін айтты.